00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

ЕУРО-2024: Қазақстан футбол құрамасы топтан шыға ала ма?

16.09.2023 | 10:00
67
Фото ҚФФ парақшасынан

Өткен аптада ЕУРО-2024 турнирінің іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Финляндия мен Солтүстік Ирландияны қабылдады. Осы орайда Elorda info тілшісі футбол мамандарынан жерлестеріміздің ойындарына қатысты пікірін білді.

Жерлестеріміз 7 қыркүйек топ басындағы Финляндияны қабылдап, 0:1 есебімен жеңілді. Алайда бұл ойынға 30 019 жанкүйер келіп, рекорд жаңартты.

1-орын. 2023 жыл. Қазақстан – Финляндия 0:1 (30 019 жанкүйер) 

2-орын. 2022 жыл. Қазақстан – Беларусь 2:1 (29 632 жанкүйер) 

3-орын.2019 жыл. Қазақстан – Ресей 0:4 (29 582 жанкүйер) 

4-орын. 2013 жыл. Қазақстан – Германия 0:3 (29 300 жанкүйер) 

5-орын. 2018 жыл. Қазақстан – Грузия 0:2 (28 736 жанкүйер) 

Ал 10 қыркүйек күні футболшыларымызға қолдау көрсетуге президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Нәтижесінде Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп, алғаш рет ЕУРО-ның іріктеу кезеңінде 12 ұпай жинадық. 

Еуро-2008 - 10 ұпай

Еуро-2012 - 4 ұпай

Еуро-2016 - 5 ұпай

Еуро-2020 - 10 ұпай

Еуро-2024 — әзірше 12 ұпай

Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасының экс-бапкері:

Финляндия құрамасы Солтүстік Ирландияға қарағанда әлдеқайда мықты. Финдер шабуылдарын креативті түрде ұйымдастырады. Жеке және командалық тұрғыдан шеберліктері мықты. Сондықтан, футболшыларымызға олармен ойнау қиынға соқты. Ал Солтүстік Ирландиямен өткен кездесуде жігіттеріміздің ойыны жүрді. Себебі, Солтүстік Ирландия футболшылары финдерден қарағанда тактикадан гөрі тіке шабуылға басымдық беріп, физикалық күшке иек артады. Қос ойында 3 ұпай алғанымыз да жаман емес. Бірақ Финляндиямен кемінде тең түскенде, турнир кестесі одан да қызық болар еді. Енді Дания, Финляндия, Словениямен сырт алаңда ойнаймыз. Қиын болатындығы сөзсіз. Бірақ барлығы Қазақстанның өз қолында. Солтүстік Ирландиямен өткізген ойындағы агрессия, табандылық, алаңда жеңіл қимылдау қасиеттерін одан әрі қолданса, мақсаттарына жететіндігі сөзсіз.

Қазақстан УЕФА құрамында болса да, чемпионат көктем-күз мезгілінде өтеді. Ал Еуропа біріншіліктері күз-көктем мезгіліне бекітілген. Сондықтан, отандастарымыз көктемде бабында болып, еуропалықтарды тізе бүктіреді. Ал қазір Қазақстан чемпионаты аяқталуға жақын. Оның үстіне бірнеше клубтарымыз еурокубокта доп тепті. Салыстырмалы түрде күзде Қазақстан футболшыларына ұпай алу қиынға соғады. Дәл қазір Қазақстан құрамасы жеңіске деген жігерін көрсетіп, ЕУРО турниріне шыға алатын қауқарын көрсетті. Дегенмен, егер біз инфрақұрылымымызды дамытпай, күз-көктем жүйесіне көшпесек, әрі қарай жеңіске жету қиын болмақ.

Былтыр Ұлттар лигасында 13 ұпай, биыл ЕУРО-2024 іріктеу кезеңінде 12 ұпай алып рекорд жаңартып жатқанына қуанамын. Бұнымен тоқтап қалмасы анық. Әлі де ұпай алатынына сенемін. Қазақстан ұлттық құрамасының жеңісіне тілектес боламын!»

Деректеме: Талғат Байсуфинов – Қазақстан ұлттық құрамасын 2016 және 2021 жылдары жаттықтырып, 18 ойында 3 жеңіс, 6 тең нәтиже, 9 жеңіліс көрсеткішін тіркеген.

 Ербол Қайыров, Спорт журналисі: 

2 ойынды салыстырсақ, біршама өзгеріс болғанын байқауға болады. Финляндияға қарсы ойында Лев Скворцов негізгі құрамда шықса, Солтүстік Ирландияда Еркін Тапаловты ойнатты. Сондай-ақ, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Біржан Оразов пен Максим Самородовқа мүмкіндік берілді. Байқағаныңыздай, таза шабуылшы болмаса да, Максим Самородов үмітті ақтап, жеңіс голын соқты. Бапкер дұрыс шешім қабылдады деп, ойлаймын. Себебі, Максим тек шабуылға емес, артқы шепке қайтып, қорғанысқа көмектеседі. Өкінішке қарай, ол жарақат алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды.

Қазақстанның сәтті өнер көрсетуіне бас бапкер Магомед Адиев, ҚР Федерация тарапынан қолдау тікелей әсер етті. Бұған дейін футболшыларымыз лайықты түрде жеңілу немесе тең ойнауға ниет етсе, енді құраманың анық мақсаты бар. Олар ірі доданың финалдық кезеңіне шығуға талпынады. Дәл осындай керемет атмосфераны 20 жыл бұрын Арно Пайперс кезінде сезінген едім. Енді сол сәттің оралғанын байқадым.  Қазақстанның ЕУРО-2024 финалдық кезеңіне шығу мүмкіндігін 20-30 пайызға бағалаймын. Себебі, Қазақстанды сырт алаңда өте қиын ойындар күтіп тұр. Қазақстанның бір артықшылығы 4-орынды иемденді десе болады. Солтүстік Ирландияның бізді қуып жете алмасы анық. Оның өзі біз үшін жетістік. Осының арқасында жерлестеріміз еш нәрсеге уайымдамай, сырт алаңда еркін ойнауға мүмкіндік алады. Барлығы өз қолдарыңда.

 Енді Қазақстан құрамасы 15 қазан күні сырт алаңда Даниямен кездеседі. Қазақстан сенсация авторы атана ма? Барлығы уақыт еншісінде!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар