00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Бақдәулет Алиасқаров: Өрт сөндірушінің қағидаты – абдырап, қобалжымау

Фото: ТЖД

Тәуелсіздікке дейін елімізде Құтқарушылар күні болған жоқ. Тек 1995 жылы Президент Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған еді. Осы құжат негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленді. Бүгінгі кәсіби мерекеге орай Elorda.info тілшісі үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық иесімен құтқару қызметі жайлы әңгімелесті.

Өрт сөндіру қызметінің мемлекеттік маңызы зор, әйтсе де құтқарушының өз өміріне де қауіп төндіретін мамандық бойынша жұмыс істеуге білек сыбанып кіріскен жүректі жанның бірі – Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 4-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Бақдәулет Алиасқаров. 2017 жылдан бастап осы салада еңбек етіп жүрген төтеншеліктің есінде ерекше сақталған мына бір оқиға оның өз кәсібіне деген құрметін одан сайын арттырған. 

Былтыр қыста бөлімге Мәңгілік ел даңғылы бойында орналасқан коттедждердің бірінен өрт шықты деген дабыл түсті. Дереу оқиға орнына барып, коттедждің қызыл жалынға оранып жатқанын көрдік. Құтқаруға барғанда біздің бірінші кезектегі міндетіміз – нысанның ішінде адам бар ма, жоқ па, соны анықтау. Өрт пен түтіннің арасында қалып кеткендер болса, бірден эвакуация жұмыстарын жүргізуге кірісеміз. Міне, осы кезде 2-қабаттан «Көмектесіңдер!» деп жан ұшыра айғайлаған адамның даусын естідік. Шұғыл зардап шегушіге көмекке ұмтылдық. Егде жастағы әйел адам ауыр халде еді. Үрейленіп қалған жанды үйдің терезесі арқылы жылжымалы сатымен шығарып алып, 103 медициналық қызметі мамандарына тапсырдық. 

Ал жылыту пешінен тұтанып, жеке үйдің бірінші қабатынан екінші қабатына өрлеп кеткен өртті қосымша бөлімшелерді көмекке шақыру арқылы ғана тізгіндедік. Осы оқиғадан кейін құтқару қызметінің адамдардың өмірін сақтау үшін өте керек мамандық екенін тағы бір рет жан-тәніммен сезінген болатынмын, – деген кейіпкеріміз құтқарушының бір күндік жұмысында кездескен оқиғамен бөлісті. 

Әлбетте қызыл жалынмен күресу оңай емес. Оған батылдық, шапшаңдық және күш-қуат қажет екені белгілі. Бөлімше командирінің айтуынша, өрт кезінде құтқарушылардың өздері абдырап қалмас үшін олар психологиялық және физикалық дайындықтардан өтеді. Бұған қоса әр кезекшілік алдында өрт сөндірушілер арнайы жаттығулар бойынша белгіленген межені тапсырады. 

Өрт кезінде басты ұстанатын қағидамыз – еш абдырап, қобалжымау. Салқынқандылықпен діттелген міндетті сапалы атқару. Ал бұл үдеден шығуға күнбе-күнгі жаның мен тәніңді шынықтыру көмектеседі, - дейді ол. 

Өрт сөндіруші кез келген өрттің бірден-бір себебі – тосын жағдайлардан бөлек, салғырттық екенін айтады. 

Тұрғындар көбіне-көп тоқ немесе газға қосылған плитаның үстінде пісулі тамақты ұмыт қалдырады. Бұдан басқа түрлі техникалық құрылғылардың тоқ көзінен ажыратылмай қалуы оттың тұтануына әкеліп жатады. Осы жайттарға қоса тұрғындарға қыста жылыту пешін ережеге сәйкес пайдаланып, тәртіпке сай тазалап тұруды ескертер едім. Сонымен қатар, өрт туралы хабарлағанда мекенжай анық айтылса және тасжолдағы көлік иелері өрт сөндіруші бригадасын кептелістен алдымен өткізіп жіберсе, бұл да біздің оқиға орнына тез барып, адамды құтқарып, мүлікті шығынсыз алып қалуымызға үлкен көмек болар еді, - деген тілегін де жеткізді бөлімше командирі. 

Бақдәулет Ергенбекұлы өрт сөндіру бөлімі біртіндеп жас мамандармен толығып жатқанын айтты.

Оның ойынша, кәнігі маманды айғақтайтын ең ізгі қасиет – қиындыққа тап болған жандарды құтқаруға деген ұмтылыс. Ол өз мамандығымен мақтанады. 

Барлық жаңалықтар