00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Дубайға сәуірде барсаңыз, нені қызықтауға болады?

Дубайға сәуірде барсаңыз, нені қызықтауға болады?
Фото: ашық дереккөз

Дубайға төрт-бес күнге жолыңыз түссе, нені тамашалауға болады? Elorda.Info тілшісі жолжазбасында Біріккен Араб әмірліктеріндегі заманауи туристік қаланың алдымен көзге түсетін қызықтары туралы айтты.

Бұл елге алғаш барғандықтан, әлбетте, туристік агенттіктің көмегіне жүгіндік. Әйтпесе ебін тауып, 20 мың теңгемен-ақ әмірліктердің біріне топ етіп түсіп, 120 мың теңгемен қыдырып жүрген әккі саяхатшылар бар. Дегенмен «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» деген бар ғой, өзге елде сансырап қалмас үшін қайда барып, қайда түнейтініңді сенімді қолға тапсырып қойғанның да артықтығы жоқ.

Көптеген туристер 5 жұлдызды қонақүйлерді таңдамайды

Астанадан Дубайға ұшақ төрт сағат ұшты. Әуежайдан гидімізді тауып, туристердің бас-аяғы жиналған соң, арнайы дайындалған көліктер қонақүйлерге қарай жол тартты. 6 жолақты кең тасжол сайрап жатыр, көлік кептелісі жоқ. Қарбалас сағаттарда адамға лық толы автобустарда кептелісте тұрып шаршаған адам үшін мұндағы жағдай ерекше әсерге бөлейді екен.

Туристерді қонақүйлерге таратқанша БАӘ-дегі сағат белдеуі бойынша (біздің елден 1 сағатқа кейін) түс те болды. Түскі асқа үлгеріппіз. Біз тоқтаған 5 жұлдызды қонақүйде 5 ресторан бар деп жарнамалағанмен, мұнда соның 3-уі ғана жұмыс жасап тұр. Біреуі - фуршет түріндегі ресторан. Бұл мейрамхана тағамдар мен тәттілер және көкөністер мен жеміс-жидектердің алуан түрлілігімен бізді қызықтырды, бірақ әттеген-айы, шай жоқ, сұрап ішесің. Алайда кейін бөлмеңізде отырып кеткен есеңізді түгендеп, құрыс-тырысыңызды жазып, шөліңізді қандырып алуға болады. Ал екіншісі итальян рестораны, ондағы тағамдарға талғамыңызға қарай тапсырыс бересіз.  Ыстық тағам, салат және сусынды бір-бірден ғана таңдай аласыз. Ал үшіншісі кафе-бар болып шықты, мұнда фаст-фудтың сан түрі бар. Бір қызығы, мұнда алкогольдік ішімдік ішуге рұқсат беріледі. Бұл мейрамханалардың қай-қайсысына да All inclusive, яғни жолдамаңызда бәрі үшін төленген болса, емін-еркін тегін кіре аласыз. Кейбір жолдама құнында тек таңғы ас қана енгізіледі.

Негізінен, көптеген саяхатшылар сол үшін де All inclusive-ті немесе  5 жұлдызды қонақүйлерді таңдамайды екен. Оның есесіне елден үлкен шабаданға қазы, ет консервісі, колбаса, сыр, тез пісетін лапша алып баратын көрінеді. Ал жеміс-жидек, көкөністі сол жердегі супермаркеттерден алуға болады. Мұндағы баға сол елдегі өзге сауда нүктелерімен салыстырмалы түрде алғанда арзан деп айтылады.  Жүрген жеріңіздегі бағасы «тістемейтін» кафелерден тамақтанып алуға болады. Ал жағалаудағы мейрамханалардың бағасы аспандағы айды сұрап тұр. Себебі, доллардың қымбаттығы өз алдына, БАӘ валютасы дирхамның құны біздің теңгеден үш есеге жоғары екендігі тағы бар.

Алғашқы күніміз текке кетпесін деп жағажайға қарай бет алдық. Парсы шығанағының жағалауында орналасқан жағажайлар көп. Осындай демалыс орындарын көбейту үшін арабтар су ішінен бірнеше жасанды аралдарды жасағаны да белгілі. Соның ішіндегі Пальма Джумейра деп аталатын арал - әлемге әйгілі 7 жұлдызды желкен бейнесіндегі қонақүй мен Бурдж-Халифа мұнарасынан кейінгі БАӘ-нің маңдайалды демалыс орындарының бірі. Дегенмен соңғысынан басқасының құрылысы мен инфрақұрылымы сәтсіз аяқталғанға ұқсайды. Жалпы айтқанда, БАӘ-нің астанасы Абу-Дабимен тең түсетін Дубайда жағажайлардың ақылысы да, тегіні де жетерлік. Үнді мұхитының суы жылы, бірақ ащы екен. Судың әрі ылғалды ауаның әсерінен ертесі күні-ақ теріңіздің иіс майсыз-ақ жұп-жұмсақ болып, теп-тегіс болып қалғанын байқайсыз. Жағалауда да сауда дүңгіршіктері көп. Ол жерден  кәдесыйлар алып, балмұздақ, шырын, манго, какос сияқты жемістердің дәмін татуыңызға болады.  Одан соң Дубай Маринадағы жаяу жүргіншілер жолымен серуендедік. Негізінен, демалыстың мәнін түсінетін ақ нәсілді еуропалықтар күні-түні жағалаудан шықпай, күннің көзіне қыздырынып жатады. Одан қалса, қонақүйлердегі ашық аспан астындағы салқын бассейндерге көбірек түскенді қалайды екен. Ал маусым бұған өте қолайлы. Күн қатты ыстық емес, су жылы. Жалпы, БАӘ-дегі шомылу маусымы - қараша мен сәуір аралығындағы уақыт.

Ақша үнемдеу үшін метроға мінген дұрыс

Мұнда такси қызметі өте қымбат екен. Алыстау жерлерге, теңгемен есептегенде, 10-12 мың, жақын маңның өзіне жету үшін таксиге  5-6 мың теңгеңізді беруге тура келеді. Бұны Дейра ауданындағы Gold Souk деп аталатын алтын мен асыл тастар сататын сауда орталығына таксимен барғанда байқадық. Тағы бір ескерерлік жағдай, негізінен, үлкен таксопарктердің қызметіне жүгінген дұрыс. Саудаласпасаңыз, таксишілер жолақысын өсіріп сұрай береді. Мұнда таксилер бірыңғай Toyota маркалы көліктерден екен.  Ал ақшаңызды көбірек үнемдеу үшін метроға мінуіңізге болады, ол үшін билет сатып алуыңыз керек. Ал көшелерден бір ескі көлік кездестірмейсіз.

Сонымен алтын базарына келдік. Шыны көрмелер лимон түсті сап-сары алтындарға малынып тұр. Тіпті, «Мынау қап-қалың сауыт сияқты өңіржиектер таза алтын ба?» деп те таңғаласың. Өкінішке орай, мұндағы алтын біздің елдегідей арзан болмай шықты. Бір саудагердің айтуынша, себеп алтын құрамының жоғары болуында. Мәселен, мұндағы алтындар 750 сынамалы болып келеді, ал біздің елдегідей 583, 585 деген сынамалар жоқ.  

Дубайда туристер бармай кетпейтін көрнекті жерлер

Тағы бір күніміздің жартысын қаланың кешкі қызығын көруге арнадық. Шаһардың қымбат ауданында орналасқан Дубай Моллда туристер көп айналшықтайтын жердің бірі - алып Океанариумда 30 мың балық пен түрлі теңіз жануарлары бар. Әрине, бренд киімдер дүкендері, үй жиһаздары мен ыдыстар, алуан түрлі сувенирлер, құрма мен тәттілердің түрінен бас айналады.  

Бурдж Халифа мұнарасына «жан бітіп», ән айтатын субұрқақтың атқылауын біраз сағат күтуге тура келді. Осы сәтті күткен туристер қарасы мол болды. Кеш батып ымырт үйрілер сәтте әлемдегі ең биік, 828 метрлік ғимарат динамикалық музыканың әсерімен жалт-жұлт етіп құбылып, субұрқақтар ән сала бастады

Шаһардан ақшаның иісі шығады

Келесі күні тағы да жағажайға барып, кейін қонақүйдегі ашық аспан астындағы бассейн мен СПА-ға барып көрдік. Дегенмен, ең қажеті, массаж ақылы екен. Бағасы теңгемен есептегенде 60 мың. Бірден көзге түскені, көшелер тап-таза. Ал ауадан әлдебір тәтті аралас ашқылтым шығыстық иіс шығып тұрады екен. Мұндай иіс қонақүйден, сауда нүктелерінен одан да анығырақ байқалады. Білетіндердің айтуынша, мұнда жиі «лемонграсс» деп аталатын лимон шөбін түтетеді екен. Кей туристер бай қаладан «ақшаның» иісі шығады деп жатады. Ал ыстық та ылғалды ауа иісті ұзақ ұстап тұратын көрінеді. Сонымен қатар, спиртсіз, эфир майлары арқылы жасалған иіссу сатушыларды жер-жерден кездестіресіз. Соған қарағанда, мұнда иіссу саудасы да қызып тұрғанға ұқсайды.

Тағы бір байқағанымыз, қала көшелері, қызмет көрсету орындарынан жергілікті арабтарды көп кездестіре бермейсіз. Көбіне туристер, оның ішінде үндістер, тайландтықтар, басқа да қара нәсілділер көп. Қарапайым қызметті де осылар және басқа араб елдерінен келгендер атқаратын сияқты. Жалпы, статистикаға көз жіберсек, былтыр Дубайға 17 млн-дай турист келген. Бұл - бұрынды-соңғы болмаған рекордтық көрсеткіш.  Ал Дубайдың тұрғылықты халқы 3 млн-нан сәл ғана асады. Мұнда араб тілінен басқа ағылшын тілі кеңінен қолданылады. Кез келген адаммен ағылшын тілінде ғана түсінісе аласыз.

Дубайда демалу үшін қанша күн керек?

Жалпы бұл қалада демалу үшін 4-5 күн аз болады екен деген тұжырымға келдік. Біз әлі Сафариге сапар шекпедік, Болашақ музейіне, Джумейра мешітіне бармадық, Дубайдағы көне қаланы араламадық. Әйтсе де мұның бәрін ойша келесі сапарымызға қалдырдық. Біз елге оралған күні Дубай бұрын-соңды болмаған көп мөлшерде түскен жаңбыр суынан зардап шеккенін естідік. Бұл да Алланың бізді қиындықтан сақтағаны болар.  

Барлық жаңалықтар