00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Электр самокат тебушілерге қандай жаңа талаптар қойылды?

16.08.2023 | 05:19
46
Фото: Freepik

Елімізде электр самокаттарға қатысты жаңа заң 30 тамызда күшіне енеді. Жаңа заңдағы негізгі талаптар туралы ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова Polisia.kz ақпараттық-медиа порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Ақтоты Боранованың айтуынша, қабылданған жаңа заңға сәйкес, электр самокат веложолда, веложолақтарда, 25 км/сағат жылдамдықпен жолдың оң жақ шетінде, оның ішінде маршруттық көліктерге арналған жолақ бойымен бір қатарда қозғала алады. Ал тротуар мен жол жиегінде, жаяу жүргіншілер жолында 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі керек. Сонымен қатар электр самокатпен көлікке арналған жолмен жүруге тек 18 жастан бастап рұқсат етіледі және жүргізушіде кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы керек. 

Сондай-ақ спикер мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізушілері шлем киюі керек екенін ескертті. Маман бірқатар жауапкершіліктер туралы да айтып өтті.  

Электр самокат жүргізушілеріне  жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылады. Мәселен, кикшеринг (электрлі самокаттарды қысқа мерзімге жалға беретін компаниялар - ред.) компаниялары жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электр самокат жылдамдығын шектейтін болады. Орнатылған GPS-сенсордың арқасында мұндай аймақтарға кіру кезінде жылдамдықты шектеу автоматты түрде қосылады. Қазірдің өзінде оларды жолаушылар мен жүктерді тасымалдау (ӘҚБтК-нің 593-бабы, 5 АЕК көлемінде айыппұл салу), сондай-ақ, жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 620-бабы, ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салу) жауапкершілікке тартуға болады, - деді ол.

Спикер, сондай-ақ, "жаяу жүргінші" ұғымына өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты."Жаяу жүргінші" түсінігі электр самокат пен шағын электр көліктерін алып жүруге қатысты заң талаптарына сәйкес реттелуде. Осы түзетуге байланысты бұл көліктерден түсіп, алып жүрген кезде олардың жүргізушілері жаяу жүргіншілерге теңестіріледі. 

Тіркеуге жататын автокөлік құралдарының тізбесі кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген. Электросамокат бұл тізімге кірмейді. 

Бұл талапқа сәйкес, самокат жүргізушісінің киімінде немесе көлік құралында түн мезгілінде жарыққа шағылысатын белгі немесе жолақ болуы тиіс.  Ол кез келген киім болуы мүмкін: күртеше, қалпақ, жилет, аяқ киім, рюкзак, сөмке және арнайы жарыққа шағылысатын ленталар. Бір қызығы спикердің айтуынша,  көліктің бұл түрін мас күйінде жүргізсеңіз де ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.  

Электр самокат автокөлік құралы болып табылмайтындықтан және тіркеуге жатпайтындықтан, оларға ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген жауапкершілік қолданылмайды. Электр самокатты мас күйінде жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады, - деді Ақтоты Боранова. 

Барлық жаңалықтар