00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Астана Балет» театрының қыркүйек айындағы афишасы жарияланды

09.09.2023 | 09:00
43
Фото: дереккөз

«Астана Балет» XI театр маусымының қыркүйек айындағы афишасымен таныстырды, деп хабарлады Elorda.info

15-16 қыркүйекте «Астана Балет» театрының ХІ маусымының шымылдығы 
А.Алонсоның Р.Щедрин өңдеуіндегі Ж.Бизе музыкасына қойған «Кармен-
сюита» балетімен ашылады. Көрермен қауым құштарлық, махаббат пен 
қастықтың шытырман әлеміне шомып, ел аузындағы оқиғаны жаңа қырынан 
таниды. Кештің екінші бөлімінде театрдың бас балетмейстері Мукарам 
Авахридің еліміздің танымал композиторы Карина Абдуллинаның музыкасы 
мен либреттосына қойған авторлық «Тағдыр бұлтарыстары» балетін 
тамашалай аласыздар.

XI театр маусымының ашылу салтанатына санаулы күн қалды. Театрда қызу дайындық жүріп жатыр: рөлдерге жаңа әртістер қосылып, премьералық 
қойылыммен және көрермен көзайымына айналған спектакльдермен жұмыс 
атқарып отырмыз. Жаңа маусымның ашылуы салтанатты әрі біз үшін өте 
жауапты сәт. Сүйікті көрерменімізбен қауышар күнді асыға күтіп отырған 
жайымыз бар, – деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан 
Канетов.

22 қыркүйекте өнерсүйер қауым өткен маусымның премьералары – Айнұр 
Әбілғазинаның Густав Малер музыкасына қойған, «Астана Балет» театры 
симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін «Soli Deo Gloria» және 
Лиза Джеррардтың музыкасына Олжас Маханбетәлиев қойған «Nine» бір 
актілі балеттері көрсетіледі. Жас хореографтардың осы туындылары өнердің 
жаңа белесіндей көрінеді. Бұл туындыларға көрермен ықыласы да ерекше.  

29-30 қыркүйекте «Астана Балет» театры Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері Айгүл Тәтидің билерімен өрнектелген «Ұлы дала мұрасы» 
дивертисменті көрсетіледі. Бұл концерттік бағдарлама театрды әйгілеп 
тұрған дүниеге айналды. Қазақтың болмысын суреттейтін этнографиялық 
сипаттағы әрі бейнелік қатары терең миниатюраларда Ұлы даланың бай 
мәдениеті суреттелген. Осы бағдарламаны тамашай отырып, қазақ 
хореография өнерінің жеткен биігін көріп, этнографиялық элементтер мен би 
дәстүрін, заманауи балетмейстерлік шешімдерді үйлестіре білген 
туындыларға куә боласыз.

Жаңа маусымда бірнеше премьера өткізуді жоспарлап отырмыз. Айталық, 
6-7 қазанда «От қыз» ертегі балетін ұсынбақшымыз. Бұл спектакль дарынды авторлардың жұмыла атқарған еңбегінің жемісі. Либретто авторы Бақыт Қайырбеков мәдениетіміздің қыр-сырын ашып, өзіндік ерекшелігін әйгілеп берсе, әнші Карина Абдуллина шығарған музыка спектакльге жан бітіріп, түрлі эмоцияға бөлесе, хореограф Мукарам Авахридің жаңашыл, батыл идеялары көрермен санасына қозғау салып, көкейінен шығады деген 
үміттеміз. Театрымыздың әрбір жаңа маусымы театр әлеміне шомып, биік 
өнердің ғажайып әлеміне саяхат жасаумен пара-пар дүние, – деп түйіндеді 
өз сөзін театр директоры Александр Совостьянов.

Айта кетейік, іс-шаралар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Барлық жаңалықтар