00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Автонесиеде бастапқы 10 пайыз жарнаны талап етсе, тәртіп орнайды – қаржыгер

04.05.2023 | 11:30
37
фото: Elorda.info/Елтай Нұрғазин

Қазақтың астындағы арғымағын автокөлік алмастырғалы қашан. Десе де, темір тұлпарды тізгіндеуге бәрінің бірдей шамасы келе бермейді. Биыл жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы ақпан айында көлікті болам дегендердің арманы орындалмады. Өтінім беруге дайын отырған жұрттың үміті алғашқы минутта су сепкендей басылды. 18 секундта үлгермеген жұрт әлі де бағдарламаның қайта басталғанын күтіп жүр. Күні кеше Индустрия және инфрақұрылым даму министрі бағдарламаға қандай өзгерістер енгізіліп жатқаны туралы айтты. Оны естіген жұртшылықтың үміті тағы оянып, құлағы елең ете түсті. Осы орайда Elorda.info тілшісі министр айтқан өзгерістердің тиімділігін білу мақсатында экономист Сапарбай Жобаевпен тілдескен еді.

Елімізде жеңілдетілген автонесие бағдарламасы былтыр мамыр айында басталды. Ел аузынан түспеген автонесие жуырда қайта жалғасады деп жоспарлануда. Дегенмен біраз талқыға түсіп, сынға іліккен бағдарлама талаптарына біраз өзгеріс енгізіледі.

Енді несиеге өтінім беру сайтында тұтынушы рұқсаты арқылы автонесие алған азаматтардың аты-жөні жарияланбақ. Қаржыгер Сапарбай Жобаевтың сөзінше, әкімшілік жолмен көлік алуға мүмкіндік алғандардың тізімін жасау әдісі нәтиже бермейді. 

Нарықтық жүйеде ішкі өндірісті қолдау мақсатында автонесие  беру өзіміздің ішкі автокөлік нарығын қолдау деп аталады. Бірақ оны іске асырғаннан кейін ол нарықтың занымен еркін жұмыс істеуі керек. Ал егер мемлекет араласса, ол жемқорлыққа алып келеді. Бұл жүйе ешқашан әкімшілік жолмен атын көрсетіп, айлығын тексеру арқылы жұмыс істемейді. Мәселен, көлігі бар адам өзінің әйелі, баласының атынан өтінім беруі мүмкін. Оның құқықтық нормасына мен баға бере алмаймын. Бұл өзгеріс әкімшілік жүйе арқылы әділетті жолға әрекет жасамақшы болған мемлекеттің бейқамдығы деп есептеймін, - дейді Сапарбай Жобаев. 

Қаржыгердің сөзінше, қымбат көліктердің орнына халықтың қалтасы көтере алатын автомобиль маркаларын қатыстыру тиімді болмақ. 

Несиенің 4 пайызбен берілуі халыққа ыңғайлы. Бастапқыда белгіленген маркалар арасынан қымбат тұратын көліктерді тізімнен алып тастауды дұрыс деп есептеймін. Бұл бағдарлама халыққа қолжетімді көліктерге ғана арналуы керек. Үндістанда мұндай жүйе бар. Олар ең арзан көлік шығарып, қарапайым халыққа қолжетімді етеді. Нарықтық жүйеде осал жандарға жәрдем беріп, олардың да көлік алуына жәрдемдесуі керек, - дейді ол. 

Бағдарламада белгілі бір мөлшерден артық жалақы алатын азаматтарға автонесие бермеу қарастырылуда. Оның орнына несиені айлығы шектен аспайтын тұтынушыға беру жоспарланып отыр. Бірақ Сапарбай Жобаев  біздің жүйеде бұл талапты айналып өту оңай екенін жеткізді. 

Қазақстанда айлығы жоғары адамдар мемлекет жәрдемінен үміт етпеуі керек. Айлыққа шектеу қою тиімді әдіс емес. Айлығы көп адам танысына, досына, баласына ақша беріп, ол көлікті алдыра беруі мүмкін. Біздің жүйеде бұл талапты айналып өту өте оңай. Мысалы, жер иелерін тексергенде де байлардың аты шықпайды, өйткені олар басқа адамның атына жазып қояды. Сондықтан да бұл бағдарлама толыққанды нарыққа өтпей, ешқандай жүйе болмайды.  Ал бастапқы 10 пайыз жарна енгізу тәртіп орнатады. Өткен жолы 18 секунд ішінде өтініштер қабылданды. Сонда жинаған қаржысы жоқ адамдар әрекет жасап, қоғамда келеңсіз жағдай болды. Банк жүйесі сияқты 10 пайызды талап етсе, ерігіп жүргендер қатыса алмай, кішкене тәртіп орнайтын еді, - дейді қаржыгер. 

Осы тұрғыда Сапарбай Жобаев автонесиеге өтінім беруді бюрократия жолымен жүзеге асырған дұрыс деп есептейді. 

Қазір Әлеуметтік кодекс қабылданып жатыр ғой. Нақты кодекс қабылданғаннан кейін мұндай келеңсіздіктер болмайды. Әр адамның әлеуметтік жағдайы белгілі болады. Egov порталы арқылы құжаттары тексерістен өткеннен кейін ғана автонесие беру керек. Жалпы бұл – тиімді бағдарлама. Бағдарламаға өзгерістер жасау арқылы бюрократиялық жолмен шешуге мәжбүрміз. Негізі, алдымен адамдардың табысын көтеру керек, сол кезде халық ешқандай жеңілдіксіз көлік сатып алады. Дамыған елдерде төмен пайызбен несие беру деген жоқ. Қоғамда жеңіл нәрсені бөлу жемқорлыққа алып келеді. Өзіміздегі көліктерге сұранысты арттырып, нарықтық заманға өту қажет,- дейді қаржыгер. 

Автонесие тек елде құрастырылған көліктерге ғана беріледі. Бұл тізімдегі маркалардың қым­бат, премиум санаттағыларын жұрт несиеге ала алмады. Көп адамның «елде құрастырылған» деген аты бар төменгі санаттағы көліктерге көңілі көншімегенін білеміз. Қалай болғанда да халық жеңілдетілген пайыз арқылы жаңа автокөлік мінсем деген арманының көзден бұл-бұл ұшпауын тілейді. 

Еске салсақ, 4 пайыздық автонесиенің жаңа талаптары 15 мамырға дейін жарияланады. 

Зарина Сәрсенбайқызы 

Барлық жаңалықтар