00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада қоғамдық көліктегі «қояндар» мәселесі қалай шешіледі?

25.01.2024 | 04:00
65
Коллаж/Елтай Нұрғазин

Биыл елордадағы қоғамдық көліктерде кондуктор қызметін алып тастап, жолақыны электронды түрде төлеу жүйесі енгізілгеніне 6 жыл болады. Осы уақыт аралығында автобустарда онлайн төлем жүйесінің жаңа түрлері пайда болып, қала тұрғындарына еш кедергісіз төлем жасауға мүмкіндік берілді. Осыған қарамастан, жолақы төлеуден жалтарып, айыппұл төлеп жүрген елордалықтар саны азаяр емес. Осы тақырып төңірегінде Elorda.info тілшісі «City Transportation Systems» ЖШС көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары Райымбек Қайролламен сұхбаттасты. 

-Райымбек мырза, елордада күніне шамамен қанша жауапсыз жолаушы қоғамдық көлікпен жүреді?

-Біздің есеппен күніне жолаушылардың 10-15 пайызы жолақысын төлемей, тегін қатынайды. Бұл шамамен 90 мың адам. Енді осы 90 мыңды 90 теңге көбейтсек, күніне 8 миллион теңге шығады. Жылына автобус парктеріне 2,9 млрд шығын келеді. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері 200 мыңнан аса жолаушының жолақысын төлемегенінің анықтады. Бірақ 10 мыңнан аса жолаушыға ғана әкімшілік хаттама толтырылды. Оның жалпы соммасы 70 млн теңгеден асады. Біздің қызметкерлер тексеріс барысында автобустың төлем жүйесін блокқа қояды. Бұғаттаған кезде жолақысын төлемеген жолаушыны анықтайды. Оны аялдамадан түсуін сұрайды. Әріқарай 102-ге  хабарласып, полиция қызметкерлерін 30 минуттан 1 сағатқа дейін күтеді. Бұл мезетте тексеруші мен жолаушы арасында дау басталып, ол адам қашып кетуі мүмкін. Ал біздің қызметкерлер оларды күштеп ұстап тұра алмайды. 

- Сіз келтірген дерекке сүйенсек, өткен жылы жауапсыз 190 мың жолаушыға айыппұл салынбаған. Бұның себебі неде? Мәселе қалай шешіледі?

-Өте орынды сұрақ. Өзім атап өткендей, жолаушылардың көбі полиция қызметкерлері келгенше ізін суытады. Сондықтан да біз осы айыппұл салу, яғни әкімшілік хаттама толтыру құзыреті біздің қызметкерлерге берілсе деп сұраймыз. Яғни қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларын бұзу туралы 622 бапқа өзгеріс енгізілсе дейміз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Тексерісте жүрген бақылау инспекторлары өздері айыппұл салады. Одан бөлек бізде екінші нұсқа бар. Егер бізге ондай құзыреттілік берілмейтін болса, онда полиция қызметкерлері тексеріс жүргізетін    қызметкердің жанында бірге жүрсе, онда жолақасын төлемейтін және айыппұлдан жалтарып кететін адамдар азаяды. Негізі мұндай тәжірибе бізде карантинге дейін болды. Сосын эпидахуалға байланысты іс-шара тоқтап қалды. 

- Елорданың қоғамдық көліктеріне кондукторлар қайтадан шығарыла ма?

-Бізде кондукторларды қайтару мәселесі электрондық төлемге өткен бастапқы жылдары көп айтылды. Біз кондукторларды қайтарайық десек, оған автопарк басшылары қарсы болады. Оның өз себебі бар. Өйткені кондукторлар көлеңкелі іспен айналысатыны жасырын емес. Оларды алып тастағаннан кейін автобус парктерінің  күнделікті табысы өсті. Дәл қазіргі уақытта бізде қолма-қол ақша арқылы жолақасын төлеуге болмайды. Сондықтан да автобустарға қайтадан кондукторлар шығарылмайды. Есесіне,  бізге тексерушілердің санын көбейту керек.  Мәселен, күніне 200-ден аса инспектор тексеріске шығады. 2022 жылы күніне 700-750 автобус шығып, қызмет көрсетсе, тексеретін қызметкерлер саны 100-150 болған, 2023 жылы күніне 950-1000 қоғамдық көлік шықты. Биыл өзіміздің және автобус парктерінің қызметкрелерін санын арттыру ойда бар. 

-Бас шаһарда әсіресе кімдер төлем жасаудан жалтарады? Осы мәселеге орай қалада жолақысы қымбаттауы мүмкін бе?

-Сұраққа нақты жауап бермес бұрын мынаны айта кетейін, қоғамдық  жолақысын төлемеген қарттар мен балалар және аяғы ауыр әйелдер автобустан шығарылмайды. Байқағанымыздай, тұрғындар тегін қатынауға қатысты әлі де ережені түсінбейді. Мұндай санаттағы адамдар егер олардың қолында жеңілдетілген карта болған жағдайда ғана тегін жүре алады. Егер картасы болмаса онда өзге жоалушылар арқылы онлайн төлем жасау керек.   . Біздің қалада төлем жасамайтындар ішінде мектеп оқушылары көп. Ата-аналар балам 18 жасқа дейін тегін жүреді деп картаға аса қатты назар аудармайды. Сол себепті тексеріс кезінде оқушылардың көбінде жеңілдетілген карта болмай жатады. Ата-аналар осыған жауапкершілікпен қараса дейміз. Сонымен қатар әзірге қалалық коғамдық көліктерде жолақасын көтеруге қатысты ешқандай болжам жоқ.

-Автобусқа отырғандардың барлығы бір кісідей жолақыны төлей салмайды. Кейбірі тексеруші кіргенде ғана төлем жасай бастайды. Осындай қулыққа автобустың ішіне бірнеше QR жамсырмасын қойып, мүмкіндік беріп қойған жоқпыз ба?

Иә, бұл туралы біз де ойландық. Егер QR -ды тек жүргізуші отыратын орынға ғана жабыстырсақ, онда біз жолаушыларға  төлем жасауына қиындық тудырамыз.  Жолаушыларға барлық жағдай жасау туралы келгенде, алдымен автобус жетіспеушілігі мәселесі туындайды. Оған қоса қазіргі уақытта бізге 1000 мыңға жуық автобус жүргізушісі жетіспейді. Сонымен қатар күнделікті линияға шығатын автобус саны да аз. QR жапсырмаға қатысты көршілес мемлекеттерде тәжірибе бар. Мысалы жолаушы автобустың алдыңғы есігінен кіріп, төлем жасағаннан кейін турникет арқылы әріқарай автобус ішіне өтеді.  Дәл қазіргі уақытта біз мұндай нұсқаға дайын емеспіз, бірақ жоспарда бар. Осы орайда бізде жаңа төлем жүйесі іске қосылғанын атап өту керек. Яғни жолаушылар енді банк картасы, Bluetooth, Google Pay және Apple Pay арқылы төлем жасай алады. Сондай-ақ, жыл басынан бастап тексеру қызметкерлеріне жаңа аппарат берілді. Бұл құрал автобус аялдамаға келгенге дейін қашықтықтан барлық төлем жүйесін бұғаттайды. Енді жолақысын төлемеген жолаушы тексеріс басталған кезде QR арқылы дереу төлем жасай алмайды. Осылайша төлем жасамай тұрған жолаушылар анықталады.

-Өзіңізге мәлім, жаңа жыл қарсаңында Алматыда жолақысына қатысты жүргізуші мен жолаушы арасында дау болып, соңы қайғылы жол апатымен аяқталған еді. Кейін жолақы жүргізушінің жалақысына әсер ететіні белгілі болды. Елордада жолаушылар төлемі жүргізушілердің жалақысына әсер ете ме?

-Елордада электронды төлем жүйесін қосқанға дейін жолаушылар төлемі жалақыға әсер етті. Ол кезде әр автобус паркінің бір күндік кіріс жоспары болатын. Бірақ 2018 жылдан бастап жүргізушілерге белгілі бір айлық мөлшері қойылды. Одан бөлек қосымша сыйақы бар, яғни жүргізуші бір айда жол ережесін бұзбаса, оған арыз-шағым түспесе сыйақы беріледі. Бір жылдары жеке автобус парк басшысы жүргізушілерге валидация бойынша план қойып көрді. Бірақ жүргізушілер тарапынан шағым көп болды. Өйткені оларға мұқият жолға қарап, одан әр адамға «валидация жаса» деп түсіндіру қиын екенін айтты. Жүргізушілердің міндеті өзіне белгіленген маршрутпен жүру. Қазір жаңа төлем жүйесі бойынша жүргізуші алдына монитор қойылды. Бұл жерде жүргізуші аялдамадан кірген жолаушылар санын қарап, олардың қаншасы төлем жасағаннын көре алады. Мысалы аялдамадан 6 адам кірсе, оның қаншасы төлем жасағаны мониторда көрсетіледі. Сонымен қатар жүргізуші микрафон арқылы жаңа кірген жолаушыларға төлем жасамағанын айтып, ескерту жасайды. 

-Райымбек мырза, елордада жолақы төлеуден жалтарып, автобус арқылы діттеген жеріне тегін баратын «қояндар» саны артып келе ме?

-Соңғы жылдардағы статистикалық деректерге сүйенсек,  жолақы төлемейтін жолаушылар саны азаймай тұр. Көлік бақылау департаментінің қызметкерлері 2020 жылы жолақы төлемеудің 207 545 дерегін тіркеп, 3 мыңға жуық азаматқа 16 323 740 теңгеге айыппұл салды. Ал 2021 жылы 222 мың адам автобуспен тегін жүрген. Ол жылы жауапсыз жолаушыларға 57 млн теңгеге айыппұл салынды. 2022 жылы 125 мың жолақы төлемеу дерегі тіркеліп, 19 мың азаматқа 116 млн көлемінде айыппұл салынды. 2023 жылы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден жалтаруға қатысты 202 899  құқық бұзушылық анықталып, жолаушыларға 70 766 400 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Осы орайда  QR-ды бұғаттау тәсілі өз нәтижесін беріп жатыр деп айта аламыз. Мәселен 1-17 қаңтар аралығында 902 жолаушы анықталып, оларға 7 млн-ға жуық айыппұл салынды. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар