00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Қазақстандық музыканттарды Аустрияда ыстық ықыласпен қарсы алды

18.04.2023 | 17:00
54
Фото: дереккөз

Аустрия астанасындағы әйгілі «Эрбар» концерт залының сахнасында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың және «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» музыканттары Дина Мейірманова мен Талғар Толқынханұлының «Bridge of Times» концерті өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Концерттік бағдарламаны Қазақстанның Аустриядағы елшілігі әртістердің әлемдік гастрольдік туры аясында ұйымдастырды.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Аустриядағы елшісі Әлібек Бақаев музыка жанашырларына, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшыларына, сондай-ақ Аустрияда тұратын қазақстандықтарға қазақ мәдениетіне деген шынайы қызығушылығы үшін алғысын білдіріп, алпыс жылдан астам тарихы бар Қазақстан мәдениетінің флагманы болып саналатын «Қазақконцерт» ұйымының маңыздылығын атап өтті. Бұл ұйымның құрылуы еліміздің шежіресіне есімдері алтын әріптермен жазылған ұлы өнер қайраткерлерімен байланысты.

Қылқобыз, сыбызғы, даңғыра, шертер және сазсырнай сияқты көне музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен фольклорлық музыкамен, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев, Абай Құнанбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Джакомо Пуччини және Эрнесто Де Куртистің классикалық шығармаларымен қаныққан бағдарламаны жұртшылық аса жылы қабылдап, кеш соңында қазақстандық әртістерді қошеметпен марапаттады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист және композитор Ақтоты Райымқұлованың «Түйіскен жолдар» атты жаңа туындысын автор мен әртістердің бірге орындауы тыңдармандардың ерекше қызығушылығын туғызды.

Барлық жаңалықтар