00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымында төрағалығын бастады

05.07.2023 | 09:47
48

Көбіне біз Шанхай ынтымақтастық ұйымына халықаралық актор ретінде маңыз беріп, назар аудара бермейміз. Сол себепті болар, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жуырда аталған ұйымның кеңейтілген жиынында, ұйымның жиырма жылдық тарихында бірде-бір рет ірі көлемде экономикалық жобаның жүзеге аспағанын қынжыла жеткізді. Егер Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) қандай мүмкіндікке ие екендігін білсе, бәлкім, Президент ұсынған кешегі жиындағы стратегиялық бағыттарына үлкен ыждахаттықпен қоғамдық-сарапшылық ортада мән беретін еді.

Жалпы Еуразияның 65%, яғни 35 млн шаршы шақырымы енетін аумақ, дәл осы ШЫҰ мүшелеріне тиесілі. 3,5 млрд халықты иеленетін әлемдегі екінші экономика мен ішкі жалпы өнімі бойынша үшінші орынды, тұтынушылық паритеті бойынша бірінші қатардан табылатын мүшелері бар ұйымның халықаралық аймақтық потенциалы зор. Әлем державаларының тең жартысы Ресей, Қытай, Үндістан, Иран елдері бастап тұрған ұйымның халықаралық саяси аренада көрінбесе де, аумақаралық жұмыстарында, консенсустық диалогтарда өз мүдделерін анықтап келеді. 

ШЫҰ әскери блок болмаған соң да, АҚШ немесе НАТО сияқты алыптар ұйымның әр қадамынан ілік іздеуге тырыспайды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені ШЫҰ-ның стратегиялық мақсаттары негізінен, аумақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық, лаңкестікпен, экстремизмен, сепаратизммен күрес, экономикалық өзара әрекеттістіктің дамуы, энергетикалық әріптестік, ғылыми хәм мәдени байланыстардың ықпалдасуы болған. 

Былтыр ШЫҰ-ның ережесіне сәйкес, төрағалық тізгінді Үндістан Республикасы ұстаған еді. Биыл шілдеден бастап, бір жылдық төрағалықты біздің ел атқаратын болады. 

Жауапты міндеттемені мойнына алған Қазақстан, бірнеше маңызды ұсыныстар пакетімен ерекшеленді. Атап айтқанда, біздің Президент төрағалық міндетін пайдалана отырып, ұйымның Тұрақты өкілеттіктер кеңесін құруды ұсынды. Бұл, меніңше, дер кезінде оперативті шешімдер мен қажетті қадамдарды кеңесе отырып қимылдауға ықпалын тигізеді. Себебі, ұйымда бұдан өзге бес арнайы ресми қатысуды қажет ететін кеңес пен ақылдасу жиындары жасақталған болатын. Жалпы бұл ұсыныс, құрылымдық өзгерістер арқылы ұйымның стратегиялық маңызды бағдарламалардың орындалу мүмкіндіктерін күшейтеді деген сенімге итермелейді. 

Президент тағы да ШЫҰ-ның көшбасшы мүшелеріне «Әділетті бейбітшілік пен келісімнің әлемдік бірлігі» бастамасын көтерді. Осы бастаманың түп мақсаты, ШЫҰ саяси әрі экономикалық, геосаяси кеңістіктегі өзгерістерге нақты ұйымның бірыңғай ұстанымын көрсетуге бағытталуы болмақ. Бұл жерде ұйымның халықаралық мәртебесін жоғарылату әрекеті байқалады.  Мәселен, қазіргі Еуропалық кеңесі ұйымының халықаралық тәжірибесін алсақ болады.  

Сонымен қатар, ұйымның басты бағыттарынан шықпай, Қазақстан тарапы трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән беруге, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға, 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясымен, оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынып отыр. Әрине, бұған қоса Ауғанстан талибтік режимінің салдарынан, аумақтық гуманитарлық мәселелердің асқынғанын да ескеруі қажеттігі туындады. 

Айтпақшы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін ұйым шеңберінде Инвестициялық қор құру ұсынылды. Сөзсіз, бұнда мемлекеттердің географиялық байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы - тұтас аймақтық экономиканың бірін-бірі толықтыруға септігін тигізетін анық.

Жалпы, ШЫҰ-ның келелі жиынында жаңа төраға, алдағы уақытта Астанада Энергетикалық форум өткізуге, цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді яғни «электронды үкімет» платформаларын қазақстандық тәжірибенің мүмкіндіктерін қолдануға, сол үшін Цифрлық форум өткізуге шақырды. Соңғысына негіз болып отырған Қазақстанның БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексі бойынша 28-орынды иеленуі. Бұл  ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен салыстырғанда  ең жоғары көрсеткіш болды. 

Сонымен қатар, «ШЫҰ-ның экология жылын» анықтап, экологиялық ынтамақтастықты күшейту бағыттары, «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасы арқылы өзара мәдени-тарихи байланысты арттыратын туристік бағдарламалардың қолға алынуы, ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясын Түркістанда өткізу мәселесі де айтылды.   

Туризм демекші, туристік-мәдени байланыстарды Қазақстанға жақындату үшін, Президент Алматы қаласын ШЫҰ аясында «мәдениет пен туристік астанасы» етіп жариялауды ұсынды. 
Тың ұсыныс пен бастамаларды алға тартқан төрағалықтың алғашқы қадамдары осылайша көрініс тапты. Айта кететін жайт, Президент әлемдік бүгінгі және келешек қауіп-қатерлерді ескере отырып, ұйымның жаңа даму стратегиясын даярлап, алдағы Астана саммитінде ұсынатындығын жеткізді.

Мақсат ЖАҚАУОВ, 

саясаттанушы

Барлық жаңалықтар