00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Бишімбаевтың соты: Атышулы іске қатысты қоғам пікірі екіге жарылды

Бишімбаевтың соты
коллаж: Elorda.info

Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы жалғасуда. Сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр.

Экс-шенеунікке марқұм әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді және тұрақты түрде физикалық және психикалық қысым көрсеткен деген айып тағылды. Қоғамдық резонанс тудырған сот отырысы бүгінде тек елімізде ғана емес, Украина, Ресей, Болгария және басқа да  шетелдік  бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударып отыр.  

Қоғам қызу талқылап жатқан мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл сот отырысы еліміздің сот жүйесінің шыңдалып, ел ішінде ғана емес, шет елде де өз имиджін айқындауына әсер етеді. 

Бишімбаевтың соты бұл біздің қазіргі сот жүйесінің шын мәнінде шындалып жатқан сәті деуге болады. Негізі сот отырыстары көп өтеді ғой, бірақ осы жолы бұл іс елімізде сот жүйесіндегі қаншалықты ашықтық пен соттың тәуелсіз болуын көрсетіп жатыр. Процесс ашық болып жатқаннан кейін халық оны көріп, қоғамдық  талқылау жүргізуде. Қ.Бишімбаевқа қанша жыл берілетінін әлі ешкім білмейді. Ол алқабилердің қатысуымен сот отырысы өтуін қалады. Бұл да бір шетінен дұрыс шығар. Себебі мұндай мүмкіндік біздің сот жүйесінде қарастырылған.  Кейбірі алқабилердің қатысуы «Бишімбаевтың жазасын жеңілдету үшін әдейі ұйымдастырылған» деп айтып жатыр. Бұл олай емес. Алқабилердің қатысуы заң тұрғысынан берілетін мүмкіндік. Ол мүмкіндікті Бишімбаев пен оның қорғаушылары қолдана білді. Сот шешіміне ешкім де араласпау керек. Бұл іс бітеді, сосын басқа соттар қаншалықты осылай ашық өтеді? деген сұрақ тұр. Өз басым Бишімбаевтың сотын қарап жүрген жоқпын.  Көпшілік тікелей эфир арқылы бақылап отыр. Тіпті, сот отырысын шетелдіктер де назарда ұстап отырғанын байқап отырмыз. Демек бұл жерде отандық сот жүйесінің имиджі де қалыптасып жатыр. Біздің сот әділ шешім қабылдай білсе, бұл сот имиджі тек ел ішінде ғана емес шет елде де жоғары болады,- дейді Анас Ахатұлы.

Аталған сот отырыстарына қатысты қоғамның кейбір мүшелері Қ.Бишімбаевтың қорғаушыларын айыптап жатыр. Осыған қатысты пікір білдірген белгілі адвокат Ләззат Ахатова экс-министрдің адвокаттарына шүйлігудің қажеті жоқ дегенді айтты.

Қазір әлеуметтік желіде Бишімбаев сотына байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер дәл қазір адвокаттар мен сотты айыптап жатқан сыңайлы. Біріншіден, күдікті қанша жерден жауыз, қандай қылмыс жасағанына қарамастан, өзіне адвокат жалдау құқығы бар. Кезінде Брейвик (Анықтама: 2011 жылы Норвегияда 77 адамды өлтірген Андерс Брейвиктің ісі) секілді талай адамды қырып тастаған жауыздардың да адвокаты болған. Бұл – кез келген құқықтық мемлекеттегі заңды құбылыс. Сондықтан адвокаттарға шүйлігудің қажеті жоқ. Олар өзінің кәсіби қызметін атқарып отыр. Адвокаттың міндеті – тағылған айыпты барынша азайтуға тырысу. Дәл қазір соның классикалық әдісіне куә болып отырмыз. Ешкім Бишімбаевтың адам өлтіргенін жоққа шығармайды. Оның түрмеге түсетінін бәрі біліп отыр. Ендеше, Бишімбаевты қанша жерден жақтырмасақ та, адвокаттардың кәсіби міндеттерін орындап жатқанын ескеру қажет, - дейді адвокат.

Сонымен қатар Ляззат Ахатова сотта С.Нүкеноваға қатысты барлық ақпараттардың ашық көрсетіліп жатқаны дұрыс деп есептейді.

Ешкімді сотсыз түрмеге отырғызуға болмайды. Сот рәсімі бірнеше айға созылса да, сот өтуі қажет. Содан кейін ғана оны түрмеге қамауға болады. Адамды сотсыз жауапқа тартатындай заңы жоқ елде тұрып жатқан жоқпыз. Елімізде сот отырысы бірінші рет осыншалықты ашық өтіп жатыр. Сондықтан қоғамның назар аударуын, түсініксіз мәселеге қатысты пікір білдіруін түсінуге болады. Сот ашық өтіп жатқандықтан, қалай дегенмен әділетті шешім шығатынына сенімдіміз. Тағы бір айта кетерлігі, сот отырысында бүкіл мәлімет ашық, анық көрсетілуі қажет. «Неғып өлген адамның соңынан ондай әңгіме айтқызады?»-деген нәрсе болмайды. Жақындарына қанша ауыр болса да қылмыс орын алған жерде бүкіл шындық ашылу керек. Қылмысқа итермелеген жайт та, қылмыскердің нұсқасы да тыңдалуы керек. Озбыр, әлемдегі ең оңбаған адам болса да, қылмыскердің сотта тыңдалуға құқығы бүкіләлемдік заң нормасымен бекітілген. Өйткені шешім әділ болуы үшін бүкіл дәлелдер ескерілуге тиіс.  Көбіміз сот отырысын бірінші мәрте көріп отырғандықтан, көпшіліктің ашу-ызаға, эмоцияға берілуі де қалыпты реакция шығар. Бірақ Бишімбаевтың сотында судьяның бір тарапты жақтап, екінші тарапты тұқыртып жатқаны байқалмайды. Бірқалыпты, әдеттегі сот процесі өтіп жатыр,- дейді Ләззат Ахатова.

Ал белгілі журналист Ирина Советжанқызын бұл сот отырысы аса таңқалдырмаған. Себебі журналист бұл сот елде болып жатқан мыңдаған сот процесестерінің бірі ғана деп есептейді.

«Видео дәлел, барлық дәлеліміз бола тұра, кінәлі адам ақталып шықты», - деп маған шағымдарын арқалап келетін адамдардың көптігіне байланысты Бишімбаев соты мені аса таңқалдыра қойған жоқ. Бұл сот - біздің елде болып жатқан көптеген сот процесестерінің бірі және олардың қалай өтетіндігінің бір көрінісі ғана. Тек Салтанаттың жақындарына сабыр берсін деймін. Баласынан, бауырынан айырылғаны аздай, күйеу баласының қызын күстаналап отырғанын, Бишімбаев қорғаушыларының «Басынан неге теппедің?» (Почему не били Салтанат ногами?) деп сотталушыға қойған сұрағын, «Әпкеңіздің көзі ағып кеткенін көрдіңіз бе?» деген сұрақтарын естіп отыру оларға оңай дейсіз бе? қаншама адам экранның бер жағында отырып ол сотты көруге жүйкесі шыдамай жатыр,- дейді Ирина Советжанқызы.

Ол экс-министрдің оқиғаға қатысты айтқан әңгімесіне қарап, істің аяғы ел күткендей емес, басқаша баппен жеңіл жаза алып кетпесе болғаны деген ойын да алға тартты.  

Бүкіл ел жабылып сотты бақылап, сотталушының әйелін ұрғанын, тепкенін, шашынан сүйрегенін камерадан көріп отырсақ та оның кінәсін дәлелдейтін «дәлел» іздеп жатырмыз. «Мас болғанмын ол кезде» деген  адамның сол күннің әр сәтін суреттеп,  дәретхана тесігіне түсіп кеткен дүниелерін түгендеген «әңгімесін» тыңдап, сериал көріп отырмыз қазір. Көріпкелге сенген экс-министрдің «Жедел жәрдемге» жүгінбегенін тыңдап отыруға да жүйке керек.  Ең сорақысы  «Өзі құлады, дәретханаға құлады, еденге құладының» арты – «Абайсызда болған адам өлімі» фактісіне алып келмесе болғаны. Ал, бізде бұл дерекпен ары кетсе үш жыл беріледі.  Оған «қоғамдық орындағы бұзақылық бабын қосып жіберсе, соңғысымен қайта сараланып, қоғамдық жұмысқа тартылсынмен» жаза тағайындалса да таң қалмаймын. Өйткені осыған ұқсас іс туралы таяуда ғана материал жасадым. Еңбекшіқазақ ауданында Күдіктінің қуалап ұрып жүрген видеосы бола тұра, адам өлтірді деп айыпталған адам бостандыққа шыққан. Екі фактінің айырмашылығы - бұл деректе экс-министрдің істі болуы ғана,- дейді ол.

«Бишімбаев ісіне» орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да пікір білдірді. Ол өз сөзінде сот барынша әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.

Сот ашық форматта өтіп жатыр. Бұл — тараптардың талабы. Мыңдаған адам отырысты тікелей эфирден көріп отыр, қоғам, қоғамдағы пікір көшбасшылары, журналистер процесті жан-жақты жазып жатыр. Сот әділ үкім шығаратындығына сенімдімін. Мемлекет басшысы айтқан Заң мен Тәртіп үстемдігі қамтамасыз етіледі. Әйел ретінде, ана ретінде Салтанаттың жақындарының, оның анасының қайғысына ортақпын. Оны соққыға жыққан сәті бейнеленген бейне кадрларды көру де өте ауыр. Әрине, ол қазақстандықтар үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың символына айналып үлгерді және де ашық сот, оның транспаранттілігі әлеуетті қылмыскерлерді ұстауға септігін тигізіп, көптеген өмірді сақтап қалады деп үміттенемін, - деді Аида Балаева. 

Айта кетейік, 6-7 сәуір күндері Италия мен Германияда күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованы қолдау мақсатында бейбіт митинг өтті. Олар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап етті. 

Зарина Сәрсенбайқызы

Барлық жаңалықтар