00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мемлекеттік маңызға ие

12.12.2023 | 06:30
39
Фото: ашық дереккөз

Соңғы күндері елдің басым бөлігінде сарышұнақ үскірік аяз қысқалы кейбір өңірлердің қысқы науқанға қаншалықты дайындығы білініп қалды. Әсіресе, өткен аптаның 9-10 желтоқсанынан бастап Екібастұз, Балқаш, Теміртау, Риддер қалаларынан бастап, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстарында жылу-су жүйелері мен энергетикалық қамту станциялары істен шығуы және техникалық апатты ошақтардың пайда болуы осы сөзімізге дәлел.   

Ең қызығы, бұл апатты жағдайлар жылда қайталана беретін әдетке айналғандай көрінеді. Мұндай жағдайдың артында жергілікті тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмірі тұр. Және бұған жауапты әкімдердің де жауапкершілігі өз алдына мәселе. 

Естеріңізде болса, былтыр күн суытқанда апатты жағдай туған өңірлердің қала тұрмақ, облыс әкімдері де (Екібастұз, Павлодарда) өз қызметтерімен қош айтысқан еді. Яғни, естуші биліктің жауапкершілігі халықтың хал-ахуалына қарай мемлекеттік саясатын түзей бастауы, жолы жоқ, жылуы жоқ өңірлердің әкімдердің рейтингісіне де едәуір әсер ететінін көрсетті. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында да елдің, өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін күн тәртібінде басымдық берген үш мәселенің бірі ретінде көтерді. Керек десеңіз, өңірлердің жылу электр желілеріне шет елдік инвесторларды тартуды да халықаралық екі жақты форматындағы кездесулерде (Франция, Ресей, Германия елдеріне) жиі ұсыныс ретінде қозғауда. Бір сөзбен айтқанда, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі күнделікті халық тұтынатын нысандардың ұлттық қауіпсіздіктің басты басымдық беретін мәселесі болғаны анық.

Сонымен, кешегі өңірлердегі энергетикалық желілерінің апатты көріністеріне билік дереу назарын салып, жедел техникалық шешімдер жасап үлгерді.  

Бұны Мемлекет басшысы өңірлердің әкімдерімен жылу беру мәселесін талқылаған кезде, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау облыстарының әкімдеріне апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды талап еткенінің нәтижесі деп бағалаймыз.  

Алайда, Президент Үкіметке жылыту маусымына дайындық кезінде олқылықтар жіберілгені туралы ескертті.   

Үкімет басшылығы болса, еліміздегі тозығы жеткен энергетикалық инфрақұрылымдағы бұзылу жағдайларын қоспағанда, жалпы ахуал бақылауда екенін мәлімдеді.  

Ең қызығы, 1991 жылдан бері Қазақстанда бірде-бір жылу электр желілері салынбаған екен. Барлық облыстардың жылу электр желілерінің тозу деңгейі 40-95% аралығында болса, олардың ішіндегі ең көнесі Алматы ЖЭО-1 мен Семей ЖЭО өткен ғасырдың 30-шы жылдарында салынған жабдықтармен жұмыс істеуде. Әрине, бұл өте өзекті энергетикалық қауіптілікті туғызатын мәселе. 

Естуші биліктің әрекетінен, жоғарыда аталған өңірлердің басшылығы жағдайдың оңтайланғаны жөнінде есеп беріп, әлеуметтік желілерде қоғамдық бақылауда екенін түсіндіруде. Осы ретте, жақында Мемлекет басшысының алдында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің астаналықтардың қыс мезгілінде қамсыз жылыту маусымын өткеруі жайлы есебіне тоқтала кеткен жөн. 

Тура бір жыл бұрын, қала басшылығы ерекше назарға алған нысандардың, яғни биыл күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің және үшінші ЖЭО-ның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталғаны туралы белгілі болды. 

Бұл өз кезегінде, елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін аталған нысандардың қуаты – сағатына 1 140 гигакалорияны құрауы, қаланың ұзақ уақыттан бері алғаш рет биылғы жылыту маусымында жылу энергиясына деген сұранысты артығымен қамтитындығын көрсетеді. Алдағы жылы қалада «Тельман» газ жылу станциясының бірінші және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңі пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Бұл нысандар қаланы қосымша 850 Гкал/сағат жылумен қамтуға септігін тигізетіні анық. 

Міне, осы себепті, Астананың бүгіндері -25, -31 градус суық жағдайында қаланың инженерлік инфрақұрылымының дайындығы көңілде жылу ұялатып, қала әлеуметінің күйзеліссіз тұрмыс-тіршілігімен айналыса беруіне септігін тигізеді. 

Жалпы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі қай мезгілде де мемлекеттік саясаттың күн тәртібіндегі үнемі маңызға ие бағыты болмақ. Суы мен жылуы, жарығы мен отыны жоқ өткен тоқсаныншы жылдар келмеске кетті, уақыт мемлекеттің кәсіби ұйымдастырылуы мен сенімді даму саясатын қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, еліміз жүйелі бағдарына түсті.

Мақсат ЖАҚАУ

Барлық жаңалықтар