00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Елордалық оқушылар Дүниежүзілік роботтар олимпиадасында жеңімпаз атанды

24.02.2023 | 15:42
Елорда ақпарат
40

WRO-2021 байқауының басты тақырыбы – PowerBots, яғни қазіргі заманның жаһандық басымдықтарына арналған. Жасыл экономиканың болашағы, жаңартылатын жаңа энергия көздерін табу, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру – жас робототехниктер шығармашылық тұрғыдан нақты міндеттер қарастырылды.

- Олимпиадалар өзекті инженерлік-техникалық міндеттерді практикалық шешудің шығармашылық қабілеті мен дағдыларын дамытуға, ғылыми-техникалық қызметке қызығушылықты кеңейтуге, ақпараттық технологиялар саласындағы кәсіптердің беделін арттыруға бағытталған, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Ақпараттық технологиялар және қызмет орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов.

WRO-ның ұлттық кезеңіне барлығы қырыққа жуық топ қатысты.

Негізгі кіші санатта Алматы қаласындағы «Ақ-Ниет» жеке бастауыш мектебінің MagicKris командасы жеңімпаз атанды. Олар энергия тұтынуды азайтатын ақылды үйдің ең оңтайлы шешімін ұсынды. Ал, негізгі орта санатта чемпион титулын алматылық «Lessons.kz» оқу орталығының A and B командасы жеңіп алды. Олар жасаған роботтар олимпиадалық жылдамдықта гибридті және электромобильдерді зарядтауға арналған аккумуляторлар таратты.

Негізгі жоғары санатта командаларға жаңартылатын ресурстардан тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтау, аккумуляторларда артық энергия сақтау міндеттері қойылды. Бұл санатта дәстүр бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері өкілдеріне тең келер ешкім болған жоқ. Алматыдағы химия-биология бағытындағы NIS-тің Vector командасы ең үздік уақыт пен ең жақсы нәтиже көрсетті.

Кіші шығармашылық санатында Халықаралық робототехника академиясының LegoMozg тобы күн панелі мен жел турбинасын қамтитын ақылды электр станциясын жасады. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігін арттыруға бағытталған жоба өз авторларына жеңіс әкелді.

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің NG-PHOTOBIO тобы аморфты балдырлар өсімдігінен биоотын алу үшін жасанды интеллект қағидаттарын пайдаланатын робот құрды. Олар жоғары шығармашылық санаттағы жеңімпаздар деп танылды.

Өз санаттарында үздік болған барлық командалар 2021 жылдың қараша айында онлайн форматта өтетін WRO-2021 әлемдік кезеңіне қатысу құқығын иеленді. Қазылар алқасы құрамына енген әлемдік робототехниканың танымал тұлғалары байқауға қашықтан қатысады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, World Robot Olympiad (WRO) – Дүниежүзілік роботтар олимпиадасы, бұл 10-19 жас аралығындағы 6-11 сынып оқушыларына арналған байқау.

Барлық жаңалықтар