00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Елордалық мешіттер «Тегін такси» науқанын өткізіп жатыр

Елордада соңғы күндері күн күрт суып, қыстың нағыз аязды күндері болып жатыр. Сарышұнақ аяз сай-сүйегіңді сықырлатып, аяқ-қолды тоңдырып жібереді. Аязды, әсіресе, таң ата жұмысқа барып, кешқұрым үйге автобуспен қайтатындар ерекше сезеді. Бүгін астаналықтарды аязды күні барар жеріне тоңбай әрі тегін жеткізу мақсатында қаладағы «Көктал» мешітінің бастауымен қаланың барлық мешіттері «Тегін такси» науқанын өткізді, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

20 көлікті тізгіндеген имамдар мен шәкірттер таңғы 08:00-ден бастап түрлі бағытқа бет алған тұрғындарды барар жеріне жеткізіп тастап жатыр.

Мұндай акцияларды бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Астананың аязды күндерінде азаматтарымызға қолұшын созғымыз келеді. Басқа жүргізушілерді де акцияға қосылуға және тұрғындарға көмектесуге шақырамыз, - дейді Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Қала тұрғындары «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осынау іс-шараға белсене атсалысып, өздерінің игі мақсаттағы көмектерін тигізіп жатқан көлік жүргізушілеріне алғыстарын жаудырып жатыр.

Айта кетейік, игілікке шақырып, жан жылуымен бөлісетін науқан аяздың беті қайтқанша жалғасады. Тегін таксилерді көліктегі жапсырма арқылы ажыратуға болады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар