00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қазақстанда жер көп, бірақ ауылда жер жоқ…

25.02.2023 | 01:03
Елорда ақпарат
48

Қазақстанның халқы аз, жері кең болғанмен, қазір мал бағатын, егін салатын жер ала алмай сандалып жүрген азаматтар аз емес.

Елорданың іргесі жыл сайын кеңейіп, тұрғылықты халқы көбейіп келеді. Жан санының артуына ілесіп қаланың инфрақұрылымы мен азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне түсетін салмақ та артқаны белгілі. Әсіресе, бас қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету елорда Есілдің жағасына ірге тепкен күннен бастап маңызды мәселеге айналған. Сол себепті «Елорданың азық-түлік белдеуі» құрылып, оған мемлекет тарапынан қыруар қаржы да бөлінген-тұғын. Алайда бұл жобаның атқарылуымен елорданың азық-түлік мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Атап айтқанда, Арқа төсіне астана салғанымызға 25 жыл болғанмен, бас қаланың басты азық-түлігін әлі күнге дейін алыс аймақтардан, керек десеңіз, шетелден тасимыз. Өйткені астананың төңірегіндегі ауыл, аудандарда өндіріс әлі де тұсаулы аттай тыпырлап тұр.

Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, жастардың көбі ірі қалаларға қарай ағылады. Тіпті жұмыс іздеп шетел асып жатқандары да бар. Ауылдан жастар кеткеннен  кейін қарттар да иен қалған елді  мекендерде тұра алмай, шарасыздықтан қалаға қарай жылжиды. Сосын да шығар қазір елордада ауылдан көшіп келіп үй жалдап отырып жұмыс істейтіндер өте көп. Бас қалада жұмыс істейтін баласына қара тартып, елордадан үй сатып алып жатқан зейнеткерлер де аз емес.

Ауылдан қалаға көшу әлемдік үрдіс екені рас. Алайда біздің елдегі көштің жағдайы бұған ұқсамайды. Меніңше, ауыл тұрғындары ауылдан безгеннен емес, керісінше, шарасыздықтан көшіп жатыр. Ауылда жұмыс жоқ, жоғары білімі бар жастар ештеңесі жоқ, инфрақұрылымы күйреген ауылдарға барғысы келмегендіктен, оқу сапасы, емдеу шарт-­жағдайы да нашар. Кітапхана, мәдениет үйі, кинотеатр сынды рухани орталықтарды айтпай-­ақ қояйық, ауылда жөні түзу баспана да жоқ. Көбі – кеңес өкіметі кезінде салынған көне үйлер. Алды құлап жатыр. Былайша айтқанда, ауыл мен қаланың арасындағы парық жер мен көктей. Үкімет ауылды дамыту үшін қабылдаған бағдарламалар ауыл мәселесін түбегейлі шешеді деп айта алмаймын. Ауылдағылардың көбі қарттардың зейнетақысымен күн көріп отыр. Меніңше, ауылдарды сақтап қаламыз десек, ауылдарға қаладағымен бірдей жағдай жасау керек...

...Қазір елордада сүт, жұмыртқаны алыс аймақтардан тасып әкелсе, елорда маңындағы ауыл тұрғындары сол өнімдерін сата алмай отыр. Оны қалаға өзі әкеліп сатқанмен, жол шығынын көтермейді. Сондықтан әр ауылдан шағын болса да ауылшаруашылық өнімдерін жинайтын шағын орталықтар құрылуы керек, - дейді зейнеткер Бақытжан Дүйсенұлы.

Ал ақын Ауыт Мұқибектің айтуынша, ауыл тұрғындарын тұралатып отырған – шикі заңдар мен басшылардың әрекетсіздігі. 

Кесіп айтайын, біздің ауыл тұрғындарын тұралатып, адымын аштырмай отырған – шикі заңдар мен осындай жетесіз басшылар. Президент Қасым­-Жомарт Тоқаевтың «Жер шетелдіктерге берілмейді!» деген тарихи шешімінен кейін Жер кодексіне өзгертулер енгізілді. Жаңа кодексте 46­-баптың үш нормасы қалды да, қалған 37, 97 және 100­-баптар алынып тасталды. «Қандас» мәртебесінің бір жылға қысқаруына байланысты арғы беттен оралған ағайындар енді Қазақстан азаматтығын алған соң, аталған кодекске сай, жергілікті халықпен бірдей жер телімдерін ала алады. Бірақ ауыл халқына шаруашылық жүргізу мақсатында жер беруге келгенде жергілікті атқарушы биліктің ниеті де, Жер кодексінің жер беру шарты да бәлендей өзгеріп кеткен жоқ, сол ескі күйінде қалды.

Енді қолданыстағы жаңа Жер кодексіне келсек, аталған кодекстің 48 ­бабында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге, облыстық маңызы бар қалаларға қоныстанған қоныс аударушыларға жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сауда­-саттықсыз (аукционсыз) беру көзделген. Бұл өте дұрыс. Ал алыс-­жақын шетелден көшіп келген қандастарымыз үшін, өкінішке қарай, мұндай жеңілдік норма қарастырылмаған. Бұл дұрыс емес. Арғы беттен оралған қандастарымыз ондай жеңілдікпен жерге қол жеткізу үшін алдымен Үкімет айқындаған өңірлерден тыс облыстарға қоныстанып, тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алуы керек. Содан соң олар Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударып, «қоныс аударушы» атануына тура келеді. Бұл күнде өкімет айқындаған облыстардан, өзге өңірлерден жерді жерден шұқысаң да таппайсың, бәрі қолды болып кеткен... – дейді Nur Otan партиясының мүшесі Ауыт Мұқибек.

P.S: Қазақстанның халқы аз, жері кең болғанмен, қазір мал бағатын, егін салатын жер ала алмай сандалып жүрген азаматтар аз емес. Жердің көбін шенділер мен олардың тамыр-танысы, қалталылар иемденіп алған. Ауылдың іргесіне дейін егін салып, ауыл тұрғындары сауып отырған жалғыз сиырының құйрығынан ұстап бағатын жағдайға жеткен. Ауыт мырза айтқандай, ауыл, аудан әкімдері жер жөніндегі саясатты дұрыс түсінбейді.

Elorda club қонақтарының бұдан да өзге өзекті ой-пікірлерін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар. 

Қалиакбар Үсемханұлы 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар