00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Белгілі шоу-бизнес өкілдері қаза тапқан орманшылардың отбасыларына көңіл айтты

12.06.2023 | 13:30
53
Фото: Elorda.info

Абай облысындағы қазақтың қабырғасын қайыстырған өрт оқиғасынан өнер иелері де тыс қалған жоқ. Әншілер әлеуметтік парақшаларында алапат оқиға туралы өз пікірлерін білдіріп, жалын құшқан өрт сөндірушілердің қазасына көңіл айтты. Осындай қиын кезеңде ел қайғысымен ортақ екендерін жеткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Эстраданың шоқ жұлдызы Қайрат Нұртас өзінің Instagram-ғы парақшасында Семейдегі ахуал туралы айтып, болған жайға қатысты көпшілікке сабыр тіледі.

Семейім менің. Алла жеңілдігін берсін. Абай облысында орман 30 мың гектарға дейін ұлғайды. 600-ден астам адамы мен 168 техникасы жұмылдырылыпты. Аллахым халқыма сабыр берсінші. Қайғыларыңызға ортақпын. Өрт сөндірушілерге Алла қуат берсін. Мен сіздермен біргемін және дұғадамын, - деді Қайрат Нұртас. 

Әнші, сонымен қатар, өрт сөндіру кезіндегі сәттерден музыкамен әрленген видео жүктеген. 

Әнші Қайрат Нұртастың жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова да өз Instagram парақшасында Абай облысындағы орны толмас қайғы туралы жазған. Ондағы қазіргі ахуалды айта келе, өрт кезінде қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.

Үш күннен бері Абай облысындағы алапат өрт бой бермей көңіліміз алай-дүлей күй кешуде. Өрт жеткен елді мекендердегі жұртшылық үйлерінен құжаттарын да алуға мұрша болмай қашып шыққандарын айтуда. “Құжаттан бұрын, мал тұрған қоралардың есігін ашып үлгеруге жанталастық. Малдың жаны бар, құжат пен дүние-мүлікте жан жоқ. Бас аман болсын!”-деді. Соңғы ақпаратқа сай 60 000 гектар орман өртеніп кетті. Мыңдаған адам, жүздеген техника жұмылдырылды. Еліміздің барлық аймақтарынан көмек жеткізілуде.Орман алқаптарындағы алау құшқан аймақ сәт сайын ұлғаюда.Бұл саладағы министр ауыстырылып, Президент оқиға орнына жетті.Қауіп әлі де сейілген жоқ. Қатты жел жалынды біржолата сөндіруге әлі де болса мұрша бермей тұр.Тілсіз жаумен күресте 14 орманшы қаза құшты. Отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова. 

Әнші Қарақат Әбілдина өзінің Instagram парақшасында аза тұту күніне орай жазба қалдырды. Онда әнші мұндай қаралы күндердің жиі болатынына налып, жалын жалмаған 14 өрт сөндірушінің қазасын өкінішпен еске алды.

-Тағы да... Бұрын мұндай қаралы күн ілуде бір болмаса, бүгінгідей жыл сайын жарияланбайтын. Әлде біз естімедік, білмедік пе?! Табиғат апаты айтып келмейтіні рас. Бірақ аз ғана алаңнан басталған апаттың алдын алуға әбден болатын еді деп ойлаймын. «Аттан!» дегенде артық оттегі маскасынсыз, арнайы костюсіз, қорғансыз беттей беріпті тілсіз жауға.Бір салғырттық, бір шикілік – 14 өрт қызметкерінің өмірін жалмап кетті. Артында қалған әйел, бала-шағасына қиын. Халық 1-2 айтып қоярмыз, басқа қандай амал бар? Тек тас түскен жеріне ауыр... Қаза болған бейбіт күннің батырларының жаны пейіштен жай тапсын. Осындайда алыс сапарын шегеріп, халық қасынан табылған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына @tokayev_online алғысымызды айтамыз! Қайғымыз ортақ, Қазақ елі! - деді Қарақат Әбілдина. 

Әнші, сондай-ақ, Жалпыұлттық аза тұту күніне арналған суретті жүктеген.

Барлық жаңалықтар