00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Асхат Жіткеев: Grand Slam жарысын өткізу – қазақ дзюдосы үшін үлкен мәртебе

31.03.2023 | 23:06
Аяулым Алтынбек
50

Қазақ дзюдосының тасы өрге домалады деуге әлі ертерек шығар, дегенмен бұл салада атқарылып жатқан жүйелі жұмысты жоққа шығаруға болмас. Оған жақында ғана сүйіншілей жеткен ақжолтай жаңалық – дзюдодан еліміздің Grand Slam жарысын өткізу құқығына ие болуы дәлел болары анық. Бейжің Олимпиадасында дзюдодан алғашқы ірі жүлдені – күміс медальді ел қоржынына салған, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев бұл жарыстың орны ерекше екенін айтады. Ол Астанада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында спортшылардың әлеуетін бақылап, біріншілікті тамашалай жүріп, қат-қабат қарбалас арасында Elorda.info тілшісіне сұхбат беруге уақыт тапты.

Grand Slam турнирін өткізу мүмкіндігі кез келген мемлекетке беріле салмайды

Дзюдо спорты бойынша мәртебелі сайыс болып саналатын Grand Slam – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес IJF World Tour аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы. IJF ережесі бойынша, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпай үлестіріледі. Атап айтқанда, 1-орынға – 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.

Qazaqstan barysy Grand Slam жарысында дзюдошылар 2024 жылы Париж және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ұпай еншілейді.

Кейіпкерімізбен Grand Slam турнирінің маңызы, ерекшелігі және дайындық барысы қалай жүріп жатқаны туралы кеңінен әңгіме өрбіттік.

Grand Slam турнирін өткізу құқығы кез келген мемлекетке беріле салмайды. Елімізде қаншама жарыс өткіздік. Біздегі дзюдо тарихы тереңде жатыр, жеткен жетістіктер де аз емес. Әлем чемпионаты, «Masters» турнирі, Азия кубогі, Азия чемпионаттары өтті. Grand Slam жарысы – Олимпиадаға көп ұпай жинайтын, жолдама беретін турнир. Ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет өткізілуі. Маңызы жоғары халықаралық жарыс өз елімізде өтетіндіктен, оған әр салмақтан 4 спортшыдан қатыстыра аламыз. Grand Slam жарысында іріктелген мықты дзюдошыларымызды өздерінің жақындары мен жанкүйерлері қолдап, турнирге келіп, өнерлерін тамашалай алады. Бұл жарысқа әлемнің көптеген алпауыт елдері келіп қатысады. Grand Slam турнирінің Қазақстанда өтуі еліміз үшін ғана емес, қазақ дзюдосы үшін үлкен мәртебе. Сол себепті бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Жарыс Астана мен Алматы қалаларында өтеді. Екі мегаполисте де үлкен спорт кешендері, жарыс қатысушылары мен қонақтарын қабылдайтын қонақүйлер бар. Астана мен Алматыда 4 жыл бойы өтетін осындай әлемдік деңгейдегі жарысты өткізетін барлық жағдай жасалған. Бұйырса, дүбірлі доданы алдымен  елордада бастаймыз. Бір жыл Астанада, бір жыл Алматыда кезектесіп өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Нақты қалай болатынын уақыт көрсетеді. Әр салмақтан еліміздің атынан 4 спортшыдан қатысады. Қатысатын дзюдошыларды құрама бапкерлері іріктеп таңдап алады.

Жалпы Grand Slam турнирін елімізде өткізуге қалай қол жеткіздіңіздер? Келіссөздер қалай жүргізілді? Мұнда қандай басымдықтар есепке алынды?

Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) әлемдік Grand Slam жарысын Қазақстанда өткізу туралы төртжылдық келісімшартқа қол қойды.

Париждегі Grand Slam жарысы аясында Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев екіжақты келісімшартқа қол қойды. Оған сәйкес, 2023-2026 жылдар аралығында әлемдік Grand Slam жарысы Қазақстанда өткізіледі.

Қазақстанның дзюдодан ірі жарыстарды өткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар. Біздің елімізде Гран-при жарыстары, «Masters» турнирі, ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, бірнеше рет Азия чемпионаты тұрақты түрде өткізіліп келеді. IJF мұндай мүмкіндікті бермес бұрын алдымен мемлекеттерді жан-жақты бақылайды, қай елдің қандай мүмкіндіктері, спорт ареналарын, қонақүйлері бар екенін, жарысты қандай деңгейде ұйымдастырып жүргенін саралайды. Олардың өздерінің комиссиялары бар. Сондай-ақ, жарыс өткізуге үміткер елге IJF адамдары арнайы келіп, залдарды, қонақүйлерді қарап шығады, өздерінің ұсыныстарын енгізеді. IJF-пен ақылдаса отырып, бірлесіп осы ауқымды жарысты өткіземіз. Еліміздің 2023 жылдан 2026 жылға дейін Grand Slam өткізу құқығын алуы –  дзюдо федерациясының орасан зор жетістігі және халықаралық жарыстарда еліміздің жалауын желбіретіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткен барлық спортшымыздың ортақ еңбегі.

Беделді әлемдік турнир «Qazaqstan barysy Grand Slam» деген эксклюзивті атауға ие болды. Әлемдік аламан додаға бұл атау қалай таңдалды?

Бұл атауды Қазақстан дзюдо федерациясының басшысы ұсынды. Қазақ күресінен «Qazaqstan barysy» деген атаумен өтетін жарыс бар. Qazaqstan barysy деген атау брендке айналды. «Белдесу», «Барыс» деген сияқты атаулардың түрлі реңкке еніп, өзгеруінен шыққан «Qazaqstan barysy» деген бренд атау әлемдік спорт аренасына шығары анық. Бұл атауды ұсынудағы мақсатымыз – қазақ спортын, оның ішінде қазақ дзюдосын әлемдік спорт әлеміне паш ету. IJF біздің бұл идеямызды қолдады.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда дзюдодан әлемдік дәрежедегі бірнеше жарыс ұйымдастырылды. Елімізде өтпеген қандай жарыстар қалды?

Егер осы Qazaqstan barysy Grand Slam турнирін абыроймен өткізіп алсақ, дзюдодан жастар арасындағы Әлем чемпионаты ғана қалады. Келешекте оны да өткізерміз деген ойдамын. Содан кейін ғана Қазақстан дзюдосы осы спорт түрінен барлық жарысты өткізді деп ауыз толтырып айта аламыз.

Қазақстанға үш дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринер шақыртылды. Жалпы Франциядан келген жаттықтырушылар қаншалықты пайдасын тигізіп жатыр? 

Бұл – бірлескен идея, француз жаттықтырушыларының, біздің бапкерлердің идеясы болды. Аталған идея федерация тарапынан қолдау тауып, елімізге шақыртылды. Жиындар, жаттығулар өткізілді. Оған 25 түйе палуан қатысты. Француз бапкерлерімен ақылдасып, өзіміздің мықты спортшыларымызды, түйе палуандарымызды «оятып» алайық деп шақырдық. Токио Олимпиадасында 100 жəне 100 келіден жоғары салмақта біздің елден ешкім күреспеді. Бұрын аса ауыр салмақта жақсы нәтижелер болса, қазір айтарлықтай көрсеткіш жоқ. Сондықтан осындай қадамға барып отырмыз. Алматы қаласындағы Дзюдо академиясында Ринер оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жалпы мұнда 25 дзюдошы бар. Академиядағы дзюдошылардың барлығына Ринермен күресіп, психологиялық тұрғыдан жақсы дайындалуға мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық құрамасымен қазір екі француз бапкері жұмыс істеп жатыр. Мына соңғы медальдар сол жүйелі жұмыстың жемісі деп айтуға болады. Өйткені соңғы жарыстарда медаль алғандар – кілең жастар.

Француз бапкерлерінің жұмысы қазірдің өзінде нәтиже көрсете бастады. Жұмыстың негізгі басты нәтижесін Олимпиада кезінде көретін шығармыз. Өзіміздің бапкерлеріміз бен француз жаттықтырушылары ортақ мақсатта, яғни жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін ауызбіршілікте бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан дзюдо федерациясы үлкен қолдау танытып отыр. Әрине, «арық айтып, семіз шыққаны» жақсы ғой, сол себепті төккен тер далаға кетпей, жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттеміз.

Олимпиадада «алтын алады-ау» деп үміт күтіп жүрген жастар бар ма?

Жастар ғана емес, бұрыннан күресіп жүрген спортшылар да бар. Бұл туралы Олимпиадаға іріктеу өткеннен кейін нақты айтуға болады. Бірақ барлық спортшыларымыздың да мүмкіндіктері бар екенін, қай дзюдошымыздың да потенциалы жоғары екенін атап өткен жөн.

Қазір командада буын алмасу кезеңі болып жатқан сияқты, сол туралы не айтасыз?

Бұл – жақсы тенденция. Жастарға мүмкіндік бергеніміз жақсы емес пе? Олардың техникалық деңгейі де жақсы. Мәселен, күні кеше ғана Астанада өткен дзюдодан жасөпірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына 825 спортшы қатысты. Осыдан-ақ дзюдоға қызығушылар саны көп екенін байқауға болады. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері 4-5 жылдан кейін Олимпиада медальдарын алады деп үміттенемін.

Жалпы қазақ дзюдошылары Олимпиадада неге алтын медаль ала алмай жүр? Бағы жанбай жүр ме әлде бабы келіспей жүр ме?  

Алтын медаль алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өз күшімізбен, потенциалымызбен алтын медаль ала алсақ, француз бапкерлерін шақырмас едік. Палуандарымызды баптасын, өз білгендерін үйретіп, әдіс-тәсілдерімен бөліседі деп шақырдық. Қандай бағдарламалары барын көрсетті, қалай күресу керек, қалай дайындалу қажет екенін үйретті. Франция дзюдосының қандай мықты дәрежеде екені бәрімізге белгілі. Сол мықтылардан үйрену үшін алып келдік. Бұл – ел тарихында 30 жылда болмаған нәрсе. Бірақ құрамаға шетелдік мамандарды шақыру – әлемдік тәжірибеде бар дүние.

Қазақ дзюдосындағы басты проблемаларды атап өтсеңіз?

Әр заманның, әр саланың өз проблемалары болады. Мәселен қаржы мәселесіне келсек, ол біреуге жеткілікті, ал біреуге жеткіліксіз. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, еліміздің қалай дамып жатқанын байқауға болады. Көп нәрсеге қанағат ете білу керек. Жертөледе жаттығып жүріп, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген балалар да бар. Қазір, мойындауымыз керек, елімізде барлық жағдай жасалған. Үлкен спорт сарайлары салынды. Мәселен, Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізіледі.

Спортшы ретіндегі мансабыңызды аяқтап, басшылық қызметке ауысу қиын болды ма? «Дзюдошы ретінде мынаны жасар едім» деген өкінішіңіз бар ма?

Өкінуге болмайды. Әр нәрсенің өз уақыты болады. 27 жасымда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атандым. Жалпы үш Олимпиадаға қатыстым. Уақытында тоқтау керек деп ойлаймын. Аллаға шүкір, бұйыртқан медальдарым бар. Спортта ұзақ жүріп, біреудің орнын ұстап отыруға болмайды. Мен спорттан кеткеннен кейін, бір жылдан соң әлем чемпионаты болды. Голландияның Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында менің салмағымда күресетін (100 келіге дейінгі салмақта) Максим Раков әлем чемпионы атанды. Ол – қазақ елінің спортында дзюдодан әлем чемпионы атанған алғашқы балуан. Раков мен кеткен соң салмағын 90 келіден 100 келіге ауыстырып барып әлем чемпионы болды. Ал мен спорттан кетпесем, әлем чемпионы болмай қалуым да мүмкін еді. Біреудің бағы жанады, біреудің бабы шабады. Аллаға шүкір, еш өкінішім жоқ.

Ізбасар дайындамайсыз ба?

Барлық күш-жігерімді федерацияға жұмылдырып жатырмын. Спортшыларымызға көмектесіп, олар Олимпиадада алтын медаль алса екен деп жұмыс істеудеміз. Әзірге ізбасар дайындайтын ойым да, уақытым да жоқ, алайда дзюдошыларға бар білген-түйгенімді үйретуге дайынмын.

Сұхбаттасқан Аяулым АЛТЫНБЕК

Барлық жаңалықтар