00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Жыл басынан бері елордалық кәсіпкерлерге 2,5 млн теңгеге айыппұл салынды

Жыл басынан бері елордалық кәсіпкерлерге 2,5 млн теңгеге айыппұл салынды
фото: Астана қаласының коммуникациялар қызметі

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Ильясовтың қатысуымен департаменттің жарты жылдық жұмыс қорытындысы туралы брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Өткен жылдың 15 наурызынан бастап «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Осыған орай департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға міндетті. Бұл тұтынушылардың заңды ұстанымдарын қорғауға мүмкіндік береді.

Ғалымжан Ильясовтың сөзінше, жыл басынан бері 208 әкімшілік шара қолданылған. Оның ішінде 175 адамға ескерту берілсе, 33 адамға 2,5 млн теңгеге айыппұл салынған. Сатып алушылардың өтініші негізінде 13 кәсіпкер сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Биыл тұтынушылар тарапынан Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2 477 өтініш келіп түсті. «E-otinish» платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы – 1 860 өтініш тіркелді. Оның ішіңде 1 274 тұтынушыға жауап беріліп, 291 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберілді. Ал 295 тұтынушының мәселесі шешімін тапты. Тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару сомасы – 150 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, «Telegram Bot» арқылы 130 өтініш келіп түсті.  Департамент азаматтарды жеке қабылдау барысында 265 тұтынушының мәселесін тыңдап, жедел желі телефонына 222 тұтынушыдан түскен әрбір сұраққа заңға сәйкес кеңестер берді. Одан бөлек департамент Қазақстанға келіп жатқан соңғы үлгідегі шетелдік автокөліктерге келіп түскен өтініштер бойынша үшінші тұлға ретінде азаматтық соттарға қатысып, құны 46,4 млн теңге сомасындағы 4 автокөлікті тұтынушыларға өндіріп берді, - деді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар сатушының (дайындаушының, орындаушының), тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жою туралы шағымға 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап бермегені үшін 66 кәсіпкер «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 64 кәсіпкерге «Ескерту» берілсе, 2 кәсіпкерге айыппұл салынған.

Тұтынушылардың құқықтарын сақтау және ішкі сауда саласындағы бақылау мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және тұтынушылардың бірлескен жұмысы жағдайында тиімді жүзеге асады.

Все новости