00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада Сәкен Сейфуллин шығармашылығына арналған көрме өтіп жатыр

31.03.2023 | 22:14
Елорда ақпарат
68

Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайында «Латын және төте қарпімен жазылған Сәкен шығармалары» атты көрме өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Алдағы ақпан айында елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылғанына 35 жыл толады. Осы жылдар ішінде шежірелі шаңыраққа көптеген жәдігерлер жинақталды. Арасында Сәкен шығармашылығына қатысты төте жазу мен латын графикасымен жарық көрген еңбектер де бар.

Сәкен Сейфуллин өмір сүрген кезеңде қазақ әліпбиі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасы негізінде қазаққа лайықтаған төте жазудан латын графикасына көшірілді. Бұл – 1929 жылы еді. Бұдан былай 1940 жылға дейін елімізде жарық көрген еңбектер латын әріптерімен шықты. Музейге келушілер соны 24 қаңтарға дейін тамашалай алады.

Бір атап өтерлігі, көрмеге қойылған еңбектердің арасында Сәкеннің төл туындылары ғана емес, ол құрастырған кітаптар да бар. Соның бірі - 1935 жылы Алматының Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққан Ыбырай Алтынсариннің өлеңдер жинағы. Сәкеннің алғысөзімен жарық көрген кітапқа Ыбырайдың 25 өлеңі енгізілді.

Осы күнде кейбіреулер Ыбы­райдың істерімен таныс болма­ғандықтан, сол бұрынғы ескішілерде таратқан өсектерінің қалдық сарынымен «Ыбырайдың заманында қазақ көпшілігіне қадырсыз болған еді»  деген сияқты теріс сөздерді қолданатын сияқты. Талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша қадірлі болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел балалар, оқылық» өлеңін жатқа білмеген оқушы болмаған. Ал «жас буын қадірлеген Ыбырайдың қазақ көпшілігіне қадірі жоқ еді» деушілік тек қазақтың кешегі күнінен ештеңе білмегендіктен туған сөз. Әдебиет тарихымызда керек болсын деп, әзірше Ыбырайдың осы сөздерін жинап жібердік» деп жазды онда Сәкен Сейфуллин.

1914 жылы, жиырма жасында Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Ал әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы төте жазумен 1927 жылы және латын графикасымен 1936 жылы шықты. Көрмеге қойылған еңбектердің арасында 1932 және 1935 жылдары Сәкеннің шығармалары енген «Әдебиет майданы» журналы, 1973 жылы шыққан «Лотос» атты афро-азиялық өлеңдер альманахы, «Социалистан», «Экспресс» кітаптары және жары Гүлбаһрамға жазған хаттары бар.

                                                                                    Аманғали ҚАЛЖАНОВ   

Барлық жаңалықтар