00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Айтжан Мусин: Aulafit дене шынықтыруға баулиды

03.09.2023 | 03:30
54
Фото: Aulafit

Астана қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған Aulafit жобасының жазғы маусымы өз мәресіне жетті. Осы орайда іс-шараны жүргізуге атсалысқан Айтжан Мусин Еlorda.info тілшісіне сұхбат берді.

Aulafit жобасы өмірге қалай келді?

2020 жылы елімізді коронавирус індеті жайлап, үйден шығу, өзге қалаға бару қиындап кетті. Азық-түлік дүкені мен дәріхана ғана емін-еркін жұмыс істеп, басқа саладағы азаматтар жұмыссыз қалды. Соның бірі – фитнес-клубтар. Қиын-қыстау кезеңде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Aulafit жобасы идеясын алға тартты. Нәтижесінде демеушілердің көмегімен Есіл және Алматы ауданындағы 4 аулада жобамызды бастап кеттік. Неге? Себебі, Астана қаласының спорт басқармасы тарапынан идеямыздың жүзеге асуына күмәні болды. Сонымен қатар, аулаға шығудың өзі мұң болып тұрғандықтан, спорт министрлігінің жобалары уақытша тоқтап қалды. Бұл қандай мәселені шешті? Біріншіден, үйден шықпайтын, қимыл-қозғалысы аз тұрғындар ауырмау үшін, дене шынықтыруды күнделікті әдетке айналдыруға үйрету. Екіншіден, фитнес-клубтардағы жаттықтырушылардың сәл де болса, отбасын асырауына мүмкіндік туғызу. 

улкендер.jpg

Aulafit жобасын тұрғындар қалай қабылдады?

Бастапқыда тұрғындар арасында сенімсіздік болды. Әр қызмет ақша тұратын заманда тегін дүниенің болуы, кімді болсын, таңғалдырмай қоймайтыны анық еді. Біз өз тарапымыздан тоқтап қалмай, аула чаттарына ұдайы жазып, дене шынықтыруға шақырудан жалықпадық. Осылай адамдар біртіндеп, шыға бастады. 2 ауладағы ересектердің саны 50-дей болса, балалардың саны 200-ден асты. Бұл жобамыздың жемісін бергенін дәлелдейді. Нәтижесінде 2021 жылы Астана қаласының Спорт басқармасы өз көмегін беріп, аула саны 6-ға өсті. Биыл 5 ауданды да қамтып, рекордтық 10 ауланы құрады. Атап айтсақ: 

1) Н. Тілендиев даңғылы 36;

2) Е 430 көшесі – «Табысты» тұрғын-үй кешені;

3) Ш.Айтматов, 36 – «Жағалау» тұрғын-үй кешені;

4) Әнет баба көшесі 11 – «Манхэттэн» тұрғын-үй кешені;

5) Түркістан көшесі 10 – «Көркем 2» тұрғын-үй кешені;

6) Сауран көшесі 5 – «Градкомплекс» тұрғын-үй кешені;

7) Рысқұлбеков көшесі 16 – «Алма» сквері; 

8) Күйші Дина көшесі, 31 – «Мирас» тұрғын-үй кешені;

9) Пушкин көшесі, 15 Б – «Қытай қорғаны» тұрғын-үй кешені;

10) Абай даңғылы, 63 – «Тараз» тұрғын-үй кешені.

жаттыгу.jpg

Жоба аясында тұрғындар қандай спортпен айналысты?

Aulafit спортпен кәсіби түрде айналысуды көздемейді. Жоба мектеп кезіндегі дене шынықтыру пәнімен ұқсас. Яғни, дене шынықтыруға баулиды. Aulafit арқылы адамдар күнделікті бір уақыт өз денсаулығына мән беруге дағдыланады. Жаттықтырушылар аптасына тұрақты түрде аулаға 3 рет келеді. Таңғы 9 бен 10 аралығында ересектер жаттықса, 10 мен 11 аралығында балалар таңғы жаттығуын істейді. Одан соң, үзіліс. Кешкі 5 пен 8 аралығында 6-10, 10-15, 15-тен жоғары жасөспірімдер баскетбол, волейбол, футбол, шахмат, тоғызқұмалақ т.б спортпен айналысады.

Адамдардың саны қаншалықты өсіп жатыр?

Aulafit жобасын коронавирус кезінде бастағанбыз. 2020 жылы – 250-300 адамды қамтысақ, қазір ауланың саны өскеніне байланысты келушілердің саны 1500-ға өсті. Біз тек жазғы маусыммен шектеліп қалмаймыз. Қыс мезгілінде де аулаларда мұз айдындарын жасап, кішкентайларға конькимен айналысуға мүмкіндік береміз. Ал үлкендер скандинавиялық жүріспен айналысады.

Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

Пандемия кезеңі артта қалғанымен, бұқаралық спортты дамыту қоғамда өзекті болып тұр. Байқағаңыздай, коронавирус ұмтылса да, аула спортына деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Дәл қазіргі сәтте қысқы маусымға әзірлік жұмыстарын бастау үшін, Спорт басқармасынан қаржылық көмекті күтіп отырмыз. Алдағы жылдары аула санын арттыру жоспарымызда бар. 

Aulafit жобасы тек Астана қаласында жүзеге аса ма?

Менің білуімше, республикамыздың басқа өңірлерінде де бұл жоба бастапқы кезде жүзеге асқан. Дегенмен, қолдау болмаған соң, тоқтап қалған жайттарды естідім. Өйткені әр облыстың жағдайы әр түрлі. 2020 жылы БҚО, ШҚО, СҚО, Қостанай облысы, Алматы қаласында т.б аймақтарда болды. Биылғы статистиканы нақты ақпаратты айта алмаймын. Дегенмен, біз Астана қаласынан бөлек, Теміртау қаласындағы 6 аулада жобамызды сәтті іске асырып келеміз.

Сұхбатыңызға рақмет!

Қанат Байұзақов.

Барлық жаңалықтар