00:00
Астана -10oC
USD:
450.79
EUR:
482.21
RUB:
5.05
Іздеу

Елордада «RoboZerde-2024» I республикалық робототехника фестивалі өтті

11.05.2024 | 14:01
185
Елордада «RoboZerde-2024» I республикалық робототехника фестивалі өтті
Фото: Elorda.info

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында Әлихан Мақсұт атындағы «РобоЗерде -2024» республикалық робототехника фестивалі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Технократ оқушылардың алғашқы республикалық сайысын өткізудің мақсаты өмірден ерте озған дарынды оқушы, физика, робототехника салалары бойынша республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жас ақын Әлихан Серікзатұлы Мақсұттың ғибратты ғұмырын мектеп оқушыларына үлгі ету болды. Сол арқылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауларында айтылған елімізге қажетті болашақ техник мамандарды дайындауға қолдау көрсету, оқушылардың жасаған инновациялық жобаларын, өнертабыстарын БАҚ және әлеуметтік желі арқылы халыққа кеңінен насихаттау болатын.

Республикалық сайыс, сондай-ақ, биыл 8-14 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының құрметіне ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық спортты насихаттауға арналды.

Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясының өкілдері, Астана қаласы әкімдігінің білім басқармасы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер, блогерлер қатысты.

Салтанатты жиынның алдында жиналған көпшілік белгілі кинорежиссер Мұрат Есжан түсірген «Әлиханның арманы» деректі фильмінің көрсетілімін тамашалады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бейсенбай Артық, AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы вице президенті, Бас хатшы Тастанбек Есентаевтар фестивальде алғысөз сөйлеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше. Робототехника - дамыған елдерде аса қажетті сала. Президентіміз де әрбір жиналыста жасанды интеллект, цифрландыру, технократияның маңызын айтып жүр. Себебі еліміздің болашағы осыған байланысты болып тұр.  Егер мұны дамытпасақ, дамыған елдер қатарына қосыла алмаймыз. Сондықтан жастарымызды ғылымның осы саласына тәрбиелеу керек. Осы мақсатта мен де өз ұлымды тәрбиелегенмін. Бірақ оның ғұмыры қысқа болды. Ұлымның арманын үзбеу үшін, ары қарай жалғау үшін  басқа балаларды тәрбиелеуге күш салып жатырмын.Осындай орталықта дарынды балалардың басын қосып, мықтыларын таңдап алып, қолдау көрсету үшін сол саланың мамандарын шақырып, инновацияларды көрсетіп жатырмыз. Мысалы, киізүйлер, қымыз шығаруға байланысты балалардың ерекше өнертабыстарын көрдіңіздер. Яғни, біз жобаларды басқалардан сатып алмай, өз балаларымыздың жобаларын жүзеге асыруға тырысуымыз керек. Елімізді индустриялы мемлекетке айналдыру үшін үлкен жобаларды өзіміз қабылдап, идеяларымызды шетел алып кетпейтіндей етіп  Қазақстанда қалдыруымыз керек. Жастардың идеясы көп, соны осы жерде орталықтандырып, насихаттау – парызымыз. Сондықтан бұл фестивальге мемлекеттік ұйымдарды тартып, AMANAT тәрізді үлкен партияны қолдауға шақырып отырмын.

Әлиханның арманын жүзеге асыру үшін жастардың арманын ұштастырып, елімізді ең дамыған елдер қатарына қоссақ деген мүддеміз бар, - деді іс-шараның бас ұйымдастырушысы, айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин.

Оның айтуынша, дарынды оқушылардың ғылыми дағдысын шыңдау және тәжірибе алмасу үшін келешекте фестивальді халықаралық деңгейге көтеру де жоспарланып отыр.

Сайысқа еліміздің 15 аймағынан келген 200-ден аса мектеп оқушысы сахна төріне шақырылып, оларға ұйымдастырушылар сәттілік тіледі. Олар робототехниканың «РобоСпорт» бағытының төрт санаты бойынша («Арқан тартыс», «Асық ату», «Мерген», «Ақсүйек») және «Шығармашылық жоба» бағыты бойынша «Мәдени мұра және инновация» деген санатта сайысқа түсетін болады.

Фестивальдің «РобоСпорт» бағыты ЕҰУ «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешенінде, «Шығармашылық жоба» бағыты «Күлтегін» атриумында жалғасты.

Айта кетейік, бұдан бұлай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі, «Роботек» робототехника мектебі, «Марс роботикс» роботехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры бірлесіп ұйымдастырып отырған фестиваль жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өтпек.

Ал фестивальге AMANAT партиясы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанаты тұрақты демеушілік ететін болады.

Барлық жаңалықтар