00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Марат Омаров: Жаңа нәрсені үйрену үшін 60-тан ассаң да кеш емес

25.08.2023 | 11:00
93
Фото: marat_omarov_kz

Көпшілікке «Анашым», «Қыз сыны», «Сыңарым» «Әке туралы толғау»  әндерімен танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров Голливудта «Малена» атты шытырман оқиғалы фильмге түсіп жатыр. Соңғы 1,5 жылда АҚШ-та тұрып жатқан өнер иесімен Elorda.info тілшісі байланысқа шығып, эксклюзив-сұхбат алды. 

маратт.jpg

Фильмнен фрагмент: marat_omarov_kz

-Марат аға,  алдымен, Сіздің өнеріңізді бағалайтын көпшілікке АҚШ-қа не мақсатпен кеткеніңізді айта кетсеңіз?

АҚШ-та тұрып жатқанымызға 1,5 жылдан асып бара жатыр. О баста ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нью-Йоркке арнайы елшіліктің шақыртуымен келген болатынбыз. Сол 2021 жылы 21 желтоқсанда сол қаладағы  Уолл-стрит деп аталатын қаржы биржасы орталығында көк байрағымыз желбіреп, қазақша әндерім шырқалған болатын.  Одан кейін 2 айдан соң елге оралатын ойым болған еді, бірақ мен бүкіләлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі, БҰҰ мәдени кеңесшісі болған соң ба, маған елшіліктен, диаспорадан тағы да қызықты ұсыныс түсті. Сөйтіп, Америкада 20 шақты қаланы аралап, концерт беріп шықтым. АҚШ-та қазақтардың саны өте көп екен. Туған елін, жерін, ата-анасын, тума-туысын сағынған бауырларымыз үшін әндерім ерекше сый болып, қошаметке бөлендік. Осыған тұспа-тұс қызым Бибімариям Америкада грант ұтып алып, қазір үздік би командасының құрамына енді. Кейін қызым «Нью-Йорк фильм акамедиясына кинорежиссерліккке оқуға түсем» деген  тілегін айтқан соң, талант-визаға өтініш бердік. Қазір Калифорния штаты, Лос-Анджелес қаласында тұрып жатырмыз. Бір сөзбен, шоу-бизнестің отаны- Голливудта жүрміз. Бүкіл кино индустриясының нақ ортасындамыз.

- Сізді Голливудта киноға түсіп жатыр деп естідік.  Сол жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

Кішкентай кезімізден киноларын тамсана көріп өскен «Нью-Йорк фильм академия», «Warner Brothers», «Universal Studios» киностудияларынан қол созым жерде жүргесін бе, осы орта маған қатты әсер етті. Нәтижесінде кастингтен өтіп, «Малена» фильміне түсуге арнайы шақырту алдым. Бұл - криминалды-экшн жанрындағы фильм. Мен фильмде оққағардың рөлін сомдаймын. Туынды эмигранттардың өмірі жайлы, оның ішінде Малена деген қыздың Мексикадан Америкаға өтіп келгендегі бастан кешкен қиындықтары көрсетіледі. Ал оқиғаның қалай шиеленісіп, шешім табатынын айтпай-ақ қояйын, оны көрермен уақытында тамашалай жатар. Өйткені бұл әзірге құпия сақталады. 

- Актерлік шеберлігіңізді бұдан кейін де одан әрі шыңдайтын ойыңыз бар ма? 

Киноға кастинг жасалып, басқа да туындыларда рөл ойнауға мүмкіндік болып жатса, әлбетте қарсы емеспін. Қазақтарды, әсіресе еліміздің спортшыларын ерекше құрметтейтін Нью-Йорк фильм академиясының директоры Маклер деген азаматпен таныстым. Болашақта киноға түсу үшін ол кісімен келісімшарт жасап жатырмыз.

- Ал өз шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

Былтыр Республика күніне орай Вашингтондағы Қазақстанның елшісі Ержан Ашықбаев шақырып, «Қазақтар» деген әннің тұсауын кестім. БҰҰ атынан Украина оқиғасына байланысты, елдерді достыққа шақыру мақсатында ұйымдастырылған концерттерге қатыстым. Бұл жақта фонаграмма деген атымен жоқ, тек жанды дауыста ән шырқадық. Бұдан басқа елдер арасындағы достық тақырыбында бірнеше әндерді жаздым. «Колифорния», «Голливуд», «Лос Анджелес» деп аталатын ағылшын тіліндегі әндерге бейнебаян түсірдік. Алдағы уақытта өтетін құрылтайға арнап «Қосыл, әлем қазақтары» атты ән жазып жатырмын.  Бұған қоса «Америка – Қазақстан» деген ән де дайындалып жатыр. 

- Марат аға, үлкен қызыңыз әнші Заринаны көпшілік біледі, кенже қызыңыз Бибімариямның да өнерде жетістігі аз емес екенін байқадық. 

Қызым Бибімариям 2005 жылы Астанада дүниеге келді.  Қазір жасы 18-ге толды. Кішкентайынан әншілікке баулығанмын. Сахнаға да шықты, бильбордтарға суреті ілінді, Астана ханшайымы да болды, тіпті Америкаға келіп, Селена Гоместің әнін шырқады. Бірақ бүгінде би, кино өнеріне бетбұрыс жасады. Сценарий жазады, би билейді. Американдық алдыңғы қатардағы бишілер тобының мүшесі. Нью-Йорк фильм академиясының Лос-Анджелесегі филиалында кинорежиссурада оқиды. Қызым ағылшын тілін ерккін меңгеріп алды.   

- Ағылшын тілі демекші, өзіңіз ағылшынша жақсы сөйлейсіз бе? Жалпы, шетелде өнеріңізді жаңа арнаға бұруға қалай тәуекел еттіңіз?

АҚШ-қа жұбайым және қызым үшеуміз келдік. Тіпті, «Бұдан ертерек неге келмедім екен!» деген өкінішім бар. Бірақ бір түсінгенім, жаңа нәрсені үйрену үшін 60-тан ассаң да кеш емес екен. Осы жақта жүріп көзім қайта ашылды. Мұнда көп мүмкіндік бар. Өзім ағылшын тілін толық білмеймін, бірақ қазір онлайн да, оффлайн да оқып, үйреніп жатырмын.  Бірнеше әндерімді ағылшын тіліне  аударып жатырмын. Айтпақшы, америкалықтарға  «Анашымнан», «Қыз сынынан» бастап әндерім ерекше ұнап жатыр. Себебі әндерім афро-американдық блюз стиліне келеді екен. 

- Әзір АҚШ-тасыз. Өнерлі жастарды сол жаққа тартып, олардыңы да дамыған елдің озық дүниелерін алуға себеп болсам,-деген ойыңыз бар ма? 

Мұнда өнер адамдарына мүмкіндік өте көп. Ұлтыңа қарамайды, талантыңа қарайды. Бойыңда өнерің болса, жолың болғыш болса, дамитын, өсетін орта бар. Сондықтан, әлбетте, осы жақтан мәдениет орталығын ашып, студия жасақтап, қазақтардың басын қосатын жоспарларымыз бар. 

-Сұхбатыңызға көп рахмет!

Барлық жаңалықтар