00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Туризмді дамытуға әрбір азамат мүдделі болуы тиіс – Нәзия Жоямерген

25.07.2023 | 11:00
71

Жақында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында I Халықаралық медиа және туризм форумы болып өтті. Шара барысында отандық және шетелдік мамандар еліміздің туризм саласын өзге елдерге насихаттау жолдарын талқылады. Осыған орай аталған шараның басты ұйымдастырушысы «Түркітілдес журналистер қорының» президенті, белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызымен Elorda.info тілшісі шағын сұхбат құрған болатын. 

- Нәзия ханым, өткен аптада өзіңіз басқаратын «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастыруымен I Халықаралық медиа және туризм форумы болып өтті. Шараның бір ерекшелігі оған 200-ге тарта түрлі шетелдерден қонақтар қатысты. Форумның алғашқы күні қонақтарға Алматы облысының табиғаты көркем жерлерін таныстыру болғанын білеміз. Айтыңызшы, шетелдіктер біздің табиғатымызға қандай баға беріп кетті? Сонымен қатар нақты қай елдерден қонақтар келді?

Бірден айтайын, шара өте жоғары деңгейде өткізілді. Бұл сөзімізге келген қонақтар мен сарапшылардың артынан берген бағалары дәлел. Сұрағыңа келер болсақ, шетелдік меймандарымызға  Шарын шатқалы мен Көлсай көлі қатты ұнады.  

Шараға Ұлыбритания, Швейцария, Аустрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінен медиаменеджерлер мен туризм саласының мамандары қатысты. 

- Өткізілген шараның отандық туризмнің дамуына әсері қаншалықты болады деп санайсыз?

Бұл форумның ішкі туризмді сыртқа танытуға айтарлықтай септігі тиеді деп отырмыз. Біз оны келген меймандарымыздың біздің табиғатымызға деген ерекше ықыластары мен қызығушылық танытқан пікрілерінен байқадық. Мәселен, осы басқосу кезінде Германиядан келген әріптесіміз, «Европа» телеканалының қожайыны Алипаша Акбаш Қазақстан туризмін өз арнасында насихаттауға дайын екенін айтты. Әзірбайжандық журналист Эльчин Маликли өзінің «Бакупост» сайтында Қазақстан үшін арнайы айдар ашатынын жеткізді. Франциядан келген журналист Али Гедикоглу ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар өткізетін әлемдік көрмелерде Қазақстан туризмін насихаттауға ұсыныс айтты.  

Сондай-ақ, Түркияның Мерсин қаласынан келген журналист Хедие Ероглу Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Ақпарат және қоғамдық министрі Дархан Қыдырәліні Мерсинге туризм бойынша тәжірибе алмасуға шақырды. 

Сонымен қатар шетелдік меймандар әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы Қазақстан жайлы ақпараттар жариялап жатыр. Бұл да еуропалықтар мен көршілес елдерде тұратын азаматтардың елімізге деген қызығушылығын оятары сөзсіз. 

- Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ауқымды шараны өткізуге Алматы облысы әкімдігінен басқа тағы қандай компаниялар демеушілік танытып, қолдау білдірді? 

Иә, өте ауқымды шара. Ауқымды болған соң шығыны да соған лайық болады. Осы жерде, біздің идеямызды қолдап, қаржылай қол ұшын созған «MedCom», «Altun zhuldyz», «QazaqBitum», «GS», «Satti Zhuldyz» компанияларына алғыс айтқым келеді.  

- Форум кезіндегі бір сөзіңізде, әлемдік туризм барометрі – UNWTO әлем бойынша саяхатқа шыққан адамдардың саны осы жылдың алғашқы үш айында 2022 жылға қарағанда екі есеге артқанын мәлімдегенін айтып өттіңіз. Бұл туризм индустриясының тұрақтала бастағанын көрсетеді. Осы жерде Қазақстанның ролі қаншалықты болуы керек? 

Бірден айтайын, әлемдік туризм индустриясынан түсетін кірістен Қазақстан да өз үлесін алуы шарт. Өйткені туризм саласы экономиканың локомотивіне айналуға қауқарлы. Сол үшін біздер ғажап табиғатымызға өзіміз ғана қарап отыра бермей, отандастарымызбен шетелдіктерге еліміздің көрікті жерлерін, тұмса табиғатын, қазақтың қонақжайлығын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін барынша көрсетуіміз қажет. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдырының ролі зор деп есептеймін.

Сол үшін де еліміздің туризм саласын дамытуға, ел іші мен шекара сыртында насихаттауға орасан зор үлес қосатын аталған форумды бұдан кейін әртүрлі аймақтарда өткізуді жоспарлап отырмыз.

Өйткені отандық туризмді дамытуда мұндай шаралардың маңызы зор. Биыл Алматы облысынан бастадық. «Түркітілдес журналистер қорының» басты мақсатының бірі Қазақстанды әлемге таныту. Осы жерде өзгелерді де осы мақсатта жұмыла жұмыс істеуге шақырамыз. Отандық ішкі және сыртқы туризмді дамытуға әрбір өзін патриот сезінетін азамат мүдделі болуы керек деп санаймын. Туған жеріміз, еліміз дамыған елдер қатарынан көрінсе дейміз.

- Аталған қордың алдағы өзге де жоспарларымен бөлісе кетсеңіз? 

Алдағы айлардың бірінде ІІІ Түркітілдес журналистер медиа форумы Астанада қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шарада тұрақты басты серіктесіміз – «Шеврон» компаниясы. Форум шеңберінде туризм журналистикасына қатысты шеберлік сабақтары қарастырылған. Мақсатымыз – әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу. Қазір Қазақстанда халықтың қаржылық сауаты төмен. Іскерлік журналистика, қаржылық журналистика дұрыс дамымаған. Осы мақсатта, Түркітілдес журналистер қоры 2017 жылдан бері «Halyk Bank» АҚ серіктестігінде «Еркін сөз» шығармашылық байқауын ұйымдастырып келеді. Аталған байқауды биыл да өткізетін болып келісіп отырмыз. Одан бөлек, қазақтілді журналистерді дәстүрлі түрде түрлі шет елдерге саяхатқа шығару сияқты жоспарларымыз бар. 

- Сұхбатыңызға рахмет. Жоспарларыңызға сәттілік тілейміз! 

                                                                                 Сұхбаттасқан, Сабина КӘКІМЖАН

Барлық жаңалықтар