00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Елордалық жедел жәрдем стансасы қалай жұмыс істейді? (ФОТО)

17.06.2023 | 09:30
132
фото: Оңалхан Өнерхан

Қоғамда «Жедел жәрдем жедел емес» деген түсінік бары жасырын емес. Бірақ ауру мазалап, денемізден ыстық көтерілсе, дереу жатталып қалған сол бір нөмірін тереміз. Тезірек «103»-ке қоңырау шалсақ, сол сәтте дерттен айығып кететіндей боламыз. Үлкен қалада бұл қызметке тіпті дамыл жоқ. Аурудың алдын орап, сан түрлі сырқатқа дауа табатын жедел жәрдем қызметкерлерінің  шақыртудан бөлек тыныс-тіршілігі көбіне беймәлім. Астана қалалық Жедел жәрдем стансасының ішкі тынысымен Elorda.info тілшісі танысып қайтты.

Орталық жедел жәрдем стансасының ғимараты ЭКСПО мен республикалық бас мешіттің ортасында бірден көзге түседі. «103» деп жазылған маңдайшасы ғимарат ішінде барлығы асығыс жұмыс істеп жатқанын сездіреді. Ғимарат ішіне кірген бойда стансаның бас дәрігері отыратын орынды көзіміз шалды. 

КОРИДОР.jpeg

Микрофоны қосулы дәрігер бригада мүшелеріне түскен шақыртуларды хабарлап отыр. Қандай кабинеттер бар екен деп жан-жағымызға қарағанда, күнде таңертен бригада мүшелерінің қатысуымен өтетін шағын жиналыс орнын байқадық. Сол сәтте Есіл ауданы стансасының меңгерушісі алдымыздан шықты. 2021 жылдан бері бұл қызметте жүрген Ирисдавлат Худайберганов бүгінде аудан бойынша 23 бригада жедел қызмет көрсететінін айтты.

Бізде жалпы 180 қызметкер бар. 23 бригада жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Күнде қызметкерлермен жиын өткізіп, соңғы тәуліктегі келеңсіз оқиғалар туралы талқылаймыз. Бір қынжылтатыны адамдар арасында «емханаға барғанша, жедел жәрдем шақыра салайық» деген түсінік бар. Ал біз тек «жедел көмекке» асық адамдарға баруымыз керек. Мысалы, Израильде олай емес. Онда шұғыл ем қажет болмаса да жедел жәрдем шақырса, біздің теңгемен 14 мың теңге айыппұл төлейді. Бүгінде терезеден абайсызда құлап кету және суға бату оқиғалары көп. Сондықтан халықты абай болуға шақырамыз, - дейді Есіл ауданы бойынша стансаның меңгерушісі. 

ЗАВЕДУ.jpeg

Әңгіме барысында өкпе-жүрек реанимациясын сәтті жасаған бригада белгілі бір көлемде сыйақы алатынын білдік. Меңгеруші кабинетіндегі түрлі алғыс хат, медаль мен кубоктар стансадағы бригада мүшелерінің спорттық сайыста да белсенді екенін көрсетеді. 

МАРАПАТ.jpeg

Сұхбаттан кейін дәлізге шыққанда шақыртудан келген бригаданың ас бөлмесінде жүрек жалғап жатқанын байқап қалдық. 

КУХНЯ.jpeg

Асығыс тамақтанған қыз-жігіттер ұзақ отырмастан келесі шақыртуға дайындықты бастады. Дәрі-дәрмек қоймасына барып, алғашқы көмекке қажетті жабдығын толықтырды. 

СУМКА 1.jpeg

Медициналық жәшікті жабдықтау жөніндегі фельдшер Тоғжан Қадірхан күн сайын компьютер арқылы қолданылған дәрілерді бақылап, фельдершерге дайындап қояды. 

СУМКА 2.jpeg

Әр бригада жұмыс ауысымы аяқталғанда осында келіп, дәрілерді толтырады. Біз оны белгілеп, базаға қосамыз. Біз компьютердегі бағдарлама арқылы қандай шақыртуда не қолданғанын көре аламыз, - дейді Тоғжан Қадірхан.

СУМКА 3.jpeg

Ғимараттың екінші қабатына көтеріле бергенде станса бас дәрігерінің дауысын естідік, ол бос бригада баратын шақыртуды жариялады. Жаңа ғана тамақтанып, тынығып отырған бригаданың екінші шақыртуға кетіп бара жатқанын көріп, дамылсыз жұмыс екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. 

ВЫЗОВ.jpeg

Бұдан соң күнде жедел жәрдем жүргізушілерін наркологиялық тексерістен өткізетін бөлмені көзіміз шалды. 

НАРКО.jpeg

Жұмысқа шыққан жүргізуші таңертең осы бөлмеде дәрігер тексерісінен өтеді, кейін жол парақ алу үшін басқа бөлмеге өтеді. 

ЛИСТ.jpeg

Әрі қарай әр бөлмеден «гардероб», «комната отдыха» деген жазуларды байқадық. Мұнда әйел және ер азаматтардың жеке киім ауыстыру бөлмесі бар. 

ГАРДЕРОБ.jpeg

Одан бөлек қаз-қатар жатын орны қойылған тыңығу бөлмесі. Бірақ ол бөлмелерде демалып жатқан ешкімді көрмедік.

ОТДЫХ.jpeg

Тынымсыз жұмыста аяқ созып демалатын уақыт болмайтын сияқты. Екінші қабаттан ешкімді байқамаған соң, үшінші қабатқа көтерілдік. 

ДИСПЕЧЕР.jpeg

Дәлізден бір мезетте бірнеше адам сөйлесіп жатқанын естіп, диспетчерлер отырған  жаққа беттедік. Бізді  қалалық Жедел жәрдем стансасының ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Собир Наркулов қарсы алды. Қызметкерлерге бөгет болмас үшін дауысымды ақырын шығарып, диспетчер қызметі туралы айтуды өтіндім. 

ДИСПЕЧЕР 1.jpeg

Бізге қала бойынша бір тәулікте 4 мыңға жуық шақырту түседі. 2 мыңнан аса шақыртуға бригада барса, қалғаны диспетчерден  кеңес алады, өйткені олар шұғыл шақыртуға жатпайды. Кешкі 18-00-ден бастап түнгі 03-00 аралығында шақыртулар саны артады. Ал негізі күнде 10-12  диспетчер шақырту пультінде отырады. Демалыс және мереке күндері қаладағы эпидахуалға байланысты диспетчерлер саны көбейеді. Олар науқастың мекен жайын анықтаған бойда аудан бойынша жұмыс істейтін басқа диспетчерге ақпаратты жолдайды. Дәл осылай жақын маңдағы бригада көмекке барады, - дейді Собир Наркулов.

ДИСПЕЧЕР 2.jpeg

Сұхбат барысында қаз-қатар отырған диспетчерлердің бір-бірімен әңгіме айтатын уақыты жоқ екенін байқадық. Құлаққаптарын киіп алған олар маңызды сұрақтарды қойып, мұқият жұмыс істейді. Ал олардан сәл алшақ отырған 5 қызметкер әр аудан бойынша шақыртуларды бағыттап отыр. 

ДИСПЕЧЕР 3.jpeg

ДИСПЕЧЕР 4.jpeg

Қажетті мәлімет алған соң, қызметкерлер жұмысына кедергі келтірмес үшін бөлімнен дереу шығып кеттік. Төртінші қабатта алғашқы көмек түрлеріне жеке-жеке үйрететін оқыту орталығы бар екен. Әкімшілік пен Оқыту орталығы орналасқан қабат та тым-тырыс. 

КОРИДОР 2.jpeg

Әр бөлме «Базалық реанимация», «Жүрек-қантамырлық өкпе реанимациясы», «Жарақаттар кезінде емдеуге дейінгі көмек», «Балаларға кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы», «Көлікті қауіпсіз жүргізу» тақырыптарына жеке-жеке арналған. 

WhatsApp Image 2023-06-14 at 15.53.16.jpeg

Мұнда қойылған манекендердің тіпті есімдері де бар. Біз көрген маникеннің есімі Анна екен. Бірақ, өкінішке қарай, әр саланың нұсқаушылары оқуда болғандықтан, орталықтың жұмысымен Андрей Сильченко таныстырды. Ол жүргізушілерді қауіпсіздікке үйретеді. 

ИНСТРУКТОР.jpeg

Жұмысқа енді кірген қызметкер жедел жәрдем көлігін қауіпсіз жүргізу бойынша оқудан өтеді, тест тапсырады. Жүргізушілер оқуды тәмамдаған соң, 2 жылға сертификат алады. Басқа нұсқаушылар маникендер арқылы қалай жұмыс істеу керек екенін көрсетеді, - дейді нұсқаушы Андрей Сильченко.

ИНСТРУКТОР 1.jpeg

ИНСТРУКТОР 2.jpeg

Қалалық Жедел жәрдем стансасының әр қабатындағы тыныс-тіршікпен танысып болған соң, сыртқа шықтық. Бір қатарға тізілген көліктердің бірі шақыртудан енді келсе, бірі керісінше, асығыс жүріп кетті. Ғимарат артында жедел жәрдем көліктерінің жеке Техникалық қызмет көрсету стансасы бар екенін көрдік. Күні-түні шақыртуға баратын көілктерді уақытында кем-кетігін түзеп, майлап тұру маңызды. 

СТО.jpeg

Қысқасы, біз танысқан Орталық жедел жәрдем стансасының жұмысы әлдеқайда күрделі екеніне көзіміз жетті. Сынға жиі ілігетін істің еңсе басар еңбек екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Десе де өз кәсібіне адал, ісіне бекем ақ халаттылар жедел жәрдемді жаңғыртып, жаңа деңгейге көтеруден ешқашан жалыққан емес. 

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар