00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Экономист санкциялар туралы: «Бұл жағдай біздің табысымызды әжептәуір арттырайын деп тұр»

25.02.2023 | 02:01
Елорда ақпарат
81

Ресейге қазіргі таңда еуроодақ пен АҚШ көптеген санкция салды. Осы жағдай Қазақстан экономикасына қандай мүмкіндер береді?

Әрине, кез келген жағдайдың пайдалы тұстары да болады. Дағдарыс деген сөздің мағынасы да «мүмкіндік» дегенді білдіреді. Мен көріп отырған мүмкіндік – қазақстандық энергоресурстарға мұнай мен газға сұраныс артады. Ең бастысы, еліміз санкцияға ілініп қалмаудың амалдарын жасауы қажет. Әуе кеңістігі арқылы да алымдар алуға болады. Яғни Ресей арқылы ұшатын рейстер енді Қазақстан арқылы ұшатын болады. Бұл жағдай біздегі табысты әжептәуір арттырайын деп тұр. Одан бөлек, қазір Ресейдің логистік компаниялары көп зардап шегіп жатыр. Бұл Қазақстандағы транспорттық логистика саласындағы мүмкіндіктерді арттырады. Ресейдің қаржы жүйесіндегі ірі банктері әлемдегі рейтингтерін жоғалтып жатыр. Қазір енді Қазақстан банктері инвестициялық тұрғыдан тартымды болып тұр.

Өзіңіз білесіз, жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13%-ға дейін көтерді. Мұндай шара экономикамызға қандай әсерін тигізеді?

Бізде базалық пайыздық мөлшерлеме бұған дейін 10,25% болған. Өткен жылы Ұлттық банк 3 мәрте көтерді. Бұл жақсы емес. Жақсы жағы – депозит пайыздары өседі. Аздап болса да теңгелік инструменттер (теңгелік құнды қағаздар) қызықты болады, өйткені, олардың да пайызы өседі. Одан бөлек, депозит ұстап отырған азаматтар үшін де  тиімді. Бірақ мұның зиянды тұсы да бар. Мәселен, несие пайызы өсіп, несиелік инструменттер қымбаттайды. Көптеген банк ипотекалық несиесін тоқтатады. Өйткені ипотекалық несиенің пайызы 15-16%-ға ұлғайып кетеді. Мұндай несиені ешкім алмағандықтан банктер бұдан бас тартады.

Бұл жерде ең бір қиыны – тұтынушылық несиелердің де пайызы өседі. Бизнесті несиелендіру қиындайды (20%-ға). Өйткені кәсіпкердің жылдық таза табысы 20%-ға әрең жетеді. Сондықтан іскерлік белсенділік тежеліп, экономикалық дамуға кері әсерін тигізеді.

Ресей мен Украина арасындағы әскери әрекеттердің кесірінен рубль құлдырауын бастады. Ал теңгенің рубльға «байланғаны» баршамызға мәлім. Бұл жағдайда қандай мемлекеттік шаралар қажет?

Қазақстандық импорттың 42%-ы Ресейден келеді. Яғни әлем елдерінен екі тауар алсақ, соның біреуін Ресейден аламыз деген сөз. Мұның өзі біздің рубльге «байланғанымызды» көрсетеді. Ал енді екінші мәселе бар: қазір рубль қатты құнсызданып жатыр. Егер бұлай жалғаса беретін болса, осы кезде біз теңгемізді құнды қылып ұстап қалуға тырыссақ, онда 2014-2015 жылдардағы жағдай болады. Менің ойымша, рубль құнсызданған кезде теңгемізді құнды қылып ұстаудың қажеті жоқ. Себебі біздің тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Өндірісімізге өте қатты теріс әсері келеді.

Енді екінші мәселе бар. Рубль құнсызданып жатыр екен деп, теңгемізді де тура солай рубльдың артынан құнсыздандыра беру де дұрыс емес. Өйткені ол тәсіл де жақсы нәтижеге жеткізбейді. Сол үшін теңге мен рубль арасындағы теңгерімдікті сақтау қажет.

Осы жағдайға Ұлттық банк интервенциялық инструменттер арқылы араласып жатыр. Өткен аптада 176 млн доллар интервенция жасалған. Осы аптада қарасақ, 98 млн доллар жасалған. Яғни интервенцияның көлемі өсіп жатыр. Бұлай жасай берген де дұрыс емес. Өйткені, алтын валюталық резерв қорымызды жаға береміз. Сондықтан да одан кетуіміз керек.

Қазір Ұлттық банк Қазақстан қор биржасымен (KASE) бірігіп, франкфурттық аукцион форматына көшіп жатыр. Ол дегеніміз – соңғы жасалған келісімнен қатты ауытқу болмауы керек. Ал соңғы жасалған келісім бойынша доллар мен теңге айырмасы 495 теңге болса, демек келесі келісім 497 болуы мүмкін. Сол арқылы теңгенің бірден секіріп кетуіне тосқауыл жасап отырған жағдайы бар. Ұлттық банк қысқа мерзімде бұл процесті жүзеге асырады. Ал ұзақмерзімде Үкіметтің үлкен жұмысы керек. Үкімет бірінші кезекте Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясатын жүзеге асыруы үшін үлес қосу керек. Ол қалай? Елдегі инфляция деңгейін ауыздықтау бойынша ең бірінші кезекте Үкімет импорттық тауарлардың үлкен картасын әзірлеуі керек. Сосын сол импорттық тауарлардың ішінде қайсысын біз өндіре аламыз? Қайсысын өндіріп жатырмыз? Солар бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Егер де өзімізде өндіріп жатқан тауарлар болса, ол тауарларды елге кіргізудің қажеті жоқ.

Кризис жағдайларында, доллар өсіп жатқан кезде азаматтар ақшаны көп жұмсамауға тырысады. Керісінше, қорлану процесіне өтеді. Демек экономика тежеледі.

Бір кездері Америкада ұлы дағдарыс болған кезде «Америкалық арманды» орындау үшін көп үй салған. Сол тұрғын үйлерді салу барысында қаншама жұмыс орындары ашылған. Онда құрылыс материалдарының бәрі америкалық болуы керек деген талап қойылған. Тура сондай талап бізде де болуы керек.

Мақсат, интервенция тақырыбына қайта оралсақ, өткен күні Ұлттық банк «теңге-доллар курсын ұстап тұру үшін қанша интервенция қажет, сонша жасаймыз» деп мәлімдеді. Сіздің ойыңызша, бұл дұрыс шешім бе?

Спекулянттар араласып, нарықты қыздырып жатса, оның болғаны дұрыс. Бірақ интервенция 1 немесе 2 рет болуы керек. Оны қайта-қайта жасай бергеннен пайда жоқ. Өйткені Ұлттық банктің нарыққа көп араласуын білдіреді. Спекуляцияға мемлекет жол бермегені дұрыс, өйткені, ол бағаны өсіріп жібереді. 100 млн доллардың көлемінде интервенция жасалып жатса, одан қауіп жоқ.

Назерке Еркінқызы

Все новости