00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Шетелде жүрген қазақ қыз-келіншектері 8 наурызды қалай тойлайды?

08.03.2024 | 05:22
74
коллаж: Елтай Нұрғазин

 «АҚШ-та Аналар күні мамыр айында тойланады»

Фарида Ғаббасова «Ағылшын тілі» мамандығы бойынша білім алып, кейін тіл үйренуді одан әрі жалғастыру мақсатында Нью-Йоркке қоныс аударған. АҚШ-та «Сән және дизайн» мамандығы бойынша университетке оқуға түсіп, кейін сән үйі директорының көмекшісі болып АҚШ-тағы алғашқы жұмысына кірісіпті. Алайда Америкадағы мол мүмкіндікті пайдалануды ойлап, кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдаған. 

2015 жылы Манхэттенде мейрамхана ашу үшін ағам екеуміз алғашқы ғимаратты сатып алдық. Бастапқыда келушілерге америкалық ас мәзірін ұсынған болатынбыз. Кейін мұндағы бәсекелестікті ескеріп, клиенттерге таңсық ас дайындау үшін әрі қазақтың ұлттық тағамдарын өзгелерге таныту мақсатында мейрамхана концепциясын өзгертіп, қазақ асханасына ауыстық, - дейді ол.

Қазір кәсіпкер қыздың АҚШ-та бірнеше мейрамханасы бар. Оның айтуынша Америкада жүрген отандастарымыз дәм тату үшін арнайы іздеп келеді екен. 

Жақында Нью-Йоркте шетелдік консулдар кеңесі Халықаралық әйелдер күніне орай 15 елдің өкілінің еңбегін ерекше атап өтіп, марапаттады. Олардың арасында Алжир, Ангола, Аргентина, Аустралия, Бразилия, Болгария, Чили, Сальвадор, Гайана, Үндістан, Нигерия, Перу, Сербия, Түркия және Қазақстан өкілдері бар. Біздің елімізден Фарида Ғаббасова осы құрметке лайық деп танылды. 

00.webp

Фариданың айтуынша, АҚШ-та 8 наурыз мерекесі біздегідей кеңінен тойланбайды, күнтізбедегі кәдімгі күндердің бірі ғана. 

Бұл мейрам ТМД елдерінен қоныс аударған азаматтардың есінде, сондықтан кейде олар бір-бірін құттықтап жатады. Ал жалпы Америкада 8 наурызда ерлер қауымынан жылы сөз бен сыйлық күтпейміз. Есесіне мамыр айында Аналар мерекесін тойлаймыз. Бұл отбасылық мереке, сол үшін аналарымызға құрмет көрсетіп, қуантып, жылы сөздерімізді айтып, тарту-таралғы жасаймыз, - деді кәсіпкер қыз. 

«Мәселе жақұт пен алтында емес...» 

АҚШ-та тұрып жатқан тағы бір кейіпкерміз Перизат Балтабаева. Ол бірнеше жылдан бері АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында тұрып жатыр. Перизат  Америкада қазақтың салт-дәстүрін ұлықтап жүр. Сол елде түрлі штаттарда тұрып жатқан қазақстандықтардың басын қосып, «Алға, Қазақстан!» деген ұранмен бірнеше флешмоб өткізіпті. 

98.jpg

Екі жыл бұрын қызым Бибі-Мәриям Нью-Йорк кино академиясына режиссер мамандығы бойынша оқуға түсті. 16 жастағы қызымызды жалғыз жіберуге қорқып, әкесі екеуміз осы жаққа көшіп келдік. Бұл жақта онлайн бизнесім бар, саяхатшылар клубының мүшесімін. Мұндағы қазақтардың басын қосып, өзіміздің ағалық, жеңгелік көмегімізді, қолдауымызды әрдайым көрсетіп жүреміз. АҚШ-та Наурызды тойлауға басымдық беріп жүрміз. 23 наурызда киіз үй тігіп, Голливуд жұлдыздарының қатысуымен Әз-Наурызды тойлаймыз, - деді ол. 

Сонымен қатар ол 8 наурызда жарының өзіне арнап, ән шығарғаны ерекше еске қалғанын айтты. 

Менің жолдасым белгілі композитор Марат Омаров. Ол маған арнап «Асыл жарым» деген ән шығарды. 8 Наурызда таңертең оянғанымда диктофонға жазылған осы шығарманы қосып, «Бұл ән саған арналды» деген болатын. Мен үшін ерекше күн, тосын сый болды. Мәселе бриллиантта, алтында емес, жарымның маған деген көңілінде, - дейді ол.

«Үндістанда бұл күнде әйелдерге сыйлық жасау деген ұғым жоқ»

Айман Ілиясқызы көп жылдан бері шетелде волонтерлікпен айналысып жүр. Бұған дейін Орта Африка елдерінде мұғалім болып жұмыс істеген. Қазір Үндістанда.

58.jpg

2 жылдан бері Үндістанда тұрып жатырмыз. Бұл жақта жұмыс бабымен жүрміз, уақыты келгенде елге ораламыз. Өзім 5 баланың анасымын, 2 қызым студент, 3 ұлым кішкентай, олар қасымызда. Балаларымның тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін, алдымен өзіңе, одан кейін айналаңа көмектес, пайдаң болмаса да, зияның тимесін дегенді жиі айтамын, - деді ол. 

Сонымен қатар ол шетелде волонтер болудың артықшылығына тоқталды. Бұл өзге елдің экономикасымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, біліп, таным көкжиегіңді кеңейтуге мүмкінді береді. Әрі өзгелерге жәрдемші болып, жақсылық жасағаннан көңілім марқаяды деген пікірін білдірді. 

Үндістандағы көршілеріммен жақын араласамын, олардың сеніміне құрметпен қараймын, дініне қарап бөліну деген жоқ. Қазақстан туралы, қазақтар туралы қызығушылығы жоғары. Үндістанның мыңдаған студенті біздің мемлекетте білім алып жатыр. Біз жайлы білуге бұл да ықпал етеді деп ойлаймын. Әдетте үнділер табиғатымыздың сұлулығынан хабардар екенін айтады. Қыста қар жауып, аяз болатын елден келгенімді естігенде, «Жаурамай қалай жүресіңдер?» деп жатады. Біз үшін қалыпты болғанымен, олар қызығып тұрған соң ауа райы туралы да әңгімелеп беремін. Жақында үнділік бір студентпен әңгімелестім. Қазақстанда тұратын досы бар екенін айтты. «Мені Алматыға шақырды, биік-биік тауларды көрсетті, Көлсайға апарды, біраз серуендедік» деп жатыр. Шетелде жүріп, елім туралы естігенде марқайып қаламын. Өзім де қай елде жүрсем де Отаным жайлы айтып жүремін, - деді ол. 

Айманның айтуынша, Үндістанда 8 наурыз елеусіз өтеді екен. 

Тойланса да естімеппін. Бұл күні қыз-келіншектерге сыйлық беру деген мүлдем жоқ, - деді ол.

 «Чехияда 8 наурыз демалыс емес»

Жат елде жүрген тағы бір қазақ қызы Дарина Жұмағұл 4 жылдан бері отбасымен бірге Чехияда тұрып жатыр. 2019 жылы жолдасына шетелден жұмысқа шақырту түсіп, жас отбасы өзге елге көшіп кетіпті. 

89.jpg

Біз Чехияға көшіп келгенде короновирус індеті таралып жатқан уақыт болатын. Жаңа елге енді келгенде төрт қабырғаға қамалып отыру оңай болмады. Тіпті мұнда бірнеше күн бойы мүлдем үйден шығуға тыйым салынған уақыт та болды. Бұл өмірімізді, көзқарасымызды өзгертіп ғана қоймай, жерсініп кету үшін, қоғамдағы орнымызды айқындау үшін белсенді әрекетке көшуге түрткі болды деп ойлаймын. Чехияда тұрып жатқан қазақтардың басып қосу, араласып, байланыс орнату қажеттігін түсіндім, - деді ол. 

Қазір Дарина Чехиядағы қазақ диаспорасының басшысы. Сол жақта Qazaq Nomad қауымдастығын құрған. 

Осы елде тұрып жатқан отандастарымызбен танысып, білісіп, жаңа орта қалыптастырдық. Қазақтар мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен әртүрлі шаралар өткіземіз, - дейді ол. 

Даринаның айтуынша, 8 наурыз халықаралық мереке болса да, Чехия тұрғындары бұл мейрам туралы білмейді. Чехтарға Қазақстанда көктем мерекесі, қыз-келіншектер күні тойланатынын айтқанда олар таңданып,  түрлі сұрақтар қойып жататынын айтты.   

Чехиядағы таныстарыма біздің елде 8 наурыз мерекесі бар екенін айтқанда олар мейрамның қалай өтетіні жайлы сұрап жатады. Әрине түсіндіріп, айтып беремін. Бұл жақта аталған мереке мемлекеттің деңгейде тойланбаса да, отбасымызда атап өтеміз. Күйеуім маған және қызымызға міндетті түрде гүл шоғын сыйлайды. Қазақстанда қалған туыстарды да құттықтап, тілегімізді білдіреміз. Шетелде жүрсек те бұл мейрамды ұмытқан жоқпыз, - деді ол.

Барлық жаңалықтар