00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тарихи маңызы талқыланды

Елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тарихи маңызы талқыланды
Фото: Сұлтан Сейтов

Достық үйінде Жеңіс күні мерекесіне орай  «Аталардың ерлігі – жастарға үлгі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Іс-шараға елордалық Қaзақстан халқы Ассамблеясының, Ақсақалдар  кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жастар,әскери бөлімдердің қызметшілері  және басқа да қонақтар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басқосудың негізгі  мақсаты - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тарихи маңызын түсіндіру, ата-бабаларымыздың ерлігін ұлықтау мен насихаттау арқылы  өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизм мен  ұлттық сана -сезімді қалыптастыру.

Іс-шараның модераторы Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсаинова мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзін еске салды. Президент аталған сессияда «Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қастерлі дүниелеріміз бар» деген еді.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысатынын мақтанышпен айта аламыз. Олардың адал еңбегінің арқасында елордада да, елде де ұлтаралық келісім мен толеранттылық сақталуда. Біз өзіміздің игі істерімізбен қазақстандықтардың қиын-қыстау кезеңде жұмылып, ұлты мен кәсібіне қарамастан біртұтас әрекет ете алатынын көрсетеміз. Бүгінгі шара алдағы екі мереке – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналады, - деген Ләззат Құсаинова іс-шараға аталған тарихи маңызы бар күндерге қандай да қатысы бар немесе саласы бойынша күнделікті байланыста қызмет ететіндердің шақырылғанын айтты.

Модератор алғашқы сөзді Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Владимир Божкоға берді.

Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақстаннан резервке 1 миллион 200 мың адам жұмылдырылса, еңбек армиясы үшін 700 мыңнан астам жіберілді. Елімізде әскерге шақырылғандардың ішінде 12 атқыштар, 4 атты әскер, 7 атқыштар бригадасы, 50 әскери батальон мен полк құрылды. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Оның ішінде Бигелдинов, Павлов және Луганский екі мәрте батыр атанды.  Елімізде орналасқан 27 мектеп майданға 16 мың офицер дайындады. 600 000 мың қазақстандық соғыста батырлықпен көз жұмды, - деген Владимир Божко тылдағы ерлердің ерен істерін де атап өтті.

Сондай –ақ   іс-шара аясында Астана қаласы Мемлекеттік мұрағатының ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым» атты мұрағаттық құжаттардың көрмесі өтті.

«Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтардың ерлігі архив құжаттарында» кітабы да көрмеге қойылып, дөңгелек үстелге қатысқан қонақтардың назарына ұсынылды. Бұл архив құжаттарына негізделе отырып жазылған кітап. Соғысқа қатысқан азаматтардың архивтері бізде жеке қор ретінде жиналған. Осы қорларды топтастырып орыс және қазақ тілінде кітап етіп шығардық. Бүгінгі бас қосуға арқау болған даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан  Қошқарбевтар батыр атағын алғанда 20-дан енді асқан жастар еді. Олар тіпті соғысқа баруға жасы да толмай, «19 жастамын» деп өзі сұранып әскерге аттанған. Осының бәрі бүгінгі жиналысқа қатысқан жастарға үлкен тәрбие деп ойлаймын, - деді Астана қаласы Мемлекеттік архив  директоры Жангелді Бимолдин.

Айта кетейік, іс-шарада барлық қатысушылар тарихи күнге деген құрмет ретінде өңірлеріне Жеңіс күніне арналған белгішесін тағып отырды.

Барлық жаңалықтар