00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Министрлер мен әкімдер Қараманов пен Құл-Мұхамедтен үлгі алсын

23.11.2023 | 04:30
106

Қазақстанда әскерге шақыру әлекке айналды. 2021 жылы мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс 215 мың жігіттің 32 мыңы ғана сапқа тұрған, деп хабарлады Elorda.info 

Одан кейінгі жылдың қорытындысы да ойдағыдай болмады. Мәселеге Сенат депутаттары назар аударды. «Мерзімді әскери қызметке бармау үшін себеп пен сылтау жеткілікті, сондықтан шақыруды кейінге қалдыру негіздемелерін қайта қарау қажет» деді сенаторлар.

Осы мәселе жақында Парламентте тағы көтерілді. Бұл жолы төменгі палата тарапынан. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов әскерге алынатын негізінен ауыл жастары екенін, не министрдің, не әкімнің баласы әскер қатарында дегенді естімегенін айтты. 

Айтыскер депутаттың уәжі орынды. Қолында билігі бар шенеунік баласын Отан қорғаушы сапына қосқысы келмейді. Одан сытылып кетуінің түрлі жолын қарастырып, тамыр-таныстық пен тағы басқа тетіктерді іске қосады. Ал, кезінде жай министр тұрмақ, Премьер-министрдің баласы қатардағы жауынгер болуға аттанған. 

Кеңес Одағы әлі тарқамаған, бірақ одақтас республикалар бірқатар еркіндік алған тұста Қазақстан үкіметін Ұзақбай Қараманов деген тұлға басқарды. Бұл – ең қиын заман. Халық жаппай жоқшылыққа, өндіріс тоқырауға ұшыраған. Күні-түні жанталаса жұмыс істеген Ұзекеңнің өз отбасында не болып жатқанын білуге мұршасы келмеген. Сол кезде үшінші ұлы әскерге алынады.

Оған дейін үлкендері Асқар Балтық бойында екі жыл армия қатарында жүрді. Екіншілері Нұрлан Шығыс Германиядағы кеңес әскерінің шектеулі контингенті сапында қызмет етті. Енді міне, Дәулет аттанды.    

Ол кездегі Кеңес Армиясының кетеуі кеткен. Әскер қатарында әлімжеттік ұлт-ұлтқа бөлініп қырқысуға айналған. Әскербасылар «қай жеңгенің – менікі» деген ұстанымды сақтаған. Осы тұста үкімет басшысы баласын солдат болудан сақтап қалмайды. Қай әскери округке түседі, қандай құрылымда қызмет етеді, онда да шаруасы болмаған.

Украинада солдат болып жүрген Дәулеттің бөлімі күзде астық тасуға Қостанайға жіберіледі. Баласынан сондай хат келгенде Қараманов Қостанай облысындағы бір басшыға бұл туралы тіс жармаған. Шыдамаған соң Дәулеттің анасы Ұлдай өзі жолға шығады.

Ұлдай апа бір ауданның қиырдағы шаруашылығында қырманнан элеваторға астық тасып жүрген авто батальонды табады. Командир ана мен солдат баласын тек түнгі сағат 1: 00-де жолықтырады. Баласы ақсаңдай басып келеді. Аяғын шешкізіп қараса, керзі етік қажап тастаған екен. 

Медицина саласында жұмыс істеген ана дереу баласының аяғындағы жараға қажет ем-дом жасайды. Содан әскери бөлім командирі Ұлдайдан қайдан келгенін, отбасын сұрастырады. Бұл кісі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің зайыбы екенін естігенде көзі шарасынан шыға жаздайды. 

Солдатқа «әкең үкімет басшысы екенін неге айтпағансың» деп таңырқап қарайды командир. Дәулет «Премьер-министр мен емеспін ғой. Әкемнің әскери қызметіме қатысы қандай?» деп жауап берген. 

Жалпы Қостанайда астық тасыған әскери қызмет оның өмірінде текке кетпеді. Дәулет кейін Көлік академиясын бітіріп, сол салада жауапты қызметтер атқарды.  

Қарамановтың өнегесі қазіргі басшыларға неге жұғысты емес? Егер министрлер мен әкімдер ұлдарын жаппай әскерге жіберсе, депутат Зайытов мұндай сауал тастамас еді. Түптеп келгенде армияның жағдайы, жабдықталуы, тәртібі жақсарар еді.

Десе де Қарамановтан үлгі алған аз-маз тұлғалар бар. Оның бір-екеуін қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутаттар алдында атап өтті. 

Министр айтқан мысалды біз де жақсы білетін едік. Алдында Мемлекеттік хатшы, одан Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы болған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы Қапшағайдағы десант бригадасында қызмет етті. Отан алдындағы борышын өтеген соң АҚШ-та әскери мектептің курсанты атанды. Баласын әскерден алып қалуға Мұхтар Абрарұлының беделі былайынан жететін. Бірақ ақылды әке ұлының нағыз шыңдалудан өткенін хош көрді. Әрі әскери қызметтегі жағдайын білуге жанығып та отырмады.

Міне, қазіргі билікте жүрген ұлдарына "аса қамқор" әкелер Қараманов пен Құл-Мұхамедтен тағылым алса дейміз.

Қайнар ОЛЖАЙ. 

Барлық жаңалықтар