00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

«Таксидермия өнерін біреуге үйреткім келеді, бірақ…» - Роман Кузьмин

24.02.2023 | 17:03
Елорда ақпарат
75

– Роман, таксидермия тәуір кәсіп пе? Өзіңіз мұнымен қашаннан бері айналысасыз? Қалай меңгердіңіз?

– Таксидермия – ТМД елдерінде қолөнер. Өйткені ол шеберден-шеберге ғана өтіп отырады. Ал арнайы мамандығы тек АҚШ-та бар. Онда таксидермия университеттерде оқытылады. Одан басқа еш жерде оқытылмайды. Мен таксидермиямен 1993 жылы Алматы хайуанаттар бағында Евгений Родионовтың жанында жүріп айналыса бастадым. Ол – өткен ғасырда белгілі таксидермист М.Заславский негізін қалаған, таксидермияның Кеңес Одағына әйгілі ескі мектебінің өкілі. Бақытыма орай, 1995 жылы бүгінде әлемдегі ең жақсы таксидермистердің бірі, таксидермия бойынша Еуропа мен әлемдегі бірден-бір чемпион, литвалық шебер Кястас Бибартаспен кездестім. Содан ол мені Литваға оқуға және Каунастағы Тадас Иванаускас мұражайында жұмыс істеуге шақырды. Сол жылы, яғни 22 жасымда қуана-қуана барып, Литвада керемет шеберлермен жұмыс істедім. Одан кейін 2004 жылы Мәскеуге оқуға барып, Ресейдің ең жақсы таксидермисті Александр Соколовтың қасында біліктілігімді арттырдым.

– Таксидермиямен айналысу үшін аңшы, хирург, тігінші, шебер болуың керек. Сондай-ақ тағы қандай қасиеттерді талап етеді?

– Иә, мұнымен айналысу үшін алдымен аңшы болуың керек. Сонымен қатар жануарлар мен құстардың анатомиясын білу үшін бойыңызда мүсіншілік, суретшілік қабілет те болуы шарт. Ең бастысы, шын қалауыңмен айналысып, қыр-сырын өмір бойы үйрену маңызды. Былғары ісін, яғни жануарлардың терісін өңдеуді зерттеп-зерделеп алған абзал.

– Таксидермияға қай құралдар пайдаланылады? «Тірі тұлып» жасаудың машақаты қандай?

– Әлгінде айтып өткенімдей, ол үшін былғары ісін, жан-жануардың анатомиясын білу керек және көркемдік көзқарас болуы тиіс. Қазір оған қажетті түрлі қоспалар адам денсаулығына зиян емес. Мәселен тон, тымақ сынды киімдерге де аң терісін өңдеу үшін қолданылып жүр ғой. Сонымен қатар сапалы жануар немесе құс жасау үшін полиуретанды манекендер пайдаланылады. Ал анатомиялық тұрғыдан дұрыс мүсіндер, шыны немесе пластикалық көздер Ресейде және Еуропада жасалады.

Бір құстың немесе аң-жануардың көшірмесін жасауға қанша уақыт кетеді?

– Мысалы, теріні алғашқы өңдеу мен дайындауды есептемегеннің өзінде, тек құстың тұлыбын қалпына ұқсатып жасау үшін үш күннен бір аптаға дейінгі уақыт кетеді. Ал жануарлардың тұлыбы бір ай және одан да көп уақытты алады.

– Аң-құстардың тұлыбына кімдер тапсырыс береді? Шамамен күніне, айына қанша пайда түседі?

– Көбіне сол олжаларын сақтап қалу және аң аулаған уақытын еске түсіру үшін аңшылар тапсырыс береді. Бұл – аңшылық мәдениетінде бар дәстүр ғой. Ежелден адамдар өз үйлеріне терілерді, қабыршақтарды, аулаған жануарлардың мүйіздерін іліп, аң терісінен сырт киім мен аяқкиімдер тігіп келген дегендей…

– Қосымша жұмыс істемей, тек осы саламен пайда табуға бола ма?

– Бұл – бизнес емес, қолөнер. Сіз мұның бәрін қолыңызбен жасайсыз және одан көп ақша таба алмайсыз. Біз АҚШ немесе түзден олжа алу жағы қатты дамыған Еуропада емеспіз. Қазақстанда таксидермистер бар, алайда бұған тым аз адам мән береді. Мен өз тәжірибеммен бөлісіп, біреуге үйреткім келеді. Өкінішке қарай, бұл саладан әлі ешқандай келешек көріп тұрған жоқпын. Ал пайда жағына келсек, адам ең алдымен бұл қолөнермен «ауырып», қанша ақша табатынын емес, не істейтінін ойлауы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Еркеғали Бейсенов

Барлық жаңалықтар