00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қарсыласыңды жеңу үшін, алдымен, өзіңді жеңуің керек – әлем чемпионы

27.02.2024 | 05:13
54
Фото: Мадина Жомартова

Мадина Болатқызы – көпбалалы отбасының тұңғышы. Кішкентайынан спортты жанына серік еткен қайсар қыз бүгінде белбеу күресінен спорт шебері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Ол өткен жылы әлем чемпионы атанды. 

2018 жылдан бастап түрлі жарысқа, алуан турнирлерге қатыса бастадым. Мәселен, 2018 жылы Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Рафик Валиев атындағы турнирде жүлделі 2-ші орынды иелендім. Одан кейінгі маңызды жарыстардың бірі, бұл – 2022 жылы өткен Қазақстан чемпионаты. Сол жылы мен жарыстың 3-орын иегері болдым.  Биыл жасөспірім арасында чемпионат болды. Бұл сайыста жүлделі 1-ші орынды жеңіп алдым. Бұл жеңіс маған әлем чемпионатына қатысуға жол ашып, үлкен спорт додасына жолдама берді. Сөйтіп, былтыр Тәжікстанның Худжант қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, өзім көптен бері мақсат еткен жеңіс тұғырына көтерілдім. Яғни, белбеу күресінен әлем чемпионы атандым, - дейді Мадина Болатқызы.

м.jpg

Жас спортшы осыған дейін талай боз кілемде белдесіп, қарсыластарының арқасын жер иіскетіп жүрсе де, ол үшін осы әлем чемпинатының орны бөлек екенін айтады. Өйткені әлем мықтыларын мойындату жолында бұрынғыдан да көп тынбай еңбек етіп, моншақтататып тер төкті. 

Спортшыны биік шыңға шығаратын, бұл - күнделікті жаттығулар. Қарсыласыңды жеңу үшін, әуелі, өзіңді жеңуің керек. Аталған әлемдік додада мен 52 кг салмақта бақ сынайтын едім. Оған дейін бірнеше кг салмақ тастауға күш салдым. Қиындық та болды, уайым да аз болмады. Десе де күнделікті жаттығуды жібермей, шынықтым. Жарысқа бір ай қалғанда жаттығудың қалыпты жағдайын тоқтатып, жүктемені екі есе көбейттім. Бұған жаттықтырушыларымның да еңбегі сіңді. Сондай-ақ ата-анамның көп қолдауын сезіндім, - дейді балуан қыз. 

м2.jpg

Кейіпкеріміз бізбен болған шағын әңгімесінің аяғында барлық нәзік жандарды алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Аяулы аналар, апа-сіңлілер, дос-құрбыларды көктем меркесімен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдилеген аналарымыз аман болып, еліміз гүлдене берсін! - деп тіледі спортшы.

Барлық жаңалықтар