00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Паралимпиада: 28 жыл күткен жолдама

06.07.2023 | 20:41
49

Волейболды отырып ойнаудан Астанада алғаш рет өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы Қытай құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, 28 жылдан кейін қайта Париж Паралимпиадасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Волейболды отырып ойнаудан сонау 1996 жылы Атланта Паралимпиадасында бақ сынаған Қазақстанның ерлер құрамасы 12 елдің арасында 8-орынға тұрақтаған еді. Одан кейінгі Паралимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары тек жеке сындарда бақ сынаған болатын.

Енді Астанада өткен лицензиялық Азия чемпионатында ерлер құрамасы А тобында Жапония және Ирак құрамасымен бірге түсті.

А тобы

Қазақстан – Жапония 3:0 (25:5, 25:16, 25:15)

Қазақстан – Ирак 3:0 (25:15, 25:10, 25:14)

½ финал. Қазақстан – Қытай 3:2 (21:25, 25:21, 19:25, 25:21, 15:12)

Бұл құраманың басты ерекшелігі – Қазақстан командасының 14 ойыншысы да кіл қазақтардан құралған:

Алмат Оспанов (1982 жыл), Қуаныш Тәжіков (1986 жыл), Бауыржан Сартаев (1988 жыл), Пердебай Намуратов (1989 жыл), Ақылбек Шикибаеев (1986 жыл), Нұртау Мұқанбетқалиев (1983 жыл), Берік Ізмағанбетов (1985 жыл), Жанғали Суевов (1983 жыл), Бауыржан Оразалиев (1986 жыл), Ерлан Битеміров (1991 жыл), Шыңғыс Медеуов (1992 жыл), Ерік Қасқабаев (1986 жыл), Ерболат Алтаев (1986 жыл), Ерасыл Әбдібек (2005 жыл).

Осы орайда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауовпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Параволейболдан Қазақстан құрамасының 14 ойыншысы кіл қазақтардан құралыпты. 1996 жылы өткен Атланта Паралимпиадасында 12 адамның 5-уі қазақ еді. Осыған тоқталсаңыз? 

Ең алғаш параволейболдан 1987 жылы Алматы қаласында құрылып, КСРО чемпионатында өнер көрсетті. Өзіңіз білетіндей, ол кезде Алматыда орыс ұлтының саны басым болды. Тәуелсіздік алған сәтте өзге ұлттардың көпшілігі тарихи отанына оралып, кей мықты ойыншылар кетіп қалды. Содан кейін бірте-бірте қазақтардың саны көбейді. Қазір Қазақстан чемпионатында 12 команда бақ сынайды. Оның барлығы дерлік қазақтардан құралды десе болады. Ұлттық құрамаға 9 ойыншы Атырау облысынан (10 мәрте қатарынан ел чемпионы атағын сақтап келеді), 3 ойыншы Қызылорда облысы, 2 ойыншы Маңғыстау облысынан шақырылды.

- Құраманың орташа жасы? Болашаққа резерв жұмыстары қалай жүргізілуде? 

Қазақстан құрамасының орташа жасы 30-40-ты құрайды. Кей ойыншылар 2009 жылы Иранда өткен әлем чемпионатында қола жүлде алған. Басым ойыншылар Атырау облысынан құралған. Олар бір клубта ойнағандықтан, өзара бір-бірін жақсы түсінеді. Нәтижесінде ұлттық құрамада да алға жылжушылық бар. 30 жылдық тарихы бар ел чемпионатында мықты аймақ ретінде Атырау мен Қызылорда облысын айтар едім.

- 28 жылдан кейін қайта Париж Паралимпиадасында бақ сынайсыздар. Бұған дейін мүмкіндік болды ма?

Иә, Қазақстан параволейбол құрамасы Токио Паралимпиадасына қатысуы керек еді. Бірақ соңғы сәтте 2 турнирдің шешуші ойынында қарсыластарымызға есе жібердік. Әсіресе Германия жерінде өткен лицензиялық жарыста жеңіске жақын тұр едік. Сол мүмкіндікті уысымыздан шығарған соң, жаттығуға кірісіп, Париж Паралимпиадасына қатысуға мақсат қойдық.

2019 жыл. Токио Паралимпиадасына лицензиялық турнир. Таиланд

Қазақстан – Қытай 0:3 (26:28, 14:25, 15:25)

2021 жыл. Токио Паралимпиадасына лицензиялық турнир. Германия

Қазақстан – Германия 1:3 (25:17, 13:25, 21:25, 23:25)

- Астанада өткен Азия чемпионатында Париж Паралимпиадасына жолдама алдыңыз. Қарсыластардың деңгейі қандай болды?

Елімізде алғаш рет өткен Азия чемпионатында негізгі қарсыласымыз Ирак пен Қытай болды. Себебі, Иран құрамасы былтыр өткен әлем чемпионатында топ жарғандықтан, Париж Паралимпиадасына лицензия алып қойған. Қуанышымызға орай, жанкүйерлердің қызу қолдауы мен оқу-жаттығу жиындарының жиі өткізілуі өз жемісін берді. Азия чемпионатына қатыспас бұрын, біз Иран құрамасымен оқу-жаттығу жиынын өткізген болатынбыз. Осыған дейін 2018 жылы Пара Азия ойындары мен 2019 жылы лицензиялық турнирде Қытайға есе жіберген едік. Қарсыластардан бойымыз кішкентай болса да, жылдамдық, жанкештіліктің арқасында жеңіліп жатып, Қытайдан жеңісті тартып алдық.

Бұл біріншілікке 1996 жылы Атланта Паралимпиадасына қатысқан ардагерлерімізді шақырдық. Сол кісілердің көзінше ұзақ жылдардан кейін қайта Париж Паралимпиадасына жолдама иелендік.

- Паралимпиада ойындары мен әлем чемпионатында Иранға қарсы тұрар мемлекет аз. Олардың мықтылығы неде?

Иран чемпионатында 100-ден астам клуб бақ сынайды. Қаржыландыру деңгейі, инфрақұрылым жақсы дамыған. Жоғарғы лиға, бірінші дивизион сынды деңгейге бөлінеді. Бірнеше мың параволейболшының арасынан 14 мықтысы ғана ұлттық құрамаға ілінеді. Салыстырмалы түрде елімізде 12 команда бар.

- 2022 жылы Сараевода (Босния және Герцеговина) өткен әлем чемпионатында рекордтық 7-орынға табан тірепсіздер?

Иә, алдында айтқанымдай, 1 айда 15-20 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Әр спортшы тәулігіне тұрақты түрде 4-5 сағат жаттығады. Соның арқасында ширек финалға дейін бардық.

Нәтижелері:

Топтық кезең:

Қазақстан – Хорватия 3:0 (25-21, 25-22, 25-23)

Қазақстан – Иран 0:3 (12:25, 18:25, 7:25)

Қазақстан – Ирак 3:0 (25-13, 25-17, 25-19)

1/8 финал.

Қазақстан – Сербия 3:0 (25-19, 25-10, 25-15)

¼ финал.

Қазақстан – Босния және Герцеговина 0:3 (12:25, 24:26, 18:25)

5-8-орында үшін өткен ойындар.

Қазақстан – Германия 2:3 (17:25, 25:20, 25:23, 17:25, 9:15)

Қазақстан – Украина 3:2 (25-21, 23-25, 25-13, 23-25, 19-17) 

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар