00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Универсиада – 2023: Шорт-тректен Қазақстан студенттер құрамасы елге оралды

31.03.2023 | 22:16
Елорда ақпарат
39

Бүгін түнде АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласынан ХХХ қысқы дүниежүзілік Универсиадаға қатысқан шорт-тректен Қазақстан студенттер құрамасы елге оралды, деп хабарлады Elorda.info.

Спортшыларымызды Астана әуежайынан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған топ пен қалалық Cпорт басқармасының қызметкерлері, туыстары мен достары ыстық ықыласпен күтіп алды.

Министр Саясат Нұрбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Қазақстан Республикасы халқының атынан және жеке өз атымнан Сіздерді қол жеткізген тамаша жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жеңістің жолы оңай болмаса да, сіздер қазақстандықтардың үмітін ақтадыңыздар. Бұл сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жеңіске деген айрықша ерік-жігерлеріңіздің нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта да осындай жеңістер биігінен көріне беріңіздер. Сіздерге бұдан да зор спорттық табыстар мен ізгі жақсылықтар тілеймін! – делінген құттықтауда.

Халықаралық додада жерлестеріміз жүлделі орындарға ие болып, елге күміс медальдарды әкелді. Атап айтқанда, Малика Ермек пен Санжар Жанысов. Олар Қазақстан студенттік құрама командасында бірнеше қашықтықта және дисциплиналарда жоғары денгейде өнер көрсетіп, тұғырдың биік сатыларына көтерілді.

Естеріңізге сала кетей‌ік, шорт-тректен ерлер құрамасы эстафетада күміс медальға қол жеткізген болатын. Ұлттық құрама намысын Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Валерии‌ Клименко мен Санжар Жанысов қорғады.

Ал аралас эстафетада отандастарымыз күміс жүлдеге ие болды. Олардың нәтижесі 2:47.757 секунд. Ұлттық құрама мүшелері – Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Әлішер Әбілқатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұханов.

Атап өтсек, осы Универсиадада Қазақстан жалпыкомандалық есепте 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальмен 11-орынға тұрақтады. Бұл – жоғары көрсеткіш болып табылады.

Барлық жаңалықтар