00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Василий Жировтың «даңқ залына» кіруі ерекше жайт па?

26.05.2023 | 18:00
23
Фото: Getty images

Өткен аптада «Балқаш барысы» лақап атымен қазақ жұртына танымал Василий Жировтың есімі «Даңқ залына» енгізілді, деп хабарлады Elorda.info.

Даңқ залы қалай пайда болды?

1990 жылы Нью-Йорк штатына қарасты 4556 тұрғыны бар Канастота ауылында кәсіпқой бокстың жанкүйері Эд Брофи 50 мың доллар грантымен «Даңқ залын» ашуға шешім қабылдайды. Себебі, Канастота ауылынан Кармен Бразилио, Билли Бэкус сынды әлемге танымал боксшылар шығып, ауылдың мақтанышына айналған еді. Ал Эд Брофи жергілікті және әлемдік кәсіпқой боксшыларды есте сақтап әрі насихаттау мақсатында осындай идеяны әзірге дейін жүзеге асырып келеді. 

«Даңқ залына» кіретіндер 7 санатқа бөлінеді:

Заманауи кәсіпқой боксшылар (1943 жылдан кейін жекпе-жек өткізгендер)

Аңыз боксшылар (1893-1942 жыл аралығында жекпе-жек өткізгендер)

Ерте замандағы боксшылар (1892 жылға дейін жекпе-жек өткізгендер)

Заманауи әйел боксшылар (1989 жылдан кейін жекпе-жек өткізгендер)

Аңыз әйел боксшылар (1988 жылға дейін жекпе-жек өткізгендер)

Боксқа еңбегі сіңген журналистер

Промоутерлер

«Даңқ залына» енуге кез келген кәсіпқой боксшы өтінім бере алады. Ал шешім арнайы коммисия қорытындысы бойынша шығарылады.

5.jpg

Даңқ залында неше боксшы бар?

Заманауи кәсіпқой боксшылар – 150-ден астам кәсіпқой боксшы кіреді. Ең алғаш тізімге Мұхаммед Әли кіргізілген. ТМД-дан Костя Цзю, Виталий Кличко, Владимир Кличко ғана енген.

Аңыз боксшылар – 131 боксшы

Ерте замандағы боксшылар – 43 боксшы

Заманауи әйел боксшылар – 8 

Аңыз әйел боксшылар – 4 

Боксқа еңбегі сіңген журналистер – 26 

Промоутерлер – 111 

Қазақстанның кәсіпқой бокс тарихында Василий Жиров алғаш болып осы тізімге енді.

Василий Жиров қандай жетістіктерді бағындырған?

1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әлем чемпионаты Тампереде (Финляндия) өтті. Сол сәтте 75 келіде бақ сынаған Василий Жиров қана құрамадан жалғыз қола иемденді.

1994 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында қола алды.

1994 жылы Азия чемпионатында қола, 1995 жылы Ташкент төрінде чемпион атанды.

1995 жылы Ташкентте өткен Орталық Азия ойындарында жеңімпаз болды.

1995 жылы Берлинде өткен 2-ші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына 1 күміс, 1 қола жүлде бұйырды. Василий Жиров 81 келіде 3-орын алды.

1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада Василий Жиров бокстан ел тарихында алғашқы топ жарған спортшы атанды.

Олимпиада ойындарында ең үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогы да Василий Жировқа бұйырды.

1997 жылы 18 қаңтарда кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. 2003 жылға дейін 31 қарсыласынан басым түсіп, 6 жыл бойы ешкімнен жеңілмеді.

1999 жылы IBF тұжырымы бойынша 1-ші ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Артур Уильямспен жұдырықтасып, 7 раундта техникалық нокаутпен жеңді. 2003 жылға дейін чемпиондық атағын 6 мәрте сәтті қорғады.

Қазақстан тарихында кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы.

2003 жылы атақты Джеймс Тонимен қолғап түйістіріп, 12 раундтың қорытындысы бойынша 109-117, 109-117, 110-116 есебімен жеңілді.

2004 жылы ауыр салмаққа ауысуға шешім қабылдады. Ол кәсіпқой бокста мүлдем жеңілмеген һәм нокаутер Джо Месимен (28-0, 25 KO) 10 раундтық айқас өткізді. Василий Жиров қарсыласын 9 раундта 1 мәрте, 10 раундта 2 мәрте нокдаунға құлатты. Алайда төрешілер жеңісті 93-94, 93-94, 93-94 есебімен Джо Месиге берді. Бұл жекпе-жек жайында Джо Меси егер тағы 1 раунд болғанда, өмірмен қоштасуым мүмкін еді дейді. Себебі, дәл осы айқастан кейін дәрігерлер басынан жарақат алған Джо Месиге боксты тастауға үгіттеп, 25 ай бойы рингке шығуға рұқсат бермеді.

2009 жылға дейін кәсіпқой рингте 42 жекпе-жек өткізіп, 38-інде жеңіске жеткен. 3 мәрте жеңіліп, 1 рет тең түсті.

Қазір Аризон штатында жеке спорт залында балаларды бокске баулиды.

Қанат Байұзақов

Барлық жаңалықтар