00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Астанада алғаш рет «Чемпиондар түні IBА» турнирі өтеді

13.12.2023 | 08:00
31
Фото: ашық дереккөз

Бокстан елорда төрінде алғаш рет «Чемпиондар түні IBА» – «Astana Arlans» турнирі өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

Кеш барысында отандық боксшылардың қатысуымен 8 жекпе-жек ұйымдастырылады. 

Кештің басты жекпе-жегінде 71 келі салмақта Рио Олимпиадасының чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) жұдырықтасады. Елеусінов бұған дейін 2015 жылы шаршы рингке шыққан еді. Ал Макхенсе алғаш рет сырт жерде айқас өткізеді. 

Басты жекпе-жектің алдында 2019 жылғы әлем чемпионы және Токио Олимпиадаcының қатысушысы Бекзад Нұрдәулетов (6-0, 2 KO) әлі жеңіліп көрмеген Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) 80 келіде кездеседі. 67 келіде 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еупопа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) жолығады. 

22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының финалисі Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас), Нидерланды боксшысы Градусом Клауспен айқасады.

Биылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) шығады.

2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын орыс боксшысы Павл Фёдоровпен (3-0, КО 1) айқасады. 

2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі Махмұд Сабырхан 57 келіде кубалық Освальдо Диаспен кездеседі. 

Турнир ең жеңіл салмақта әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 51 келіде 2 дүркін Азия чемпионы, Өзбекстан спортшысы Нодиржон Мирзаахмедовтың арасындағы жекпе-жегімен басталады. 

Елімізде бокс кешін – Qazsport, ал Ресейде – «Матч ТВ» каналдары тікелей эфирде көрсетеді.

Айта кетейік, жекпе-жек «Beeline Arena» спорт кешенінде 15 желтоқсан күні сағат 19.00-де басталады.

Барлық жаңалықтар