00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Астанада сәуір-мамыр айларында қандай спорттық іс-шаралар өтеді?

08.04.2024 | 16:19
Елорда ақпарат
106
Астанада сәуір-мамыр айларында қандай спорттық іс-шаралар өтеді?
Фото: Сұлтан Сейіт

Астанада сәуір-мамыр айларында ауқымды спорттық-бұқаралық іс-шаралар жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, бокстан Азия чемпионаты, «Олимпиада ойындарына 100 күн» марафоны, дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық турнирі, «Run for Autism» қайырымдылық жарысы, «Half Marathon», «Elorda Cup» туралы Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Азамат Ағзамов айтып өтті, деп хабарлады Elorda.info.

15-19 сәуір аралығында Кеңес Одағының даңқты батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай Астана қаласының зейнеткер шахматшылары арасында жеке шахмат турнирі «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» өткізіледі.

Сол сияқты елордада 17 сәуір күні «Триатлон» саябағында «Олимпиада ойындарына 100 күн» атты 5 км қашықтықта жүгіру жарысы өтеді. Өтетін уақыты 08:00-12:00 аралығы. Оған 18-29; 30-39; 40-49; 50-59; 60 және одан жоғары жас топтары қатыса алады. Қатысушылар саны – 500 адам. Жүгіру жарысынан кейін қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өткізіледі.

27 сәуір күні «Senat Open» ашық кубогының іріктеу кезеңі өтеді. Жарыстың мақсаты – шахматты саяси қайраткерлер, барлық деңгейдегі депутаттар мен жұртшылық өкілдері арасында насихаттау және шахмат спортын дамытуға жергілікті атқарушы билік органдарының назарын аудару.

Елорданың бес ауданында 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырылады. Айта кетсек, қол күрес (армрестлинг), гір көтеру, қазақ күресі, арқан тартыс пен асық ату.

9 мамырда Жеңіс күніне арналған жеңіл атлетикалық эстафета астаналық мектептердің 8, 9, 10-сыныптары және ЖОО студенттері арасында «Триатлон» саябағында өтеді. Жарыс спорттық дайындығы бар және медициналық тексеруден өткен елордалық мектептердің студенттері арасында өтеді. Барлық қатысушылар үшін жарысқа жіберудің міндетті шарты – алдын ала дәрігерлік тексеруден өту және мандаттық комиссияға өтінім беру.

10-12 мамыр аралығында Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 рейтингтік турнирі өтеді. Бұл сайыс 2024 жылғы Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы Grand Slam турнирі болып саналады. Осы жарыста бірінші орын алғандарға 1000 ұпай, екінші орынға 700 ұпай, үшінші орынға 500 ұпай беріледі. Қазақстан сапынан әр салмақ дәрежесінде төрт спортшыдан қатысады. Бұл максималды көрсеткіш және Олимпиада лицензиясын алуға керемет мүмкіндік. Жарысқа ұлттық құрамадан 14 cпортшы барады. Жалпы турнирде 74 мемлекеттен 367 спортшы бақ сынайды, - деді ведомство басшысының м.а. 

Қайырымдылық жарыстарының бірі – «Run for Autism». 18 мамырда «Триатлон» саябағында ұйымдастырылады. Ол – 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км қашықтықта өтетін қалалық ауқымдағы спорттық іс-шара. Оған Астана қаласының әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады. Жарысқа кәсіби спортшылар, жүгірушілер, әуесқой спортшылар, ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысады. Жарысқа қатысушылардың саны – 1 500 адам. Барлық түскен қаражат инклюзивті білім беруді дамытуға, аутизмі бар балаларды қолдауға, «Әрбір бала мектепке лайық» жобасына бағытталатын болады.

Астана қаласының әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен үшінші рет өткелі жатқан Астана «Half Marathon» туралы айтып өтсем. Жыл сайын мамыр айында ұйымдастырылады. Спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушыларға арналған ең ірі және көрнекті жүгіру жарыстарының бірі. Оған 16 жастан бастап қатысуға болады. Әдетте марафонға 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Жарысқа қатысушылар 21,1 және 5 км қашықтықта сынға түседі. Астанадағы тегіс трассаның арқасында спортшылар өздерінің үздік нәтижелерін көрсетіп, спорттық карьерасында жаңа биіктерге қол жеткізе алады.

Айта кету керек, жарысқа қатысушылар тек Астанадан ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания, Нидерланд, АҚШ, Польша, Ресей, Украина мен еліміздің 30 шақты қаласынан бақ сынайды, - деді Азамат Ағзамов.

Мамыр айында «Aspan» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасында «Астана барысы» іріктеу турнирі өтеді. Турнир «QAZAQ KURESI» ассоциациясы 2020 жылы бекіткен ережесіне сай өткізеді.

Сондай-ақ, мамыр айында Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан «Elorda Cup» турнирі өткізіледі. Барлығы 10 елден 200-ден астам спортшы жарыс медальдарына таласады. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа мемлекеттердің өкілдері болады. Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады.

Сонымен қатар, бұқаралық веложүгіріс маусымының ашылуы мамыр айына жоспарланып отыр. Нақты күні жақын арада белгілі болады. Велосипедшілер 25 шақырым қашықтықты, Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан Үркер (Ильинка) «Жасыл белдеу» саябағына дейін жүріп өтеді, - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. 

Барлық жаңалықтар