00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Футбол: Ұлттық құрамада қанша легионер болды?

08.06.2023 | 16:00
77
Фото: egemen.kz

Бүгін футболдан Ресейдің тумасы, жастар арасындағы Еуропа чемпионы Александр Зуев Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеді. Осы орайда 1992 жылдан бері ұлттық құрамадағы жат футболшыларды қарап шығуды жөн көрдік, деп жазады Elorda.info тілшісі.

уцуяя.jpg

Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасын бірнеше деңгейге бөлуге болады. Бірінші – КСРО мектебінің түлектері. Түрлі себептермен Қазақстан клубтарында ойнап, ұлттық құрамаға шақырылғандар. Оның кейбірі тарихи отаны - Германияға кеткен. Екінші кезекте Қазақстанда туса да, өздеріне ыңғайлы Ресей азаматтығын алған футболшылар. 2002 жылы УЕФА-ға мүше болған соң, ұлттық құрамаға Ресейдегі футболшылармен күшеюге тырысқан. Одан кейін ел чемпионатында жақсы ойнаған өзге елдің футболшыларын ұлттық құрамаға шақырды. Қазақстанда туса да, бала кезінен Германия, Бельгия т.б елдерде өскен азаматтар да ұлттық құрамадан орын берілді. Александр Зуев – Ресейдің жастар құрамасында доп тепкен ерекше футболшылардың бірі. Бірақ алғашқысы емес. Төменнен байқасаңыз, кей спортшылар өз елдерінің (Германия, Украина т.б) жастар құрамасына кіре алған.

1992 жыл.

Қазақстан ұлттық құрамасы ресми ойынын 1992 жылы Түркіменстанға қарсы өткізіп, Владимир Нидергаус жалғыз жеңіс голын соққан еді.

нин.jpg

Қақпашы Вадим Егошкин Ресейдің Камчатка облысында дүниеге келген. Қазақстан сапында 1992-1996 жылдары аралығында 3 ойын өткізіп, 3 гол жіберген. 

Жеңіс голын соққан этникалық неміс Владимир Нидергаус Көкшетауда туса да, қазір Германия азаматтығын алған. 1992-2000 жылдары 4 ойын өткізіп, 1 гол соқты. 

Андрей Мирошниченко Ресейдің Краснодар қаласында дүниеге келген. Ұлттық құрамада 21 ойын өткізген. Бапкерлік қызметпен бірнеше отандық клубты жаттықтырған. 

Александр Богатырёв – Ресейдің Бийск қаласында дүниеге келген. Ұлттық құрамада 1 ойын ғана өткізді. 

Виталий Кафанов – Түркіменстанда дүниеге келген. Қазақстан және Түркіменстан құрамасының қақпасын қорғаған. 

Сергей Анашкин – Латвияның тумасы. Ұлттық құрамада 3 ойын өткізді. 

Олег Капустников – 1994 жылға дейін 7 ойында доп тепкен. 1995 жылы студенттік Ресей сапында Универсиаданың қола жүлдегері атанды.

1996 жыл.

Владимир Цирин – Өзбекстанның тумасы. 1996 жылы Ливанға қарсы 1 ойын ғана өткізген. Ұлы Антон Цирин де 2011 жылы 2 мәрте Қазақстан қақпасын қорғаған. 

Пётр Нейштетер  - Қырғызстанда туған этникалық неміс. 1992 жылы ресми түрде Германия азаматтығын алды. 1996 жылы «Майнц 05» клубының ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамасында 3 ойын өткізді. 

Сергей Жуненко – Талғардың тумасы. 2 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Сергей Пацай – Алматыда туған. 2 ойын өткізген. Венгрия азаматтығын алған. 

1997 жыл.

Алевтин Осипов – Украинада өмірге келген. Павлодар мектебінің түлегі. 13 ойын өткізген. Қазір Германияда тұрады.

Александр Фамильцев – Павлодарда туған. 1997-2006 жылдары 35 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Александр Скляров – Шымкентте дүниеге келген. 2 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған.

2000 жыл.

Дмитрий Мамонов – Талдықорғанның тумасы. 2000-2001 жылдары 4 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Константин Ледовских – Қарағандының тумасы. БАӘ-ға қарсы 1 тайм қақпаны қорғады. Қорытынды есеп: 2:5. Одан кейін ұлттық құрамаға шақырылмады. Қазір Ресей азаматтығын алған. 

Дмитрий Кищенко – 2000-2003 жылдары 3 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Максим Шевченко – Алматының тумасы. 2000-2005 жылдары 11 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Еуропадағы Қазақстан

2003 жыл.

Евгений Ловчев – атақты КСРО футболшысының ұлы. Ресейде туған. Қазақстан сапында 8 ойын өткізген. Ресей азаматы.

Константин Канин – Шымкенттің тумасы. Фарер аралдарына қарсы 1 ойын өткізген. Өзбекстан азаматтығын алған. 

Ренат Дубинский – Ақтаудың тумасы. 2006 жылы 1 жыл ғана «Ақтөбеде» ойнаған. Қалған футбол мансабы Ресейде өткен. 2003-2006 жылдары 13 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Андрей Шкурин – Мәскеуде дүниеге келген. Мәскеудің футбол түлегі. 2002-2007 жылдары Қазақстан чемпионатында ойнаған. 2003-2004 жылдары ұлттық құрамада 3 ойын өткізген. 

Юрий Аксёнов – Волгоградта туған. 2003-2004 жылдары 5 ойын өткізген. 

Олег Мусин – Ресейдің Алтай аймағында дүниеге келген. Қазақстан клубтарында 2 жыл ойнаған. Ұлттық құрамада 6 ойын өткізді. 

Виталий Артёмов – Теміртаудың тумасы. 2003-2004 жылдары 5 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған.

2004 жыл. 

Виталий Абрамов – Қарағандының тумасы. 2004 жылы 1 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Арсен Тлехугов – Ресейде дүниеге келген. Ұлттық құрамада 1 ойын өткізген. 

Дмитрий Ляпкин – Шымкенттің тумасы. 2005 жылы ғана «Жеңіс» клубында 1 жыл ойнады. Қалған мансабы Ресейде өтті. 2004-2007 жылдары 15 ойын өткізген. Ресей азаматтығын алған. 

Андрей Морев – Омбыда дүниеге келген. 2 мәрте Қазақстан қақпасын қорғаған. 

Роман Узденов – Нальчик қаласында дүниеге келген. Қазақстан чемпионатында 2 жыл доп тепкен. 2004-2008 жылдары ұлттық құрамада 5 ойын өткізіп, 2 гол соққан.

2005 жыл.

Александр Крохмаль – 1977 жылы Ашхабадта дүниеге келген. Оның Түркіменстан, Украина, Қазақстан азаматтығы болған. 2004 жылы «1981 жылы дүниеге келген» деген жалған құжатпен Қазақстан азаматтығын алған. 2004 жылы Қазақстанның 23 жасқа дейінгі құрамасында ойнады. Кейін туған жылы әшкере болды. Бірақ Қазақстан Федерациясына ешқандай шара қолданылмады. 2005 жылы 3 ойын өткізген. 

Александр Кучма – Жамбылдың тумасы. 2000-2004 жылдары Германия клубтарында доп тепкен. 2005-2008 жылдары ұлттық құрамада 37 ойын өткізді. Германия азаматтығын алған. 

Никита Хохлов – Краснодарда дүниеге келген. ЦСКА (Мәскеу) клубының түлегі. 2005-2008 жылдары 17 ойын өткізген.

2006 жыл.

Эдуард Сергиенко – Украинаның тумасы. 19 жасында Қазақстан чемпионатына келген. Қазақстанның жастар құрамасы мен ұлттық құрамада 23 ойын өткізген.

2007 жыл.

Олег Корниенко – Владикавказда дүниеге келген. 2000-2008 жылдары Қазақстан клубтарында доп тепті. 2007 жылы ұлттық құрамада 2 ойын өткізді. Ресей азаматы.

2009 жыл.

Денис Малинин – Павлодардың тумасы. Мансабының басым бөлігін Ресей, Литва чемпионатында өткізген. Ұлттық құрамада 1 ойын өткізді. Ресей азаматтығын алған.

2010 жыл.

Михаил Рожков – Мәскеуде дүниеге келген. 2010 жылы 27 жасында «Астана» клубына келіп, 3 жыл ойнады. 2010-2012 жылдары ұлттық құрамада 15 ойын өткізді. 2012 жылы Мәскеуде автокөлік апаты салдарынан мансабын аяқтады. 

Алексей Попов – Нытва қаласында дүниеге келген. Қазақстан клубында мүлдем ойнамаған. 2003-2004 жылдары Ресейдің 2-ші құрамы сапында Қазақстанға қарсы ойнаған. 2010 жылы ұлттық құрамада 4 ойын өткізді. 

Генрих Шмидтгаль – Есік қаласында дүниеге келген этникалық неміс. Неміс мектебінің түлегі. 2010-2015 жылдары 14 ойын өткізіп, 1 голды Германия қақпасына соққан. 

ген.jpg

Сергей Каримов – Қарағандыда туған этникалық неміс. 2010 жылы Қазақстан сапында Оманға қарсы 1 ойын өткізген. Германия азаматы. 

Казбек Гетериев – Пролетарское ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Қазақстан сапында ойнауға шешім қабылдап, 2015 жылға дейін 7 өткізді. Ресей азаматы. 

Андрей Сидельников – Ресей азаматы. 2008 жылы 28 жасында «Ақтөбеге» ауысқан. 2010-2015 жылдары ұлттық құраманың қақпасын 29 ойында қорғады.

2011 жыл. 

Роман Нестеренко – Украина азаматы. 2008 жылы Қазақстан чемпионатында үздік қақпашы атағын жеңіп алған. 2011 жылы ұлттық құрамада 2 ойын өткізді. 

Марк Гурман – Алматының тумасы. Израиль азаматы. 2010 жылы 21 жасында «Астана» клубына келген. 2011-2015 жылдары ұлттық құрамада 26 ойын өткізген. 

Владислав  Чернышов – Қырғызстанның тумасы. Ұлттық құрамада 2 ойын өткізген. 2016-2017 жылдары Қазақстанның жағажай құрамасында 4 ойын ойнаған. 

Марат Хайруллин – Қазанда дүниеге келген. 2007 жылы 23 жасында «Ақтөбе» сапына ауысты. 2011-2014 жылдары ұлттық құрамада 13 ойын өткізген.

2012 жыл.

Виктор Дмитриенко – Ресей азаматы. 2012 жылы 21 жасында «Астана» клубына ауысқан. 2012-2017 жылдары жастар және ұлттық құрамада 21 ойын өткізген. Молдова қарсы жолдастық ойында гол соққан. 

Анатолий Богданов – Ресей азаматы. 2012-2015 жылдары ұлттық құрамада 14 ойын өткізген. 

Константин Энгель – Қарағандыда туған этникалық неміс. Германия азаматы. 2012-2015 жылдары 11 ойын өткізді. 

Валерий Коробкин – Ресей азаматы. 2012 жылы 29 жасында «Астана» клубына ауысқан. 2012-2014 жылдары ұлттық құрамада 13 ойын өткізген.

2013 жыл.

Алексей Мулдаров – Ресей азаматы. 2013 жылы 29 жасында «Ақтөбеге» ауысқан. 2013 жылы ұлттық құрамада 3 ойын өткізді. 2019 жылдан бері мойындалмаған Оңтүстік Осетия құрамасында доп тебеді.

2014 жыл.

Сергей Малый – Украина азаматы. 2013 жылы 23 жасында «Шахтер» клубына келген. 2014 жылдан бері ұлттық құрамада 64 ойын өткізді. Былтыр Молдова қақпасына гол соққан.

мал.jpg

2015 жыл.

Ненад Эрич – Сербия азаматы. 2010 жылы 28 жасында «Қайрат» клубына ауысқан. 2015-2018 жылдары ұлттық құрама сапында 8 ойын өткізген. 

нен.jpg

Георгий Жуков – Семейдің тумасы. Бельгия азаматы. 2013 жылы 19 жасқа дейінгі Бельгия құрамасында 3 ойын ойнаған. 2014 жылы 20 жасында «Астана» клубына келген. 2014 жылдан бері жастар және ұлттық құрамада 27 ойын өткізген. 

жук.jpg

Александр Меркель – Алматының тумасы. Германия азаматы. 2007-2011 жылдары Германияның жастар құрамасында ойнаған. 2015-2019 жылдары ұлттық құрамада 3 ойын өткізді.

2016 жыл.

Альмир Мухутдинов – Жамбыл облысында дүниеге келген. Ресей азаматы. 2013 жылы 28 жасында «Ертіс» клубына келген. Ұлттық құрамада 3 ойын өткізді.

2018 жыл.

Дмитрий Непогодов – Украина азаматы. 2005-2011 жылдары Украинаның жастар құрамасында ойнады. 2017 жылы 29 жасында «Тобыл» клубына ауысты. 2018-2020 жылдары Қазақстан қақпасын 13 ойында қорғады. 

Евгений Постников – Ресей азаматы. 2014 жылы 28 жасында «Астана» клубына ауысты. 2018-2019 жылдары ұлттық құрамада 8 ойын өткізді.

2023 жыл.

Александр Зуев – Қостанайдың тумасы. 2003-2005 жылдары 9 жасына дейін «Тобыл» клубының секциясында жаттыққан. Кейін Ресейге көшкен. 2011-2018 жылдары аралығында Ресейдің жастар құрамасында ойнаған. Биыл «Крылья Советов» клуы сапында 10 ойын өткізген.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар