00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

ҰАК қорына Шора Сарыбаевтың 5 мыңнан астам кітабы табысталды

24.02.2023 | 17:11
Елорда ақпарат
49

Іс-шараның мақсаты – еліміздің ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түркі дүниесінде өзіндік орын алуына елеулі еңбек сіңірген академик Шора Сарыбаевтың тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғибратты ғұмырын болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету және насихаттау. Ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметіне оқырмандардың қызығушылығын ояту.

Ғылыми жиынға БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева, Парламент депутаттары Қазыбек Иса, Дархан Мыңбай, Әмірхан Рақымжанов, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Сейіт Қасқабасов, Уәлихан Қалижан, Бауыржан Омаров, Дархан Қыдырәлі, Кәрімбек Құрманәлиев, Шерубай Құрманбайұлы, сондай-ақ жоғары оқу орындарының профессорлары, докторанттары мен магистранттары қатысты.

«Шора Сарыбаевтың қазақ ғылымына сіңірген еңбегін институт ұжымы мақтанышпен айтамыз. Себебі ғалымның еңбек жолы – адалдықтың үлгісі. Ағай аспирантурасын бітіргеннен кейін, сонау 50-60-жылдардан бастап табан аудармай А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет етті. Шора Шамғалиұлының ғылыми мұрасы бір ғана бағытта емес. Екінші мақтанатынымыз – ағайдың жан-жақтылығы. Қазақ руханиятындағы жастар, жас зерттеушілер үшін Шора Сарыбаевтың еңбектері – үлкен мұра. Өйткені ғалымның бүкіл өміріндегі кредосы «Дүниеде ұсақ ештеңе жоқ. Ұсақ нәрсенің барлығы ұлының бөлшегі» деп бәріне өте мән беріп қарайтын. Сондықтан да шығар, ол кісі қазақ тілтану ғылымында жарық көрген барлық еңбектерді тіркеп, жинақтап жүретін. Міне, бүгін қаламгердің артындағы мол мұрасы ескерусіз қалмай, елорда төріндегі еңселі кітапхананың қорын толтырып жатыр», - Анар Фазылжанова.

Ғалымның ұрпағы Қайрат Сарыбай қаламгердің өмір бойы жинастырып құрған жеке кітапханасын Ұлттық академиялық кітапхана қорына сыйға тартты. 5 мыңнан астам қазақ тіл білімінің диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, тағы басқа салаларына арналған ғылыми зерттеу еңбектері кітапхана қорына табыс етілді.

Көктем Қарқын

Барлық жаңалықтар