00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Суды пайдалануда экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз қажет – ғалым

21.02.2024 | 04:01
45
Коллаж: Елтай Нұрғазин

Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай ғаламшардың әрбір төртінші тұрғыны тұщы судың жетіспеушілігін бастан кешпек. Еліміздің тұрғындары, соның ішінде елордалықтар ауызсудың тапшылығын қазірден бастап сезіне бастады. Тіршілік көзінің азаймауы үшін не істеу керек? Бұл туралы C. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Экология кафедрасының  қауымдастырылған профессоры, Гүлмира Сатыбалдиева Elorda.info тілшісіне шағын сұхбат берді. 

-Гүлмира Қалмашқызы, еліміздегі тұщы су қоры азаюының негізгі себептерін атап өтсеңіз...

Су тапшылығы мәселесі - Орта Азияда және біздің елімізде өткір мәселелердің бірі. Су – сарқылатын ресурс. Соған қарамастан, еліміздің тұщы су қоры барлық қажеттіліктерімізге қолданылып жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіптік мекемелерде, тұрмыстық жағдайда өлшеусіз пайдаланып жатырмыз. 

Әріге бармай-ақ елорданың өзінде өткен жазда су тапшылығы сезілді. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?

Зерттеулерге иек артсақ, биыл елімізде бір адамның бір тәуліктегі орташа тұтынатын су көлемі 87,8 литрді құрады. Ғалымдар тұтыну өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым артқанын айтып отыр. Ал 2020 жылғы статистикаға сенсек, тіршілік көзін көп пайдаланатын өңірлердің көшін Маңғыстау облысы бастап тұр. Содан кейінгі тізімде Шымкент пен Астана қаласы бар. Елордалықтар орташа көлемде күніне 127,7 литр су тұтынады екен. Бұған мегаполис тұрғындары санының күнбе-күн артып келе жатқанын қоссаңыз және тұщы су көздерінің тапшылығын ескерсеңіз, алдағы уақытта мәселенің қиындай түсетінін аңғарасыз. Тұрмыстық қажеттіліктермен қоса  ауызсуды көкөніс суаруға, көлік жууға пайдалану да оның қорын анағұрлым азайта түсері анық. 

Бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

Көптеген елдерде барлық салаларда қолданылатын сулар тазартудан кейін қайта қолданылады. Біздің елде бұл тәжірибе кеңінен қолданысқа енген жоқ. Егер осы мәселелерді оңтайлы шешсек, тұрмыстық суларды тазартып көлік жууға, көгалдандыру мәселелерін шешуге, өнеркәсіптік мекемелерде қолдануға болар еді. Түрлі шаруашылықтар мен кәсіпорындарға су үнемдейтін технологияларды ұсынып, қолдануын талап ету керек.  Ал суды пайдаланушыларға талаптарды қатаңдату қажет.   Сонымен қатар, су көздерін сарқылу мен ластанудан қорғауға мемлекеттік деңгейде назар аударылғаны жөн. Жалпы, суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру, экологиялық білім мен экологиялық сана сезімді қалыптастыруды бүгіннен бастамасақ болмайды.  

-Су ресурстарын қалай ұтымды пайдалану қажет? 

- Дамыған елдерде жуынғаннан кейінгі су дәретханаға жиналады. Яғни, басқа құбыр техникалық суды пайдаланады. Сөйтіп, олар біз сияқты ауызсуды ағынды суға құр жібере салмай, пайданалған суды екінші рет қолдану арқылы тіршілік көзін үнемдейді. Ал біздің асүйдегі, жуынатын бөлмедегі шашып-төгіп пайдаланып жатқанымыз - сол қоры азайып бара жатқан тұщы су екені өкінішті. Тұщы судың мол көлемі ауылшаруашылығына да көп жұмсалып отыр.Тұрмыстық су мен түрлі кәсіпорындардағы пайдаланылған судың барлығы қалдық су ретінде далаға кетіп жатыр. Мұны болдырмас үшін жоғарыда айтқан техникалық су жүйесін дамытып, кең қолдануымыз керек. 

Ал тұрмыстық үнемдеуге келсек, суды тұтыну мәдениетін балабақшадан бастауымыз керек. Мысалы, шетелдіктер тәрізді бір стақан сумен-ақ тісті жууға болатынын көрсетуіміз керек. Сондай-ақ көптеген дамыған елдерде кір жуатын және ыдыс жуатын техниканы аптасына бір-ақ рет пайдаланады. Бұдан басқа қажеттілікке шақталған су мөлшері бір тарифпен келеді де, егер суды одан көп тұтынсаңыз, төлейтін сомаңыз одан көп болады. Бұл да суды ойланбай төгудің алдын алады. Осы нәрселерді біз де ескерсек екен. 

Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы 

Все новости