00:00
Астана -10oC
USD:
472.62
EUR:
513.22
RUB:
5.43
Іздеу

Астана 1999 жылы ЮНЕСКО-ның жоғары сыйлығына ие болды

20.06.2023 | 15:07
782
Фото: Астана 1998-2018. Ел жүрегі - елорда шежіресі кітабынан

1999 жылы бір жылға енді толған Астана әлем жұртына жарқырай танылды. Осы жылы «Астана ақшамы» газеті не жайында жазды?

Бозоқтың соңғы мұрагері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбектерінде: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазды. 1998 жылы Елбасының тапсырмасымен археолог Кемел Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, Астана маңында қазба жұмыстары басталды. Осы жұмыстардың нәтижесінде VIII ғасырдан тамыр тартып, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі қалашық болған маңнан Бозоқтың орны табылды.

Зерттеу барысында Бозоқтың ауданы 40 га екені анықталды. Ішінен қос кесене, бір мұнара, кірпіш күйдіру пеші, 11 жерлеу орны және жауынгер әйелдің сүйегі табылды. Бозоқ «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына енгізілді.

Ғалым Кемел Ақышев өз баяндамасында «VIII-XV ғасырларда Қазақстанның далалық аймақтарындағы қалалардың пайда болуы, бекініс, баспаналардың тұрғызылуы, әскери бөлімшелер мен жергілікті билеушілер отыратын ордалардың салынуы отырықшылықтың шығуы мен дамуына негіз болды» деген тұжырым жасады.

Астана – бейбітшілік қаласы

1999 жылы бір жылға енді толған Астана әлем жұртына жарқырай танылды. 1996 жылдан бері дүние жүзінің бес аймағы (Африка, Араб мемлекеттері, Еуропа, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер және Латын Америкасы) бойынша бір-бір қалаға берілетін «Қалалар бейбітшілік үшін» сыйлығы Азия аймағында Астанаға тапсырылды. Сол жылдың 16 шілдесі күні Боливия астанасы – Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның сол кездегі бас директоры Федерико Майор награданы бұл уақыттағы Астана қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Назарбаевқа тапсырып тұрып, Қазақстан астанасын Алматыдан Астанаға көшірген аз уақытта ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласының әкімдігі елорданы ғылымның, мәдениеттің және білімнің ордасына айналдырғанын атап өтті.

Осыған орай, 6 тамыз күні Қ.Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда салтанатты шара өтті. Онда жыр алыбы – Жамбылдың немересі Әлімқұл ақсақал жырдан шашу шашты. Өнер жұлдыздары Астананы әнмен асқақтатты. Қазақстанның олимпиялық құрамасы мен Астананың «Жігер» командасы арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Ал Астана қаласының әкімдігі ғимаратына: «Жаңа астананы дамытудың теңдесі жоқ тәжірибесін көрсетіп, әлемдік мәдениетке қарқынды қадам басқан Астана 1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Қалалар бейбітшілік үшін» атты жоғары сыйлығына ие болды. Осы уақыттан бастап Қазақстанның астанасы «Бейбітшілік қаласы» деп аталады» деген жолдар жазылған ескерткіш тақта ілінді.

Алғашқы жолаушылар Ашқабадқа ұшты

1999 жылдың 8 сәуірінде Астана атына лайық әуежай ашылды. Әуе бекетінің ашылу салтанатына Қазақстанның Премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев қатысып, жібек лентаны қиды.

Көлік, коммуникация және туризм министрлігінің тапсырысымен күрделі жөндеуден өткен әуе айлағы бір сәтте 400 жолаушы сапарға шығатындай етіп жасалды. Бір мезгілде ішкі және сыртқы әуе тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Өтпелі ішкі-сыртқы рейстерді қамтамасыз ететін, тиісті талапқа сай туристік зал салынды. Әуежай ұшақтың кез келген түрін қабылдайтын дәрежеге жеткізілді. Жаңарып шыға келген аэропорттан алғашқы жолаушы болып ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация Ашхабадқа ұшып шықты.

Алғашқы министрліктер үйі

15 желтоқсан күні Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысында халық арасында «Доллар» атанған еңселі ғимарат пайдалануға берілді. Ғимараттың ерекшелігі – құрылыс жұмыстарына тек отандық құрылыс компаниялары тартылды. 32 мың шаршы метр аумақты алып жатқан 12 қабатты ғимаратта конференц-залдары, 150 адамға арналған заманауи асхана, теміржол және авиакассалары, Халық банкінің бөлімшесі мен киоскілер ашылды. Негізінен, төрт орталық атқарушы орган – Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кіріс министрлігі, Экономика министрлігі мен Инвестиция жөніндегі агенттік қоныстанды.

Қаланың өз төлтаңбасы бар

Астананың гербі шығыстық үлгіде дөңгелек қалқан түрінде жасалды. Көгілдір аспан аясында қала тарихының және ел қорғанының символы – бекініс қабырғасы, сақ аңыздарының кейіпкері – даналық пен бекзаттықтың символы – қанатты барыс бейнеленген. Алтын тәж Астананың бас қала ретіндегі мәртебесін көрсетеді. Шаңырақ – ұлттық дәстүрлердің сабақтастығын білдірсе, бидай масақтарымен жиектеу өлкенің астық молшылығын сипаттаса керек. Авторлары – Салават Дембаев пен Аманжол Чиканаев.

Қорғаныс министрлігі қоныстанды

Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, оның Бас штабы бас қалаға қоныстанды. Алғаш рет министрлік алдындағы алаңда Қазақстан әскерінің айбынын асқақтатқан соғыс техникалары көрсетілді. Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевқа Қазақстан Қарулы күштерінің туын табыс етті.

Барлық жаңалықтар