00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада футзалдан халықаралық турнир өтті

18.11.2023 | 05:30
56
Фото: ашық дереккөз

Футзалдан Астанада алғаш рет кәсіптік білім беру орнында оқитын студенттердің арасында халықаралық кубок бәсекесі өтті. Ол жайында «T-LEAGUE» студенттер лигасының президенті Валихан Тулепеков Elorda.info сайтына баяндап берді.

6-8 қараша күндері аралығында ұйымдастырылған футзалдан бірінші халықаралық кубогы қалай өтті? 

Жарыс өте жоғары деңгейде болды. Әсіресе шақырылған қонақтардың ішінде шағын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Каканы ерекше атап өтер едім. Ірі халықаралық жарыстарда Қазақстанның тарихи нәтижесін жаңартып жатқан маманның келуі қатысушыларға да үлкен әсер етті.

Турнирімізге Астанадан бөлек, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Қырғызстаннан «Манас» командасы қатысты. 

Футзал додасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында анықталды. Өздеріңіз білетіндей, бұл қарапайым спорт кешені емес. Түрлі ірі жарыстарды қабылдайтын орын. Осындай ғимараттың арқасында қатысушылар турнирдің қаншалықты маңызды екендігін сезінеді. 3 күнге жалғасқан тартысты бәсекеде Қарағанды облысының «Bolashaq» жоғары колледжі финалда Солтүстік Қазақстан облысының «Есіл» педагогикалық-кәсіптік колледжінен 2:0 есебімен басым түсті. Қола жүлде Ақмола облысының «Тұлпарына» бұйырды. 

7606510d-12c3-477e-b071-ef05865480f0.jpg

Футзалдан жарыс өткізу идеясы қалай туындады? 

Кездейсоқ деп айтсам болады. Бірде футзалдан қалалық турнирде колледжіміздің командасы  топ жарды. Былай қарасаң, түкке тұрмайтын бәсеке. Алайда кішігірім жеңістің өзі студенттерге жақсы әсер сыйлады. Осы оқиғадан соң, Астана қаласында «T-League» студенттер лигасын құрдым. Міне енді халықаралық деңгейге шығып жатырмыз. 

Неге дәл осы спорт түріне тоқталдыңыз? 

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа, әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, халықтың ыстық қошеметіне бөленді. Сондықтан әуесқой студенттердің де шеберліктерін шыңдауға үлес қосқым келді. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта қазақ күресінен халықаралық және кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан киберспорттан мектеп оқушылары арасында республикалық турнирді өткізуді жоспарлаймыз.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар