00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордада волонтерлік ұйымдар 780 қайырымдылық акциясын өткізді

04.12.2023 | 10:30
46
Фото: дереккөз

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде халықаралық волонтерлер күні туралы Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Атымтайдың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Астана халқының саны 1,3 млн адамнан асады, оның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар саны 440 мың адамды құрайды. «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының базасында Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Онда 40 белсенді волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарымен серіктестік орнатылған. Штабта 5000-нан астам белсенді волонтерлер тіркелген.

Бағдат Атымтайдың айтуынша, қазіргі таңда волонтерлік ұйымдармен бірге «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» және басқа да жобалар аясында 780 акция іске асырылды. 4000 азық-түлік себеттерін жеткізу, ыстық тамақ, киім-кешек және жиһаздар тарату, оқытулар өткізу, адамдар іздестіру шаралары бойынша көмек көрсетілді. Қаланың кәсіпкерлерімен бірге қыс мезгілінде қар тазалау шаралары жүргізілді.

«Қамқорлық мекенжайы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлерімен 30 жалғызбасты зейнеткердің үйлеріне барып, көмек көрсетілді, сонымен қатар, кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 50 акция өткізді. Барлығы 2000 адам қамтылды. Жоба аясында қосымша азық-түлік себеттері үнемі жеткізіліп тұрады.

Жыл сайын Астана жастары қала бойынша волонтерлік бағыттарын кеңейтуде, мысалы, биыл «Қауіпсіз қала» жобасы аясында волонтерлер халық санағы, газдандыру, жылыту маусымы мен көктемгі су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары, суға түсу маусымындағы өзін-өзі ұстау ережелері, тыйым салынған заттарды сату туралы жарнамаларды бояу бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарына тұрақты түрде тартылып, халықты ақпараттандыруда, - дейді Б.Атымтай. 

«Таза әлем» жобасы аясында 40 эко сенбілік өткізілді, оның ішінде волонтерлердің қатысуымен су қоймалары мен Есіл өзенінің жағалауын тазарту бойынша 5 іс-шара ұйымдастырылды. 20 үкіметтік емес ұйымның қатысуымен 4000-нан астам волонтерлер мен 3000 қала тұрғыны тартылды.  Еріктілер халықаралық және республикалық деңгейдегі 140 іс-шараға қатысты.

Қалада 50 волонтерлік ұйым мен қозғалыс тұрақты негізде жұмыс істейді, оның 17-сі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетті. Жыл сайын қорлар «Мектепке жол» акциясын өткізіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ертеңгіліктер ұйымдастырады. Наурыз мейрамында Мемлекет басшысы «Жүрек жылуы» жобасын қолдады, кез келген адам мұқтаж жандар жазған хатты таңдап, оны орындай алады.

«Бақытты шаңырақ» қоры 674 отбасы балаларының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында пайдалы курстарды ұсынады. «Мика Сан» волонтерлік қозғалысы онкологиялық орталықтағы балаларға үнемі барып, көңілдерін көтереді. Сондай-ақ, елордада 50 жастан асқан белсенді азаматтар қозғалысы – Күміс волонтерлер бар. Олардың қатарында 60-тан астам адам бар.

Барлық жаңалықтар