00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада параспортқа қаншалықты көңіл бөлінеді?

17.08.2023 | 03:00
76
фото: Ақмарал Науатбек парақшасынан

Соңғы жылдары елімізде параспорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Нәтижесінде 2016 жылдан бергі Паралимпиада ойындарында бірнеше жоғары жетістіктерге қол жеткіздік. Осы орайда мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің басшысы Азамат Тағаев Астана қаласы бойынша параспорттың жағдайын Elorda.info сайтына айтты.

- Елордамыздағы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің бүгінгі хал-ахуалына тоқталсаңыз?

Мектебіміз спорттың 3 бағыты бойынша қызмет атқарады:

  • Паралимпиадалық спорт түрлері (дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, пауэрлифтинг, волейбол, таэквондо, оқ ату);
  • Сурдлимпиадалық спорт түрлері (дзюдо, жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, грек-рим күресі, еркін күрес, таэквондо, футбол, шахмат);
  • Олимпиадалық емес спорт түрлері (арбада билеу, каратэ, қол күрес, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат).

2023 жылғы көрсеткішке сәйкес, мектебімізде 402 спортшы бар. Оның бесеуі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері деген атағын алған: парадзюдодан әлем чемпиондары Ерғали Шамей, Ақмарал Науатбек, дзюдодан Сурдлимпиада чемпионы Сабыржан Хапизов, үстел теннисінен Сурдлимпиаданың қола жүлдегері Владимир Несторов, армрестлингтен 2 дүркін әлем чемпионы Еркін Әлімжанов.

- Астана қаласы бойынша 402 мүмкіндігі шектеулі спортшы бар дедіңіз. Бұл көрсеткіш жыл сайын қаншалықты өзгеріске ұшырайды? 

Мысал ретінде, келесі ақпаратты ұсынуға рұқсат етіңіздер:

2021 жыл – 436 спортшы, 2022 жыл – 408 спортшы, 2023 жыл – 402 спортшы. 

Алдағы уақытта мектебімізде жаңа спорт түрлері қосылғанда қатысушылардың саны артатыны сөзсіз.

Мәдениет және спорт министірлігінің №42 бұйрығына сай алғашқы даярлық топқа жас ерекшелігі сай келмейтін спортшылар, мектептен шығарылды.

- Параспорттың қай түрі бойынша республикада үздіктермен бәсекеге түсе аламыз

Пара үстел теннисі, парадзюдо, пара оқ ату, пара, сурдо жүзу, паракаратэ, арбамен билеу, қол күрес, сурдо футбол.

- Астана қаласының параспортшылары биыл қандай жетістіктерге қол жеткізді?

4 жылда бір рет өтетін еліміздің паралимпиадалық ойындарында Астана қаласы 19 алтын, 13 күміс, 9 қола жүлдемен жалпы есепте 7-орынға тұрақтады (2019 жылы 14 алтын, 13 күміс, 12 қола жүлде алған еді).

Ал халықаралық жарыстардан Ерғали Шамей (парадзюдо), Ләззат Жүсіпова (паракаратэ) Азия чемпионы атанса, арбамен билеуден Токиода өткен халықаралық жарыста Ардақ Оторбаев топ жарды. Сондай-ақ сурдо дзюдодан Азия тынық мұхиты аймағының жарысында Сабыржан Хафизов қарсылас шақ келтірмеді.

- Баяндамаңызда спорттық жетістіктердің өсуіне байланысты мектебіңізге бөлінетін қаржыны ұлғайту қажеттігін (2022 жыл – 341 млн теңге, 2023 жыл – 493 млн теңге) алға тарттыңыз. Осыған тоқталсаңыз?

Жетістіктердің көрсеткіші ұлғаюдың басты себебі, спортшылардың спорттық қабілеті мен шеберлігі, тәжірибесінің артуында деп есептейміз. 

Жыл сайын жаттықтырушылардың еңбек жалақысының өсуіне байланысты заманауи спорттық жабдықтармен қамтамасыздандырылуы мен спортшыларға спорттық форманың жаңартылуы, ай сайын жалақы (степендия) алатын спортшылардың саны көбеюі оң нәтиже беруіне зор септігін тигізеді, сонымен қатар өз нәтижесін береді.

Салыстырмалы мысал:

2021 жыл – жалпы медальдар саны: 557 медаль (216 – алтын, 171 – күміс, 170 – күміс);

2022 жыл – жалпы медаль саны: 632 медаль (251 – алтын, 202 – күміс, 179 – қола) 

2023 жыл – бірінші жартыжылдық (қаңтар – маусым) оқу жылында 398 медаль бар (156  – алтын, 133 – күміс , 109 – қола).

- Мүгедектігі бар адамдарға бейімделген бассейні бар көп бейінді спорт кешені қажет дедіңіз. Мегаполисімізде мүгедектерге арналған неше бассейн бар? Су спортымен айналысатын мүгедектердің саны артып жатыр ма? 

Астана қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған бассейн қарастырылуда. 

Мектеп спортшылары «Алатау» спорт кешенінде  оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.

Мектебімізде жүзуден 70 спортшы бар.

Қазіргі уақытта пара жүзуден – 5 топ, сурдо жүзуден – 7 топ бар. 

Жүзуден жаттықтырушылардың жетіспеушілігі, арнайы бассейннің жетіспеушілігі секілді мәселелер орын алуда.

- 2024 жылға спортшыларды қалпына келтіру үшін медикаменттерді сатып алуға қаржыландыруды ұлғайтуды ұсындыңыз. Параспортта медикаменттер қаншалықты әсер етеді? Бұған дейінгі қолданылатын медикаменттер уақыт сайын ескіре ме?

Медикаменттер мен арнайы дәрумендер – жарыс алды және жарыстан соң қабылданады.

Басты мақсат – спортшылардың денсаулығын қалыпты жағдайға ұстау мен қалыпқа келтіру. Физикалық белсенділік артқан соң, қолданылған медикаменттер жұмсалынады. Әр препараттың өзіндік уақытша әсері болғандықтан, әрдайым медикаменттер мен қажетті медициналық препараттарды қолданған абзал. Себебі, спортшының физикалық дайындығы мен денсаулығының мықтылығы – жеңістің басты кепілі. Біз үшін спортшының денсаулығының жағдайы – бірінші орында тұрады. 

Ол – маңызды.

- Кейінгі кезде параспорттың түрлері дамып, артып жатыр. Осыны қалай түсіндіресіз? Алдағы уақытта қандай параспорттарды қолға алмақшысыздар?

Параспорттың белсенді дамуы – қоғамға қажет.. Себебі, бұл – қоғамның сұранысы, ата-аналардың өтініші. 

Қазіргі таңда интеллектуалды – жүзу (S14 класс), жеңіл атлетика (TF20 класс), үстел теннисі (11-класс), паралимпиадалық спорт түрлері – бочча, үлкен теннис, садақ ату спорт түрлері ашылуы жоспарлануда.

- Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Параспорттан биылғы басты дода 22-28 қазан аралығында Ханчжоу (Қытай) қаласында өтетін Паралимпиадалық Азия ойындары. VI Пара Азия ойындарына қаламыздың атынан 10 параспортшы аттанады. Атап айтатын болсақ, парадзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері  Ерғали Шамей, Ақмарал Науатбек. 

Парадзюдодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Арыстанбеков, парадзюдодан спорт шеберіне үміткер Аслан Нұрдаулетов.

Пара үстел теннисінен ҚР спорт шеберлері Сәуле Айдарханова, Балзия Таш, Александра Степанова, Алтынай Ержанқызы.

Пара оқ атудан Александр Пасхалиди.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар