00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Елордада «Жасыл мекен» челленджі аясында 187 мың көшет отырғызылды

14.05.2023 | 11:00
37

ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған экологиялық акцияға еліміздің жеті мыңнан астам орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлады Elorda.info. 

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға қатысқандардың қатарында педагогтер, ата-аналар, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ Оқу-ағарту министрі, Экология және табиғи ресурстар министрі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар. 

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл мекен» республикалық челленджі Астана уақытымен сағат 12:00-де басталды. Ақмола облысының №1 Қоянды мектебінің оқушыларымен бірге көшет отырғызуға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты. 

ҚР Оқу-ағарту министрі республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға, еңбекқорлыққа шақырды. 

«Бұл челлендждің негізгі мақсаты – барлық Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды, ұстаздарды табиғатымызды аялауға, оны қорғауға және ең бастысы еңбекқорлыққа баулу. Көшет, жасыл-желек отырғызып еңбектенуді, туған жерге жанашыр болуды үйренеміз. Бұл дәстүрлі іс-шараға ұласып, қоғам үшін үлгі болуы тиіс», - деді Ғани Бейсембаев. 

Айта кетейік, экологиялық мәдениетті дамыту мен туған өлкенің табиғатын аялауға негізделген челлендж аясында ел бойынша 187 мың көшет, 150 мың гүл егілді. Іс-шараға 9,10 және 11 сыныптардан 750 мыңға жуық оқушы қатысты. Челленджге атсалысқан 25 мыңға жуық педагог жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті. 

Айта кетейік, экологиялық акция #оқуағарту #заботаоприроде #посадкадерева #жасылмекен #еңбекқорлық жалпы хештегімен өтті.

Барлық жаңалықтар