00:00
Астана -10oC
USD:
440.92
EUR:
475.36
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті

15.02.2024 | 09:50
70
фото: министрліктің баспасөз қызметінен

Іс-шараға Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ҚХА, ҮЕҰ, жастар ұйымдары, БАҚ өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз баяндамасында жазушылар елдің рухани тірегі екенін атап өтіп, министрлікке өз ұсынысын білдірді.

1934 жылы Алматы қаласында Жазушылар одағының бірінші құрылтайы өтіп, оның алғашқы төрағасы болып Ильяс Жансүгіров сайланды. 2024 жылы өтетін маңызды шаралар осы шаңырақтың 90 жылдық мерейтой аясында өтуі керек деп ойлаймын. Осы мерейтой қазақ руханиятының өткені, бүгіні және болашағы туралы болуы керек. Бүгінгі таңда қазақ қаламгерлерін қаржыландыру мен олардың төл туындылары да назардан тыс қалмауы қажет. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар саны жылдан жылға артып келеді. Осы орайда жаңадан құрылған министрлікке «Мәдениет туралы» заңға баспа мен әдебиет редакторы туралы тармақ енгізуді ұсынамын. Өйткені соңғы кезде баспа да редактор да кітап шыққан бойда ұмыт қалады. Әсіресе әдеби редактор деген мамандықтың мәртебесін көтеретін уақыт әлдеқашан жетті. 90 жылдық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағы осы алқалы жиынға қатысып отырған барлық мәдениет пен ақпарат қызметкерлерін еліміздің рухани өміріндегі игі бастамаларды орындау жолында қолдау білдіретініне сенім білдіреді, - деді Мереке Құлкенов.

2024-02-15 11-52-39 (55).jpg

Сонымен қатар алқа отырысында «Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті Бану Нұрғазиева қоғамдағы азаматтық сектордың рөлі мен бүгінгі мәселелері туралы айтты. «Atameken Business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахариянов журналист этикасына тоқталды. Ол өз сөзінде, журналист этикасы туралы кодексті жаңдандыру керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ директоры Татьяна Миронюк елімізде волонтерлікті одан әрі дамыту туралы пікірін ортаға салды. 

2024-02-15 11-52-39 (46).jpg

Алқа отырысына Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Мақпал Жұмабай қатысып, өңірлерде шығармашылық хабтар құру қажеттігіне тоқталды.  

OzgeEpic креатив хабының жұмысы ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өнер саласындағы таланттардың қолдау бағытында жұмыс істейді. Оның мақсаты халықаралық деңгейде заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық өнерді дамыту, қоғамның мәдени санасының деңгейін арттыру, дарынды жастарды анықтау және қолдау болып табылатын кеңістік. Креатив хаб Қазақстан мәдениетінің озық өкілдерін тарта отырып, жергілікті өнер қауымдастықтарын қалыптастыруға қызмет етеді. Кеңістік аз уақыт ішінде бірнеше жобаны жүзеге асырды. Атап айтсақ, алғашқы қазақстандық стриминг сервисі, халықаралық анимациялық фестиваль, LIVE концерттер сияқты түрлі жобалар іске асты. Осы орайда мұндай кеңістік ел өңірлерінде ашылса деймін. Осылайша елімізде креативті даму саласы дами түседі,- деді Мақпал Жұмабай.

2024-02-15 11-52-39 (47).jpg

Отырыс соңында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева министрліктің былтыр атқарған жұмысын қорытындылап, алдағы уақытқа жоспарланған шаралар туралы айтып өтті.  

Өкінішке орай, мәдениетіміздегі көп игі істердің аяқсыз қалуы құқықтық нормалардың шикілігіне келіп тіреледі. Сондықтан, «Мәдениет туралы» заңға кезең-кезеңімен өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Келесі кезекте - «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарымызда бар. Бұл жерде көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ – «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде «Қазақфильмнің» халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асуда. Сонымен қатар «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарымызда бар. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады. Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгеретін болады,- деді Аида Балаева.

Министр өз сөзінде, елімізде «Мәдениет» отандық онлайн-порталы іске қосылатынын атап өтті. 

Биыл алғаш рет 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосатын боламыз. Жаңа портал арқылы мәдени құндылықтарымызды қазақстандық қана емес, шет ел аудиториясына насихат етуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ бүгінде мәдениет саласында кадрлар даярлау жүйелі жолға қойылмаған. Ол үшін, ең алдымен, мәдениет саласына кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарының жағдайына кешенді талдау жасау қажет. Осыдан кейін біз реформалармен жұмыс істейміз,- деді ол. 

Оның айтуынша, еліміздегі 3 музейдің ғимаратымен қатар ішкі экспозициясын заман талабына сәйкес модернизациялау көзделіп отыр. Одан бөлек Ұлттық музей жанына құндылықтарды сақтап қалуға жағдай жасайтын ауқымды реставрация орталығы құрылады. Ал Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау бірлігіне арналған архив қоймасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ алқа отырысында ұлттық мәдениетті шетелде насихаттау, отандық әдебиетті қолдау, ономастика салаларындағы мәселелер мен  креативті индустрияны қолдау шаралары туралы айтылды.

2024-02-15 11-52-39 (41).jpg

Министр баяндамасы барысында 2024 жылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға қатысты бірқатар міндеттерді атап өтті. 

«Масс-медиа» туралы заң қабылданғаннан кейін журналистердің мәртебесі артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түседі деп ойлаймыз. Сонымен қатар, мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу механизмінен гранттық қаржыландыруға көшеді. Бұл шаралар радиода шетелдік контентті қайталап көрсету мүмкіндігін 20-дан 10 пайызға дейін қысқарту, теле-радио арналардағы отандық контент пен тілдік үлесті жыл сайын 5 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейді. Биыл ақпараттық доктринаны іске асыру жалғасады. Мәселен, «сұр тарелкаларды» таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу, медиа саладағы бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде бірыңғай медиа платформа құру, әсіресе шекара маңындағы аудандарда отандық телерадио хабарларын тарату аумағын кеңейту жоспарлануда,- деді Аида Балаева. 

Министрлік биыл салалық журналистиканы дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде республика бойынша 14 жоғарғы оқу орны базасында курстар өткізетін болады. Сонымен қатар жалпы еліміздегі 30 журналистика факультетінің оқу бағдарламасы түбегейлі жаңартылмақ. 

Сондай-ақ министр баяндамасында азаматтық қоғам мен дін саласындағы және отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған жоспарлар туралы айтылды.

Барлық жаңалықтар