00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Дарабоз тарихшы ғалым еді

24.02.2023 | 18:16
Елорда ақпарат
57

Қазақстан тарихы ғылымына қоғамдық жаңа ұлттық тарихты жазуға әлемдік тарих ғылымында өткен дәуірлеу мен қазіргі кезеңдегі тарихи құбылыстардың  кезеңдік межелерін айқындау тәжірибесін ескеру қажет. Дәуірлеу мәселесін алғаш рет әрі кешенді түрде көтерген тарихшы академик М.Қ. Қозыбаев еді. Оның нұсқасы бес томдық Қазақстан тарихының алғашқы үш томы мен көптеген оқулықтарға, оқу құралдарына негіз болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін қайта қарау қолға алынды. 1991 жылы академик М.Қ. Қозыбаевтың жетекшілігімен бір топ ғалым енген Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі арнайы комиссиясының жұмысы нәтижесінде бұрын құпия сақталған құжаттар ашылып, 1930 жылдардағы аштық пен саяси қуғын-сүргіннің қаралы ақиқатын зерттеуге қол жеткізілді.

Ғалымның «Ақтаңдақтар ақиқаты», «История и современность», «Жауды шаптым ту байлап», екі томдық «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» еңбектері – Отан тарихын жаңа қырынан жазу мен зерттеуге бағытталған тың идеяларға толы зерттеулер. 1996 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқара отырып, ғалым «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасының қабылдануына мұрындық болды.

Ғалым өзінің «Жауды шаптым ту байлап» еңбегінде қазақ халқының бірегейлігі мен біртұтастығы үшін күрес тарихын жаңа тарихи таным тұрғысынан қарастырып, тарихшылардың келесі буынына үлгі бола білді. Ғалымның Ұлы Дала Еліндегі азаттық күреске берген бағасы осыған дейінгі бірде-бір зерттеуде орын алмады. Жаңа тұжырымдар ғылым үшін маңызды болды. Олар мынадай: «Кене хан хандық биліктің кеселге ұшырамаған, дала демократиясына негізделген сипаты үшін күресті. Бұл – бір. Екіншіден, хан Кене де Сырым батырға ұқсап патша мен халық арасында жүріп мал тапқан сатқын сұлтандарға, билер мен батырларға қарсы соғысты. Сөйтіп Кене хан  бастаған күрес те бүкілхалықтық сипат алды. Үшіншіден, Сырым бастаған, Кене хан бастаған күресті қолдаушы, оның негізгі қозғаушы күші қара шаруа еді». Тарихшы-ғалымның соңғы екі тұжырымы кеңестік кезеңдегі осы мәселені терең зерттеген М. Вяткин, Е. Бекмаханов, Е. Дилмұхамедов пікірлерімен үндес. Дегенмен, Сырым және Кенесары қозғалыстарының үндестігіне назар аударған ол екеуінің ерекшеліктерін «Сырым батыр бастаған қозғалыстың реформаторлық қасиеті жоғары. Ал Кене хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың отаршылдыққа қарсы көптеген өзгешелігі – елдің егемендігін, мемлекеттілігін негізгі күрес мотиві етіп, күн тәртібіне қойғандығында», – деп көрсетті. Осыған орай тарихшы-зерттеушілерге ой сала: «...тарихшы қауым әр көтерілістің өзіндік жеке сипатын және жалғастықты, сабақтастықты, түбегейлі, жалпылама бірегейлік білдіретін қасиеттерін зерттеуі абзал», – деп жазды.

М.Қ. Қозыбаев Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс турасында өз ойын білдірді. Көтеріліс қазақ халқының азаттық күресінің жалғасы іспеттес болды. Алайда оның өзіндік себептері де бар-ды. Ол себептер бірден-бір Жәңгір ханның билігімен, ол жүргізген реформалармен тығыз байланысты. Ал Ж.Қасымбаев өзінің монографиясында Жәңгір ханды жаңашыл, реформатор, білімді, Еуропаға еліктеген билеуші ретінде сипаттады. Осы орайда М. Қозыбаевпен екеуінің көзқарасы тоғыса қоймады. Манаш Қабашұлы Жәңгір ханның жүргізген саясатының кейбір прогрестік маңызын атай отырып, реформаторлық істері хан өкіметін нығайтқандығын, оған европалық монархиялық сипат бергендігін, отаршылдықты күшейтуге тырысқанда «...хан билігінің тұсында таптық қысымға түскен, басым көпшілігі әбден азып-тозған, ашыққан халық» көтеріліске шықты. «Жәңгір хан европалық өнер мен білімді қандай шапшаңдықпен енгізсе, отаршылдықты жаңа шыңға көтерер саяси реформаларды да өте асығыстықпен, күшпен, зорлықпен жүргізді». Сондықтан мұның бәрі елде революциялық дағдарыстың  онан әрі өрлеуіне, халық бұқарасының патша өкіметін қыспаққа алуын күшейтуге әкеліп соқты.

Ғалым 1916 жылы бүкіл Орталық Азия мен Қазақстанды қамтыған көтеріліс туралы да жаңа көзқарас танытты. М. Қозыбаев: «1916 жылғы ұлттық қозғалысты ұзақ жылдар бойы зерттеушілер көтеріліс деп бағалап келді. Көтерілген халық қозғалысқа бірте-бірте дем берді, таудан аққан селдей ол бір-біріне жалғасып, жайыла берді, тайфундай сытырлатып, күтірлетіп теңселтті. Басқаша айтқанда, ол бір жерде болған көтеріліс емес, сериялы көтерілістер, көтеріліс шеңберінен шығып, төңкеріс дәрежесіне көтерілді. «Бұл жай бұрқ етіп көтеріліп, жалп етіп сөнген бір қас қағым сәттік көтеріліс емес. Ғасырлар шері қатпарланып, халықты қайыстырып, туған елді тастап, шекара асып, ауып кетуге дейін шешім алған халықтың шешуші қадамы – төңкеріс», – деп жазды.

Айтылғандардан өзге Манаш Қабашұлының басшылығымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар туралы 60 томнан асатын «Зерде кітабы», саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 5 томдық «Азалы кітап», көпшілік қауымға арналған «Иллюстрированная история Казахстана» басылып шықты.

О.Х. Мұхатова,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 
бас ғылыми қызметкері

Тарих ғылымдарының докторы, профессор 

Барлық жаңалықтар