00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Астана жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада үшінші орында тұр

Елорданың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқаты жыл сайын жақсарып келеді. Соның ішінде құрылыс пен сауда-саттықта, қызмет көрсету салаларында елеулі өзгерістер бар. Әрбір қаланың экономикалық тұрғыда дамуы сол елдің жалпы ішкі өнімінің деңгейін анықтайды. Биыл Астананың ЖІӨ-дегі өңірлік үлесі 9 пайызды құрап, республика бойынша 3-орынға табан тіреп отыр, деп хабарлады Elorda.info  тілшісі.

Осыдан бір жыл бұрын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынды. Әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, Мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру жобаның басты мақсаты. Осы орайда Астананың да ұлттық жоба шеңберінде даму көрсеткіші артып келеді.

Биылғы 1 қарашадағы дерек бойынша, елордада 1 340 800 адам тұрады. Бұл бағытта өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 9,5 пайызға өсу динамикасы байқалады. Ал жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдық бойынша 3 600.0 млрд теңгені құрады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық.

Жалпы ішкі өнімнің экономикаға белгілі бір дәрежеде қатысы бар. Ол қаладағы есепті мерзім ішінде өндірілген түпкі тауар мен қызметтің жиынтық нарықтық құнын білдіреді. Жалпы өңірлік өнім инвестиция, өнеркәсіп, баға тұрақтылығы, жұмыссыздық пен орташа жалақы көлемі, мемлекеттік бюджет арқылы анықталады.

Елордада соңғы 10 айда өнеркәсіп өнімін шығару көлемі 1 506,9 млрд теңгені құраған. Тамақты қайта өңдеу саласы бойынша көрсеткіштер де жаман емес. Мысалы, соңғы 10 айда 1 662 тонна макарон, 97 658 мың тонна ұн, 13 207 мың тонна нан, 22 643 мың тонна шұжық өнімдері дайындалған. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шамамен 5-6 пайызға артық.

Қазақстанда биыл өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 101,4%-ды құрады. Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 13 өңірінде тіркелді, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш төменірек. Ал Астана қаласында құрылыс үшін құрастырмалы конструкциялар элементтері, тазартылған алтын өндірістерінің ұлғаюы есебінен өнеркәсіптік өндірістің индексі 101,2%-ды құрады.

Бас қала инвестиция бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Биыл инвестициялар көлемі 1020,9 млдр.теңгені құрады. Астана қаласының республикалық көлемдегі үлесі 9,1 пайызды құрайды. Соңғы 10 айда 33 409 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 26 мың орын шағын бизнес саласында ашылды. Елордадағы шағын және орта кәсіппен айналысатын 191,1 мың адам бар, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға артқанын аңғартады.

Қазан айындағы баға индексі өткен жылмен салыстырғанда 119 пайызды құрады. Яғни, бұл азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтердің сәл қымбаттағанын көрсетеді.

Елордада биыл орташа еңбекақы 18 пайызға артып, орташа жалақы көлемі 387 744 теңге болды. Мемлекеттік бюджетке 1 634,5 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. 1 қарашадағы жағдай бойынша қаланың түзетілген бюджеті 915,4 млрд теңгені құрайды. Әлеуметтік сала іс-шараларына 272,5 млрд теңге көзделген. Оның ішінде денсаулық сақтауға – 24,8 млрд. теңге, білім беруге - 184,1 млрд.теңге бөлінген.

Биыл қалада 14 мың абонент газға қол жеткізді. 140 млрд теңгеден астам инвестиция салатын 36 жоба іске асырылып жатыр. Соңғы жылдары қала тұрғындарына арналып 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абанттандырылды. Әлеуметтік нысандар мен мектеп салу үшін жер учаскелері белгіленді. Қолға алынған барлық жобалар қаланы тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз етеді. Өңірлердің қуатты болуы қашан да тұтас елдің қуаттылығына септігін тигізеді.

Барлық жаңалықтар