00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

1996 жыл: Қазақстан құрамасы алғашқы Атланта Паралимпиадасына қалай барды?

05.07.2023 | 22:00
50
Фото: Нұралы Құлышов

1996 жылы Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде бірінші мәрте қатысқан жазғы Атланта Олимпиадасының жүлдегерлерінің атын әлі күнге дейін айтып, құрмет тұтамыз. Олардың қатарында Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мәулен Мамыров т.б спортшылар бар. Ал алғаш рет жазғы Атланта Паралимпиадасына барған сәт баспасөз беттерінде жазыла ма? Міне, сол сәтті еске түсіріп, пара волейболдан Қазақстан құрамасының мүшесі болған Нұралы Құлышовпен мен, Elorda.info тілшісі сұхбат құрдық.

флаг бир.jpg

-Пара волейболға қалай келдіңіз?

- Мен 1958 жылы Омбыға жақын Солтүстік Қазақстан облысының шекарасында көп балалы (13 бала) отбасында өмірге келдім. Туғанымнан жамбасым ауырды. Кішігірім ауыл болғандықтан, 4 жасыма дейін қандай аурумен ауырғанымды білмеді. Әкем қолымен балдақ жасап беріп, сонымен жүрдім. Артынша Шымкентте 2 жыл емделіп, 6 жасымда жүретіндей халде болдым. Дәрігерлер аяғым кеуіп қалмас үшін, үнемі жаттығу жасауға кеңес берді. Нәтижесінде анам күнделікті таңертен жаттықтырды. Артынша ауылда қыста шаңғы, хоккей, жазда футбол, волейбол ойнаумен өстік.

Мектеп бітірген соң, техникумда ауыл шаруашылығы бойынша оқып, шаңғымен (күнделікті 30 шақырым), волейболмен тұрақты түрде айналыстым. 2 жылдық (спорт бөлімі) әскерге барып та келдім. 1982 жылы Маңғыстау облысына күнкөріс мәселесімен зауытқа кіріп, сол күйі отбасыммен тұрақтап қалдық. 1990 жылға дейін құрылыста істеп, бос уақытта тас жолда шағын футбол ойнадым. Салдарынан 1991 жылдың басында жүре алмай, Мәскеуге барып, аяғыма протез салды.

Балдақпен жүретін кезім. Бір күні кездейсоқ Маңғыстаудың жергілікті газетінде мүгедектерге арналған спорт клубы бар екендігін көзім шалды. Әйелім «Балдақпен қайтесің? Одан да үйде отырсаңшы» - деп, қарсы шықты. Мен қызығушылықпен барып, үстел теннисіне жазылдым. Сол жерде отырып ойнайтын волейболда 1 адам жетпеген соң, кіре салдым. Алғаш рет ойынымды көрген командаластарым бірден мені капитан ретінде сайлады. 1991 жылы Алматыда өткен чемпионатқа барып, 8 команданың арасында күміс жүлдеге ие болдық. Нәтижесінде қазақ тарихындағы атақты волейболшы Жәнібек Саурамбаев мені Қазақстан құрамасының тізіміне қосты. Жалпы, тек отырып ойнайтын волейбол ғана емес, жағажай волейболы, жеңіл атлетика, суға жүзуден ел чемпионы атанғанмын.

-Тәуелсіздік жылдарындағы пара волейболдың жағдайы қандай болды?

- Қазақстанда отырып ойнайтын волейболдың дамуы 1991 жылдан басталады. Негізі 1987 жылдан бері негізі қаланып, КСРО чемпионатына Алматы құрамасы тұрақты түрде қатысты. Қалған командалар тәуелсіздіктен кейін біртіндеп дамыды. Өкініштісі, Алматы командасындағы кей мықты ойыншылар тарихи отандарына көшіп кетті.

Өзіме келетін болсам, 1992 жылы Маңғыстау облысында мүгедектер спортының негізін қалап, федерация құрдым. Алғашында жеңіл атлетика мен отырып ойнайтын волейбол болды. Ол кездері заман қиын. Көпшілігі жұмыс болмай, күнкөріс үшін базарға шықты. Мен де адам жинау мақсатында базарға барып, кәсіби көзбен мүгедек жандарды жинадым. Қиқалаңдаған адамды көрген сәтте жанына барып, волейболға шақырдым. Олар шошып кетіп, «өзім аяғыммен әрең жүргенде, волейболы несі» деп, қарсы шықты. 3-4 жылда мүгедектерді жинап, іріктеп, спортқа бейімделе алмағандарымен қоштастым.

1992 жылы алғаш рет Словенияда өткен Еуропа кубогына қатысып, 12 команданың ішінде 11-орын алдық. Қарсыластарымыздың бойы ұзын болды.

1994 жылы Қытайда өткен Азия ойындарында алғаш рет чемпион атанып, Атланта Паралимпиадасының жолдамасын иелендік.

-1996 жылғы Атланта Паралимпиадасына Қазақстан атынан тек пара волейбол құрамасы қатысты. Жарыс қалай өтті?

- Атланта Паралимпиасына 12 адам (6 қазақ, 6 орыс) әр жерден демеуші тауып, АҚШ-қа аттандық. Қаржымыз шектеулі болғандықтан, Паралимпиаданың басталуына 2 күн қалғанда бардық. Атланта мен Алматының уақыт айырмашылығы 10 сағат. 3 күннен кейін уақытқа үйрене алмай, дел-сал күйде Иран (0:3), Финляндия (0:3), Венгрия (1:3) құрамасынан есебімен жеңілдік. Топтық кезеңнің шешуші ойындарында Ресейді 3:1, Аргентинаны 3:0 есебімен жеңдік. ¼ финалда Норвегияда 0:3, 5-орын үшін Германиядан 1:3, 7-орын үшін Украинадан 2:3 есебімен есе жібердік. Қорытындысында 12 елдің арасынан 8-орын алдық. Құрамамыз жас болғандықтан, Атланта Паралимпиадасына қатысқанымызға мәз болып, елге оралдық.

-АҚШ-қа барған сәтте қандай қызықты оқиғаға тап болдыңыздар?

- Ең алдымен АҚШ-тың жас дәрігеріне аяғымызды тексергенде, протезімізді көріп, қатты таңғалды. Сөйтсек, бұндай протез 30 жыл бұрын қолданылған екен. Ал біз сапасы нашар протезбен жүріп қана қоймай, волейбол ойнадық. Тағы бір қызық жағдай, ұлттық құраманың формада нөмірі болмай, қолмен жасағанымыз есімізде қалыпты.

-1998 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, 8-орын иеленіпсіздер. Бұл жетістікті ұлттық құрама былтыр ғана жаңарта алды. Осыған тоқталсаңыз?

- Иранда өткен әлем чемпионатында Азия құрлығынан Иран, Ирак, Қазақстан, Жапония. Қалған 12 ел өзге құрлықтан жиналды. Жарыс барысында Жапония мен Ирактан басым түстік. Әсіресе Ирактан 0:2 есебімен жеңіліп тұрып, 3:2 есебімен басым түскен сәт жақсы көңіл-күй сыйлады. Жергілікті Иран жанкүйерлері Иракпен қырғи-қабақ қатынаста болғандықтан, Қазақстанға жақтасты. Ең қызығы, Босния және Герцеговина елімен өткен ойында «алғаш рет қатысып жатыр» деген оймен оңай жеңеміз деп, ойладық. Балқан соғысынан мүгедек болған кіл 18-25 жастағы ойыншылар еш мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен тас-талқан қылып жеңді. Әлем чемпионатында олар қола жүлдегер атанды. Бүгінгі күнге дейін сол құрам әлі халықаралық деңгейдегі жарыстар бақ сынап, ең мықты Ресей, Иранмен бақ таласады.

-2000 жылы Сидней Паралимпиадасына неге қатыспадыңыздар?

- Азия құрлығы бойынша іріктеуден өте алмадық. Содан бері әлі күнге дейін Қазақстан құрама ретінде Паралимпиадаға қатыспапты. Мен тек отырып ойнайтын волейбол ғана емес, пара жүгіру спорттарында да біршама жетістіктерге жеттім. Нәтижесінде Сидней Паралимпиадасына жеңіл атлетикадан сынға түстім. Әттеген-айы жүлде бұйырмады. Дегенмен, Атланта мен Сидней Паралимпидасы, 1994, 1998 жылдары Азия ойындарында туды ұстау бақыты маған бұйырды. Спорт мансабын аяқтағаннан кейін, бапкер ретінде қызмет атқарып келемін.

-Бапкер ретіндегі жетістігіңізді айтсаңыз?

- 2007 жылы бапкер ретінде Бразилияда өткен отырып ойнайтын волейболдан алғаш рет жастар арасындағы әлем қатыстым. 7 құрама бақ сынаған додада 6-орынға табан тіредік. Төменгі көрсеткіш. Бірақ бұл бірінші ірі жарысымыз болғандықтан, тәжірибе жинауымызға үлкен мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2 жылдан кейін 8 команданың қатысуымен Иранның Мешхед қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол создық. Бүгінгі күні сол құрамадағы кей ойыншылар ұлттық құраманың намысын қорғап жүр.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Қанат Байұзақов

Барлық жаңалықтар