00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Ақмарал Науатбек: Ендігі мақсатым – Парижде өтетін Олимпиададан алтын медаль алу

31.03.2023 | 20:04
ҒаниАтымтай
37

Ақмарал Науатбек Бакуде өтіп жатқан Әлем чемпионатында пара дзюдодан алтыннан алқа тақты. Бұл – ел тарихында қыздар арасында пара дзюдодан алғашқы медаль! Осы орайда Elorda.info тілшісі алтын қызды жеңісімен құттықтап, телефон арқылы шағын сұхбат алған еді.

Ақмарал, ел тарихында тұңғыш рет қыздар арасында Әлем чемпионы атануыңмен құттықтаймын!

Рахмет!

Қарсыласың - паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Аурериес Мартинет Сандрин да осал спортшы емес. Оны жеңу қиын болған жоқ па? Бұрын-соңды татамиде кездесіп пе едіңдер?

Ақтық сында өнер көрсеткен қарсыласыммен бұрын кездескен жоқпын. Өйткені парадзюдоға келгеніме жарты-ақ жыл болды. Ол өте тәжірибелі спортшы. Бірақ одан аса қаймыға қойған жоқпын. Қайта алғашқы кездесу қиынырақ болды.

Бұған дейін де Қазақстанның 12 мәрте чемпионы, Азия, ел чемпионы атандың. Гран-при жарысының жеңімпазы болдың. Спорт шеберісің. Жалпы, елімізді айтпағанда, Астанада өзіңе басты қарсылас деп кімді санайсың?

Жалпы, менің осы күнге дейінгі жеңістерім дзюдодан болатын. Парадзюдоға ауысқалы ел чемпионатын ұттым, екі рет Гран-приде топ жардым. Қарсыласың кім дегенде... Тек Астана ғана емес, жалпы ел бойынша маған келетін әзірге қарсылас жоқ. Өйткені параспортта қыздар өте аз.

Дзюдода сүйікті әдісін қандай?

Сүйікті әдістерім - Учимата ( подхват), оучи гари (зацеп). Осы екі әдіспен-ақ әлем чемпионатының алтын медаліне қол жеткіздім.

Жалпы жарыс барысында есіңде қалған қызықты оқиға болды ма?

Әрине! Анамның Бакуге - әлем чемпионатына мені қолдау үшін келгені маған зор күш-қайрат сыйлады!  

Алға қойған арман-мақсаттарың қандай? Білуге бола ма?

Бұған дейінгі берген сұхбаттарымың бірінде пара дзюдо тарихын жаңартқым келетінін айтқан едім. Аллаға шүкір, бұл арманым орындалды. Қолымнан келді. Қыздар арасында пара дзюдодан алғашқы алтын медальді жеңіп алдым. Алға қойған ендігі мақсатым – Парижде өтетін Олимпиада ойындарының алтынын алу!

Спорттан бөлек немен айналысқанды ұнатасың?

Спорттан бөлек кітап оқығанды ұнатамын. Қолым босап жатса, уақытымды отбасыма арнаймын.  

Бұған дейін берген сұхбаттарыңның бірінде қыздарға қарағанда ұл балалармен дос болғаныңды айтыпсың. Былайғы өмірде оларға дзюдо әдістерін қолданып көрдің бе?

Болған... Дзюдоға енді ғана қатысып жүрген едім. Ол кезде кішкентаймыз. Қыс мезгілі. Балалар қар үстінде өзара күресіп жатқан. Мен өзіммен-өзім ойнап жүрмін. Кенет екі ұл маған қарай жақындап, тиісті. Үндемедім. Байқаймын, үдетіп бара жатыр. Сосын жаттықтырушым үйреткен 1-2 әдісті қолдандым да, әлгі екі баланы шалқаларынан түсірдім, – деп күлді Ақмарал Науатбек.  

Барлық жаңалықтар