00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Астанада алғаш рет «Толағай» алыптар сайысы өтті

06.07.2023 | 21:39
91
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Астана төрінде алғаш рет елорданың 25 жылдығына арналған «Толағай» алыптар сайысы өтті. Ұлы даланың батырларын насихаттауда, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілген турнирге білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай еліміздің әр өңірінен 15 спортшы өз бақтарын сынады, деп хабарлады Elorda.info

Шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Мәжіліс депутаттары Дәулет Тұрлыханов, Қазыбек Иса және «Толағай» алыптар сайысының авторы Темір Спатаев қатысып қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Еңселі елордамыздың 25 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан «Толағай» алыптар сайысының ашық турнирінде өздеріңізді көргеніме қуаныштымын! 

«Толағай» алыптар сайысы – бұл салауатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жоба алғаш рет 2022 жылы Жер жәнаты Жетісу облысының Жаркент төрінде жүзеге асқан еді. Бүгін міне Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткізіліп отыр. 

Биылғы Астана күні жарқын жақсылықтар мен ерекше естеліктер, ауқымды шаралармен дүбірлеген думанды тойлармен қаламыздың тарихында қалатын жыл болып тұр. Оның айқын дәлелі қала күні қарсаңында өткізіліп жатқан халықаралық, республикалық, қалалық мәдени, спорттық шаралар. Қазақ даласында темірден түйін түйіп, тау көтерген талайлаған түйе палуандар мен толағайлар тарихта қалған. Балуан Шолақ, Қажымұқан секілді алып бабаларымыздың жолын жалғастырып, ерлігін үлгі етер осындай сайыстың бүгінгі таңда қайта жаңғырып жатқандығы дүйім жұрт үшін жағымды жаңалық. Осындай алыптар сайысынан аты аңызға айналатын спортшылар шығып, кешегі ел тарихындағы толағайлардың ізін басатын, тұлпарының дүбірі даланы шайқаған батыр бабалардың ұрпағы деген атқа лайық болатын алыптардың қатары көбейе берсін!

Қажымұқанның ізбасарлары күш сынасатын додада ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін. Тамаша спорттық мерекенің куәгері болайық. Баршамызға қала күні құтты болсын! - деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен. 

378c9c80-defe-4085-b511-69f79f26ab42.jpg

Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 140 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 100 келіден асатын ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, жарты тонналық арбаны сүйреу, он келілік найзаны қашықтыққа лақтыру секілді ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түсті. 

514fe086-36c5-4141-8d72-09e1a52470f8.jpg

27e4a804-2a80-420f-ac6a-0d0e788a3c48.jpg

Бес сайыстың қорытындысы бойынша 120 ұпайпен Шымкент қаласының тумасы Әділет Нұрғиса III орынға ие болып, 400 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. 122 ұпай санмен Қонаев қаласының спортшысы Фаид Тенгизбаев жүлделі екінші орынға ие болып, 600 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ал оза шапқан білекті батыр түркістандық Азамат Мақұлбековке бұйырды. Ол «Толағай» алыптар сайысының жеңімпазы атанып 1 млн теңгеге ие болды.

8d618df1-cf83-4053-b3cb-3ebcbc744866.jpg

4af06d35-a713-4ca8-8a76-cd99953215ec.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтыр Жетісу жерінде өткен доданы енді жыл сайын өткізу жоспарлануда. 

Бұған жасы 18-ге толған салмағы 90 келіден асатын, өзі сондай біртуар, өз күшіне сенген жігіттер келіп қатыса алады. Мұндағы мақсат – бұрынғы ата жолымызды жалғастырып, бұрын мысалы, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырғанда күшті жігіттер өзара осындай сайыстар ұйымдастыру дәстүрі болған, - деді қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры екі миллион теңгені құраған турнир Астана қаласының әкімшілігінің орталық алаңында өтті.

Барлық жаңалықтар