00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Елімізде алғаш рет ШЫҰ цифрлық форумы өтіп жатыр

01.02.2024 | 11:28
29
Фото: дереккөз

Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамытуға жауапты министрліктер мен ведомстволарының басшылары мен өкілдері, ШЫҰ диалогы бойынша серіктестер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Қазақстан цифрландыру саласында, GovTech-те және ақпараттық технологияларды дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Тұрақты өсу елді аймақтағы жетекші экономикаға айналдырды, бұл өмір сүру деңгейінің жоғарылауына және кедейліктің төмендеуіне ықпал етті, орташа жылдық өсу қарқыны 5%-ды құрады, – деп атап өтті Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, Қазақстан өзін GovTech саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде көрсетті, бұл ретте электрондық үкімет өнімдері әлемдік рейтингтерде жоғары бағаға ие болды.

Сондай-ақ, министр Astana Hub халықаралық технопаркі резиденттерінің табысты қазақстандық IT-стартаптарын атап өтті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының Astana Hub тәжірибесін масштабтау жөніндегі тапсырмасы аясында 12 өңірлік технопарк ашылды.

Astana Hub-тың халықаралық компаниялар арасындағы артықшылығы мен тартымдылығы – бұл визалық және салықтық преференциялар, эксаумақтылық, онлайн тіркелу мүмкіндігі, сондай-ақ акселерациялық бағдарламаларды іске қосу. Орталық Азия өңірлері арасында Astana Hub Google for Startups-тің алғашқы серіктесі болды, соның аясында «Silkway Accelerator» бірлескен акселерациялық бағдарламасы әзірленді. 2 жылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде түлектердің саны 2 есеге артты, бұл компаниялар Таяу Шығыс, АҚШ және Еуропа нарықтарына шығып үлгерді. 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда (190,5 млн АҚШ долллары) IT-қызметтердің экспорты 99%-ға өсті, бұл 2023 жылдың 9 айында – 373,4 млн АҚШ долларын құрады, – деді ол.

Сондай-ақ, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда транзиттік трафикті өңдеу және сақтау үшін ірі Дата-орталықтар салу жоспарлануда.

ШЫҰ елдері арасындағы өзара іс-қимылды және транзиттік әлеуетті ұлғайту, сондай-ақ өңірлік дата хабты құру аясында деректерді сақтаудың бірлескен базаларын әзірлеу жөніндегі күш-жігерді біріктіру ұсынылады.

Осыған байланысты ШЫҰ елдерінің қатысуымен спутниктер құрудан бастап, цифрлық платформаларды іске асыруға дейінгі бірлескен жобаларды енгізу ұсынылады. ШЫҰ елдері негізінде спутниктік топтарды бірлесіп құру, сонымен қатар, топқа қатысушы барлық елдердің ғарыштық суреттеріне ортақ қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бір аумақтың ғарыштық түсірілім жиілігін арттырады. Жоғары жиіліктегі ғарыштық түсірілім төтенше жағдайларға, табиғи ресурстарға, антропогендік әсерге және басқа аспектілерге жедел ғарыштық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

Жиын барысында қатысушылар өз елдеріндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы озық тәжірибелерін, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудағы табысты кейстерін бөлісті, тұрақты даму үшін цифрландырудың сын-қатерлері мен перспективалары, цифрландыру мен жаңа технологияларды дамыту жоспарлары және перспективалары туралы өзара пікір алмасты.

Жиын соңында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға жауапты министрліктері мен ведомстволары басшыларының келесі кеңесі 2025 жылы Қытай Халық Республикасында өтетіні жөнінде келісті.

Барлық жаңалықтар