00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Euro-2024: Іріктеу ойындарында Қазақстан құрамасы қандай ойын көрсетті?

21.11.2023 | 04:12
43

Футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңдағы шешуші ойында Словения құрамасына жол берді, деп хабарлады Elorda.info.

Euro-2024 турнирінің іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Жерлестеріміз Любляна қаласында Словениямен жолығып, алғашқы таймда қарсыластан еш тайсалмай өнер көрсетті. Тек 40-минуттағы Ян Вороговскийдің қателігінен соң, Беньямин Шешко пенальтиден есеп ашты.

Алайда екінші тайм бастала салысымен, Максим Самородовтың оң қапталдан берген дәл пасын Рамазан Оразов голға сәтті айналдыра алды. Қалған уақытта қос команда алма-кезек шабуылдап, 86-минутта Беньямин Вербич соққан гол алаң иелерін қайта алға шығарды. Осы сәтте ұлттық құрама бапкерлері Абат Айымбетовті ойынға қосқанымен, таразы басын теңестіре алмадық. 

Осылайша Словения 2:1 есебімен өз алаңында жеңіске қол жеткізді.

Ұлттық құраманың жетістіктері:

- Рамазан Оразов ұлттық құрама сапында бірінші голын соқты.

- Қазақстан құрамасы УЕФА қауымдастығындағы Еуропа және әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде ең аз (12 гол) гол жіберген команда ретінде тіркелді.

- Іріктеу кезеңіндегі 10 ойында қарсыластар Қазақстанға 124 мәрте шабуыл жасап, қақпашы Игорь Шацкий 25 мәрте сейв жасады.

- УЕФА қауымдастығы сапында Қазақстан құрамасы алғаш рет Еуро және әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында ең көп (16) гол соқты.

- Іріктеу кезеңіндегі 10 ойында Қазақстан құрамасы қарсыластарға 40 мәрте тура соққы бағыттады.

- Бактиер Зайнутдинов 4 гол соғып, осы іріктеу кезеңінде ең үздік сұрмерген атанды.

- 6 жеңістің арқасында Қазақстан ТОП-100 қатарына қайта кірді.

- Ұлттық құраманың жарқын ойынына жанкүйерлердің көңілдері толып Сан-Мариноға қарсы ойында стадионнан рекордтық 30 100 адам тамашалады.

Енді жерлестеріміз көктемде Euro-2024 турнирінің финалдық кезеңіне шығу үшін Ұлттар лигасының плей-оффында Грекияға қарсы ойнайды.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар